Мектептегі әдебиет пәні -оқушы санасында патриоттық ұғымды қалыптастыру құралы

Раздел Другое
Класс 9 класс
Тип Другие методич. материалы
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Сүлейменова Дәния

Астана қаласы №73 мектеп -

дің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің

мұғалімі.

Мектептегі әдебиет пәні -оқушы санасында патриоттық ұғымды қалыптастыру құралы

Әдебиет-тәрбие құралы. Әдебиет пәнінің мектептегі оқу-тәрбие ісінде атқарар міндеті орасан зор. Пәннің маңыздылығы сол- оқушыға теориялық біліммен қатар рухани тәрбие беретін бірден-бір пән болып табылады.

Л. Толстойдың сөзімен қатар «әдебиет- өмір айнасы», яғни, өмірді танытушы.Сонымен бірге біз әдебиетті адамтану ғылымы деп атаймыз.Әдебиет адамды танытып қана қоймайды, адамды адамгершілік құндылықтарға тәрбиелейді.

Ауыз әдебиетіндегі сонау ертегі, батырлар жырынан бастау алатын көркем туындылардағы сан алуан ұнамды, ұнамсыз кейіпкерлердің іс-әрекеттерін оқи отырып, жас жеткіншек оның жамандығынан жиреніп, жақсылығынан үйренеді.

Әдебиет-кез-келген халықтың көркем тарихы. Әдебиет қоғамды, тарихты тарих пәнінен гөрі сол өткен тарихтың ұмыт қалған қатпар -қатпар қалтарыстарын терең ашып береді. Бұған белгілі жазушы І. Есенберлиннің «Алтын Орда», «Көшпенділер» романдарын мысалға алсақ та жеткілікті. Бұл-тұтас мыңжылдық тарихымызды кеңінен баяндаған ғажайып көркем туынды.

Ш. Айтматовтың «Боранды бекет» романында бір ғана Жоламан атты кейіпкер арқылы сонау 60-70 жылдары тоқырау кезеңінде өзінің өткенін ұмытып, ұлттық болмысы көмескілене бастаған қазақ халқының басындағы трагедиялық халді айқын бейнелеп берді емес пе!?

Әдебиет пәнінің тағы бір маңыздылығы кез-келген ұлттың , халықтың бет-бейнесі сол халықтың әдебиетінде көрініс табады.

Л. Толстойды оқымай орыс өмірін, Тагорды оқымай үнді тіршілігін, Бальзакты оқымай француз тұрмысын білу мүмкін емес.Осы тұста камерун жазушысы Б.Матип сөзін мысалға келтіруге болады. «Бұл қазақтар -неткен ғажайып халық! Осы кереметтік Мұхтардың «Абай» романында қандай тамаша суреттелген!»

Бүгіндері белгілі бір мемлекет, ел, халық өзін сырт әлемге таныту мақсатында туған әдебиетіндегі есімі мәшһүр әдеби кейіпкерді таңдап алып, соған ескерткіш орнату үрдісі етек алған.Мысалы, Испаниядағы Сервантестің атақты кейіпкерлері: Дон Кихот пен Санчо Пансо ескерткіштері, Өзбекстанның Бұхара қаласындағы Қожанасырға орнатылған ескерткіш.

Көркем әдебиеттегі жекелеген кейіпкерлердің өзі-ақ бүтін бір халықтың болмысын танытып тұрады екен.Міне, әдебиеттің елдің елдігін танытудағы, отаншылдыққа тәрбиелеудегі орасан зор маңызы мен міндеті осыдан байқалады.

Жалпы, мектеп қабырғасында жас жеткіншектерді отансүйгіштік, патриоттыққа, елін, жерін сүюге тәрбиелеуде әдебиет пәнінің атқаратын қызметін шексіз деп айтуға болады.

Халқымыздың тамаша отаншылдық дәстүрлері сонау Алпамыс батыр, Қобыланды батыр жырларынан бастап, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясына дейінгі көркем шығармаларда айқын суреттелген.

Мен өзімнің әдебиет пәні сабақтарымда белгілі бір тақырыпты оқыту арқылы ең әуелі шәкірт бойына ұлттық мақтаныш сезімін тудыруға тырысамын.

Біздің ұлы бабаларымыз әлемдік мәдениет пен өркениетке қаншалықты үлес қосты. Әдебиетімізде әлемдік әдебиеттің асыл үлгілерімен теңесе алатын ғажайып туындылар бар. 2000 жылдық тарихы бар «Қозы Көрпеш- Баян сұлу» қазіргі таңда барша дүниеге таныс Шекспирдің «Ромео-Джульеттасынан» несі кем. Бұл жырдың мазмұнына кезінде орыстың ұлы ақыны А.С. Пушкин аса іңкәр болып, оны жазып алып, өзінше шабытпен жырламақ болғаны бәрімізге аян.

Халқымыздың сонау есте жоқ ескі замандардың өзінде-ақ төл жазуы болып, өнер мен мәдениеттің биік сатысына көтерілгенін айғақтайтын «Күлтегін» жазба ескерткішін қалай мақтаныш тұтпаймыз.

Бүгіндері ел мақтанышына айналып, төрткүл әлемге мәлім болып отырған, Отырардан шыққан, «Екінші ұстаз» атанған әл-Фараби , ғылым тарихында тұңғыш тілдердің түсіндірме сөздігін жасаған М.Қашқари, Ж. Баласағұни есімдерін, еңбектерін өз сабақтарымда үнемі ауызға алып отырамын.

