• Преподавателю
  • Другое
  • Доклад на тему: Қазіргі таңдағы мектеп тәжірибесінде пайдаланылатын формативті және жиынтық бағалаудың ерекшеліктері

Доклад на тему: Қазіргі таңдағы мектеп тәжірибесінде пайдаланылатын формативті және жиынтық бағалаудың ерекшеліктері

Раздел Другое
Класс -
Тип Другие методич. материалы
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Қазіргі таңдағы мектеп тәжірибесінде пайдаланылатын формативті және жиынтық бағалаудың ерекшеліктері

Байтохина Асемгуль Турмаганбетовна

Нуганова Алия Гиззатовна

Өрлеу» АҚ БАҰО Ақтөбе облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты Деңгейлік бағдарламалар орталығының тренерлері

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының стратегиялық бағыттарына сәйкес білім беру жүйесін дамыта отырып, әлемдік білім кеңістігіне ықпалдастырудағы негізгі бағдар - адамды қоғамның ең маңызды құндылығы ретінде танып, оның рухани жан-дүниесінің дамуына, көзқарастары мен шығармашылық әлеуетінің, танымдық біліктілігі мен мәдени құндылықтарының жоғары деңгейде дамуына, жеке тұлғасының қалыптасуына жағдай жасау.[1]

Қазіргі таңда әрбір мұғалімнің жеке жетістіктерін мектеп тәжірибесіне формативті бағалау тәсілдерін енгізу міндеті маңызды мәселенің бірі болып тұр. Бағалаудың бұл түрінің қалыптастырушы болып аталатындығы - бағаның нақты бір оқушыға, оның білім мазмұнын меңгерудегі кемшіліктерін анықтауға және өзіндік орнын барынша тиімді толықтыруға бағытталғаны. Мұғалім бұл бағалау әрекеті арқылы пәнді меңгерудің мақсатын нақты анықтай алады. Оқушының өткен тақырыптарды біртұтас, үйлесімді сурет түрінде елестетуіне, нәтижені бақылаудың сәйкес тәсілдерін өзі анықтай білуіне, жоғары деңгейге жетуге ынталануына ықпал ете алады.

Сыныптағы бағалау тек техникалық тәсіл емес. Мұғалімдер жазбаша немесе ауызша түрде баға қою жолымен бағалайды. Олар қолданатын кез келген нысанның артында объективті немесе жеткілікті дәрежеде объективті емес нормалар мен стандарттар ғана емес, сондай ақ баланың дамуы, оқуы және ынтасы туралы түсінік, сонымен қатар өзі - өзі бағалау, қабілеттік және күш - жігер сияқты ұғымдарға қатысты құндылықтар жатады. ( Александр 2001) [56 б]. [2]

Бағалау - одан арғы оқу туралы шешімді қабылдау мақсатымен оқытудың нәтижелерін жүйелі түрде жиынтықтауға бағыталған қызметті белгілеу үшін қолданылатын термин. Білім сапасын көтерудің бір үлкен көрсеткіші - бағалау. Бағалаудың белгілі екі түрі бәрімізге аян. Ол оқушыны бағалау және оқушының өзін - өзі бағалауы. Бұл бағалаудың білім сапасын көтеруде мәні өте зор. Оқыту үшін бағалау - бұл білім алушылар өздерінің оқудың қандай сатысында тұрғанын, қандай бағытта даму керек және қажетті деңгейге қалай жету керек екендігін анықтау үшін оқушылар және олардың мұғалімдері қолданатын мәліметтерді іздеу және түсіндіру үдерісі.
Оқуды бағалаудың мақсаты, керсінше, оқушы қазіргі уақытта не оқып білгенін жинақтау болып табылады. Негізінен, ол тікелей келешек оқытуға бағыталмаған, бірақ маңызды мәні бар тестілеу оқыту үдерісіне кері әсерін тигізуі мүмкін (Assessment Reform Group, 2002 ).[3]. Бағалаудың екі түрі бар: формативті (оқыту үшін бағалау) және суммативті (оқуды бағалау).
Формативті бағалаудың мақсаты - оқу материалын меңгергендігі жөнінде объективті ақпарат алу, білім алушының кемшіліктерін дер кезінде анықтау, мұғалім-оқушы арасында кері байланысты орнату. Формативті бағалаудың ерекшеліктері - оқушының күнделікті білім сапасы; білім алудағы олқылықтарды күнделікті түзеу; «5» балдық бағалау жүйесінің жақсы қасиеттерін сақтау; оқушының қиындық тудыратын сұрақтарын анықтау және оны жою; оқушының бағалаудан алған эмоционалды негативінің азаюы, психологиялық жайлы ортаның болуы; бағалаудың объективтілігі, анықтылығы және ашықтығы; өзін-өзі бағалау дағдылары.