Француз жазушысы Луй Арагонның «Эпикалық роман «Абай», менің ойымша ХХ ғасырдың ең үздік шығармаларының бірі» деген жүрекжарды лебізінің өзі неге тұрады.

Ал енді өз сабақтарымда отаншылдыққа тәрбиелеуде мынадай маңызды тақырыптарда айрықша көңіл бөлемін.

Мысалы, 6- сынып бағдарламасында «Күлтегін» жырының үзінділерінен кейінгі ұрпақты, яғни, бізді ауызбірлікке, отаншылдыққа шақырған ұлы бабаларымыздың сонау ғасырлар түкпірінен жеткен асыл аманатын естігендей боламыз.

Сонымен бірге желмая мініп еліне бақыт әкелер «жерұйық» іздеген Асан қайғыдан бастау алатын әдебитіміздегі «жыраулар поэзиясы» Отаншылдыққа, патриоттыққа тәрбиелеудегі тамаша тақырыптар.

Мәселен, жыраулар поэзиясындағы Қазтуған жыраудың Еділмен қоштасқандағы айтқан толғауы туған жерге деген махаббаттың ғажайып үлгісі ғой.

Қазтуған:

«....Кіндігімді кескен жұрт,

Кір-қоңымды жуған жұрт...»

немесе «....Қайран менің Еділім,

Мен салмадым, сен салдың ,

Қайырлы болсын сіздерге,

Менен қалған мынау Еділ жұрт».

Махамбеттің «Еділдің бойы ен тоғай,

Ел қондырсам деп едім.

Жағалай жатқан сол елге ,

Мал толтырсам деп едім»,-

деп келетін ұлт намысын қайраған жалынды жырлары, отарлық бұғауға түскен қасіретін жылай- жырлап кеткен кешегі «зар заман» ақындары Шортанбай, Дулат, Мұрат ақындардың жырлары, «Қалың елім,қазағым,қайран жұртым...» деп күңіреніп өткен Абай шығармалары оқушыларды Отансүйгіштікке тәрбиелеудегі аса маңызды тақырыптар.

ХХ ғасыр әдебиеті бойынша Ж.Аймауытов, М. Дулатұлы, А. Байтұрсынұлы, Б. Бұлқышев, Қ. Аманжолов, М. Мақатаев, Қ. Мырза-Әли шығармалары да патриоттыққа баулудың биік үлгілері.

Отансүйгіштікке, патриоттыққа тәрбиелеуде бүгіндері нағыз ұлт ақыны деп танылып отырған Мағжан Жұмабаев туындыларын өз сабақтарымда ерекше назарға аламын.

«Сүйемін» деген өлеңінде:

«Алаш деген елім бар,

Неге екенін білмеймін-

Сол елімді сүйемін!....

Сарыарқа деген жерім бар,

Неге екенін білмеймін-

Сол Арқамды сүйемін»,-деп,

ақын өзінің туған еліне , жеріне деген сүйіспеншілігін ыстық жүректен шыққан жүрекжарды сөздермен жырлайды.

Мағжанның «Түркістан» өлеңі- елім, жерім деп соққан ақын жүрегінің қайнарынан төгілген отаншылдық жырдың шынайы да шебер үлгісі.

Ал, «Батыр Баян» поэмасын алсақ, бұл туынды шәкірттерді патриоттыққа ,ерлікке тәрбиелеудің бірегей үлгісі.

Поэмадағы Батыр Баянның кейінгі ұрпаққа сабақ болсын деп, Отан үшін, алты Алаштың намысы үшін жалғыз бауырын құрбан етуі отансүйгіштіктің ғажайып мысалы емес пе.

«Құл болып бір қыз үшін болдырғаны,

Алашқа бұдан да ауыр шер бола ма?» -

дейді ғой өз сөзінде Батыр Баян.

Әлем әдебиетінен осы «Батыр Баян» поэмасымен үндес отаншылдық сарынды орыс жазушысы Гогольдің «Тарас Бульба» шығармасынан да кездестіруге болады.

Ал, енді әлем әдебиеті бойынша да отаншылдыққа, патриоттыққа тәрбиелейтін маңызды тақырыптарға ерекше назар аударамын.

Авар халқының әйгілі ақыны Расул Ғамзатовтың тұла бойы отаншылдық нәрімен сусындаған мына бір өлең шумақтары бойыңа керемет рух бітіреді.

«Өзге бір тіл емдер басқаларыңды,

Мен онымен айта алмаймын әнімді.

Егер тілім ертең болса құрымақ,

Мен дайынмын өлуге де бүгін- ақ».

М.Горькийдің «Халқын сүйген жүрек» әңгімесіндегі Данконың адасқан халық үшін жас жүрегін құрбан етуі отансүйгіштіктің мәңгілікке сабақ боларлықтай биік үлгісі.

Сонымен қатар қазіргі таңда барша адамзаттың ортақ қазынасына айналып отырған көне гректің «Одиссеясы» мен «Илиадасы», үнді жұртының «Махабхарата» дастаны, қырғыздың «Манасы», Шекспир мен Гетенің , Омар Һаямның өлмес жырлары, Толстой мен Пушкин еңбектері секілді әлемдік мәдениет пен әдебиеттің асыл туындыларын үнемі тілге тиек етіп, шәкірт санасына ұялатып отыру менің әдебитші мұғалім ретіндегі парызым деп ұғамын.

Осы әлемдік мәдениет пен әдебиетті терең тану арқылы ғана оқушы бойында жалпыадамзаттық құндылықтарға деген шексіз құрмет сезімі пайда болмақ.



© 2010-2022