Формативті бағалау оқушылардың қай кезеңде, қай бағытта екенін анықтау және одан да зор жетістікке қалай жету керектігін жоспарлау үшін қолданылады. Формативті бағалау күнделікті сабақта үлкен роль атқарады, себебі күнделікті оқу жетістіктері мен кері байланыс оқушыларға өз оқуы туралы қортынды жасауға және нәтижені жақсарту үшін керекті шешім қабылдауға ықпал етеді. Формативті бағалау оқушының әр сабақтағы іс - әрекетін бағалайды. Бұл жерде оқушының сабақтағы белсенділігі, еркін өз ойын білдіруі, сыныптастарына көмектесуі, бірлесіп жұмыс жасауы т.б. Формативті бағалау баға қоюмен жүзеге асырылмайды. Мақтау, мадақтау, жылы шырай таныту, қолдау көрсету, ынталандыру формативті бағалаудың түрлері болдып табылады. Формативті бағалау оқыту кезеңінде күнделікті қолданылады және сабақ барысында оқушылардың оқу танымдық әрекетіне басшылық жасайды. Формативті бағалау мұғалімнің жалпы немесе жекелеген оқушылар жұмысына жүйелі түрде бақылау жасау көмегімен жүргізіледі. Бағалаудың бұл түрі оқушылардың сынып немесе үй тапсырмаларын өз бетінше орындауға деген ниеттері мен берілген тапсырманы орындауға деген олардың қызығушылығы мен жауапкершілік сезімін ынталандыруда үлкен маңызға ие болады.

Формативті бағалауда мұғалім жұмысты қадамдап жоспарлап, табысқа жету алгоритмін құра білуі керек. Сондықтан қадамдап жоспарлау кезінде оқу материалының аралық деңгейін анықтау мақсатында, бағдарламалық материалды қайталауда әрі қорытындылауда формативті бағалау техникасын орынды жоспарлап, қолданған жөн. Осы уақытқа дейін көптеген мұғалімдердің, оқушылар мен олардың ата-аналарының тәжірибесінде бағалау оқыту мен сабақ беру үдерісінен кейін болған. Бүгінгі күні бағалау сабақ беру мен оқытудың ажырамас бөлігі болып табылатыны туралы идея мұғалімдердің түсінігіне елеулі өзгерістерді талап етеді, алайда бұл оқыту үшін бағалауды болжайды.

Формативті бағалаудың тағы бір маңызды компоненттерінің бірі - кері байланыс әрекеті деуге болады. Кері байланыс әрекеті ауызша және жазбаша түрде жүзеге асырылады. Бұл әрекеттің қай түрі болмасын, мұғалімнің нені жақсы орындағанын белгілеп отыруы тиіс. Қателіктер болған жағдайда мұғалімге өзінің жұмысын жақсартуға байланысты нақты ұсыныс бере алады. Кері байланыс - бұл оқушының жеке жетістіктері мен білім алудағы олқылықтарды сезінуіне және өз іс-әрекетіне өзгерістер енгізуге көмектесетін, алға жылжуға бағыттайтын нақты ұсыныстар үшін алынған ақпараттар.[4]
- Кері байланыс. Мұғалім оқушының проблемаларын түсініп, оны шешу жолдарын ұйымдастырады. «Блиц-сауалнама» стратегиясы бойынша: «Не? Қайда? Қашан? Кім?» -деген қысқа сұрақ - жауап әдісі. Осы арқылы оқушылардың тез еске түсіріп, жылдам әрекет ету, қаншалықты сабақты түсінген деңгейлерін де бақылауға болады.

Әр мұғалім сабақ барысында оқушылардың кез-келген сабақтың соңында міндетті түрде қандай әсер алғанын анықтау үшін рефлексия жасатып, оны стикерге жазып ілдіру, эссе жазғызу, "Екі жұлдыз, бір тілек", «Қосу, алу, қызықты», «Білемін, үйрендім, білгім келеді...» әдістерін және смайликтерді қолдану арқылы қалыптастырушы бағалау жүргізіп отыруы қажет. Мектеп тәжірибесінде жеке тұлғаның шегініс жасау арқылы күнделікті әрекетіне бағалау жасайтын жеке бас күнделігінің болуының да маңызы зор. Бұл күнделіктің ересек жастағы оқушылардың дамуы мен өсіп-жетілуі жөнінде көп мәліметтер берері сөзсіз. [4]

- Уәж. Ақпаратты таңдау және іріктеу арқылы, шығармашылық тапсырмаларды орындау арқылы қызығушылығы артады.
Қазіргі таңда "бағалау" деген сөзді естігенде мұғалім қауымының құлағы селт етпей кетпесі анық. Олай дейтінім, бүгінгі кезеңдегі иновациялық бағыттағы яғни білім беру ісін тереңдету мақсатында жүргізіліп жатқан біршама жаңарудан кейін, әр мұғалім оқушыларды бағалау тәжірибесінде әр қилы өзіндік жаңалықтар енгізуде. Балаларды ынталандыруда тәуекелге барып, оқушылардың жауаптарын жоққа шығармай, қателерін өзіне түзету арқылы және бағалау критерийлері арқылы әділ бағалауға қол жеткізудің мұғалім үшін де, оқушы үшін де тиімділігін ұғынып, аз уақыттың ішінде болса да бағалау түрлерін тәжірибеде пайдаланып, оң нәтижелерге қол жеткізуге болады. Барлық сабақтар барысында формативті бағалаудың келесі түрлерін қолдандануға болады:

- Қол белгісі немесе "Сұқ саусақ" арқылы бағалау;

-Шапалақтау немесе мадақтау;

-Стикерге бағалау;
- " 2 жұлдыз, 1 ұсыныс";
- "Мақсат ағашы" арқылы бағалау;
- Өзін - өзі бағалау;
- Жұпта бірін -бірі бағалау;
- Топта бірін - бірі бағалау.

- критерии арқылы бағалау. т.б

Бағалау критерийі - дегеніміз ұсынылған талаптарға сәйкес бір нәрсені бағалау бойынша шешім қабылдау ережесінің негіздемесі. Әр критерийдің дескрипторлары (әрбір нақты жұмыс үшін) болады, онда тапсырмасының орындалу нәтижесінің дұрыстығы туралы нақты түсінік беріледі. Дескрипторға сәйкес бағалау қойған мақсатына жетуін анықтайды.

-Оқытудың қиындығын анықтау. Деңгейлік тапсырмалар беру арқылы жауап деңгейлеріне, сабақ барысындағы белсенділіктеріне сай деңгейлік тапсырма беру арқылы бағалау парағына өз - өздерін бағалату.

Суммативті оқыту, керсінше, оқушылардың осы кезеңге дейін оқығанын қосып бағалау немесе білім деңгейі мен оқу дағдыларын анықтау үшін қолданылады. Суммативті бағалау әр түрдегі оқытудың жиынтық жұмыстарды орындау нәтижесі бойынша жүргізіледі (тесттер, сынақтар, бақылау жұмыстары және т.б). Егер бағалау мақсаты баға қою, сертификаттау немесе алға жылжуын тіркеу үшін оқыту қорытындысын шығару болса, онда өзінің функциясы бойынша бағалау жиынтық болып табылады және кейде оны оқытуды бағалау деп те атайды. Суммативті бағалау белгілі бір уақыт аралығындағы оқушының алған білімін тексеру болып табылады. Қорытынды баға формативті және суммативті бағалаудың қосындысының нәтижесінде шығарылады.[3] Бағалаудың мақсаты неде? Бағалау мақсаты әр мұғалімнің бағалауды қандай мақсатта және кім үшін, қалай өткізуі керек екендігі туралы түсінігіне негізделеді.

Қорыта келе, Теодор Сайзердің «Баға беру және есепке алу - керемет мақсаттар. Білім алу үдерісіне кедергі тигізбейтін және біздің жан салып жасап жатқан ісімізге пайдалы да әділ баға беретін жүйе...» дегендей, формативті (қалыптастырушы) бағалау дұрыс ұйымдастырылған жағдайда мұғалімге олардың іс-әрекеттеріне байланысты түсінік, ұсыныс т.с.с. бере отырып, жүйелі түрде кері байланысты қамтамасыз етеді. Кері байланыстың әсерінен мұғалімдер өздерінің оқу үдерісін ұйымдастыруға белсенді қатысады. Ол үшін мұғалім оқушылардың оқу нәтижелерінің өзгеруіне байланысты оқыту және оқудың жаңа әдіс-тәсілдерін, техникасын өзгертіп отыруы қажет. Мұндай бағалау жаппай тәжірибеде мұғалімнің қалыптастырушы бағалаудың теориялық негіздерін және оны ұйымдастырудың алгоритмін меңгерген кезде ғана жүзеге асады. [6]

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы, 2010.

2. Alexander, R., (2001). Culture and pedagogy. [Мәдениет пен педагогика] Wiley-Blackwell Assessment Reform Group, (2002а). Assessment for Learning: 10 Principles. [Оқыту үшін бағалау: 10 ұстаным] University of Cambridge Faculty of Education. (Нұсқаулық, )

3. Assessment Reform Group, (2002b). Testing, Motivation and Learning. [Тестілеу, қызықтыру және оқыту] University of Cambridge Faculty of Education.

4. Формативное оценивание на уроках математики. Практическое пособие для учителя/ Сост. Р.Х. Шакиров, М.Ф. Кыдыралиева, Г.Н. Сахарова, А.А. Буркитова. - Б.: «Билим», 2012. - 76 с.

5. Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін мектептері педагогтерінің біліктілігін арттыру курстарының Бағдарламасы, үшінші басылым, «НЗМ» ДББҰ, 2012

6. Мұғалімдерге арналған нұсқаулық, үшінші басылым, «НЗМ» ДББҰ, 2012



© 2010-2022