Урок по современному казахскому языку на тему Сөз тіркесінің түрлері

Раздел Другое
Класс -
Тип Другие методич. материалы
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Пән: Қазіргі қазақ тілі

Топ: 4ҚТӘ

Сабақтың тақырыбы: Сөз тіркесінің түрлері.

Мақсаты:

1) білімділік: сөз тіркесінің түрлерін теориялық тұрғыдан игерту;

2) дамытушылық: студенттердің тілін дамыту, өз пікірлерін басқаларға жеткізе алуға төселдіру;

3) тәрбиелік: курстастарымен бірлесе жұмыс жасауға бағыттау, студенттің өз бетімен білім алуына жағдай жасау.

Сабақтың түрі: Жаңаны оқып білу сабағы;

Сабақтың әдіс-тәсілдері: Сын тұрғысынан ойлау элементтері (Жигсо, ойашар), сұрақ-жауап, талдау-жинақтау;

Қолданылатын әдебиеттер:

1) Балақаев М... Қазіргі қазақ тілі. А., 1954 ж.

2) Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. А., 1975 ж.

Сабақтың барысы:

I Ой шақыру.

Сөз тіркесі, оның түрлеріне қатысты не білесіздер?

1) Жеке жұмыс

2) Жұппен жұмыс

3) Топпен жұмыс

4) Спикер қорғайды.

II Мағына ажырату. «Жигсо» стратегиясы бойынша топтағы студенттерді екі топқа бөліп, үй тобындағы студенттерді 1,2 деп санату. Сол бойынша топтау.

1-топ есімді тіркестермен, ал 2-топ етістікті тіркестермен жұмыс жасайды.

1) Жеке жұмыс

2) Жұппен жұмыс

3) Топпен жұмыс

4) Әрқайсысы үй тобында презентация жасауға керегін түйіндеп алады.

5) Үй тобына оралып, білгендерін бір-біріне ретімен айтып береді. Сұрақтар туындаса, қағазға түсіреді.

6) Тақырыпты қалай түсінгендерін сызба, таблица, сурет түрінде қағазға түсіреді де, спикер соңында қорғайды.

Ойашар (студенттер қағазға жылы лебіздерін жазып, бір-біріне лақтырады, оқиды).

III Ой толғаныс

1) Есімді және етістікті сөз тіркестерін қатыстыра отырып бірнеші сөйлем құрастыру.

2) Сөз тіркесіне қарай талдау жасау.

Қорытындылау, бағалау.

Таратылатын материал



Есімді сөз тіркестері қабыса, матаса және меңгеріле байланысады.

Есімді сөз тіркесінің басыңқы сөзі әр уақытта есім, көбінесе зат есім, болады. Зат есімдердің жетегінде айтылып, оларға бағынып тұратын сөздер де көбінесе есімдер болады. Ол есімдердің бірқатары сөз тіркесін құрау үшін өзара қабыса байланысады.

Қабыса байланысатын есімді сөз тіркесінің құрамы әр түрлі: оның бағыныңқы сыңары зат есім, сын есім, сан есім, сілтеу есімдігі, үстеу болады да, басыңқы сыңары зат есім, субстантивтенген сын, сан есімдер болады.

Бұларды жинақтап, зат есіммен қабыса байланысатын сөздерді сызбамен көрсетсек, былай болар еді:

зат есім жібек орамал

сын есім ақылды бала

сан есім зат есім тоғызыншы мектеп

есімше орындалған арман

сілтеу есімдігі мына қала

Осы сөз таптарының сөйлем бойында қолданысы төмендегідей болады.

М: Класта жиырма төрт оқушы сабаққа қатысуға тиіс (М. Иманжанов). Бөлмеге жаңа екі қонақ келіп кірді (С. Мұқанов). Олжабек үш жүздей жылқыны айдап келеді (Ғ. Мұстафин). Біз болсақ бес-алты қырқаны сыртынан бағып отырмыз (Ғ. Мүсірепов). [Үйде] сәлде киген біреу отыр (С. Көбеев). Оқуға ынталанбайтын жас бар ма қазір (С. Мұқанов).

Матаса байланысуды қиысудан бөліп қарау қазақ тілінің, сонымен қатар түркі тілдердің де, сөйлем құрылысында бар синтаксистік ерекшелікті дұрыс тануға себепкер болады. Олай етпей, ағаштың жапырағы, менің жолдасым дегендерді тек жақтық сандық қиысу тұрғысынан қарағанда, ондай топтағы басыңқының тұлғалануы ескеріледі де, ілік жалғауындағы сөздерді тәуелдеулі сөзге бағыныңқылық ыңғайда жұмсалатыны ескерілмеген болады. Шынында, олардың екі жағын бірдей ескеру керек.

Матаса байланысатын сөздер, негізінде, зат есімдер. Солай болған соң зат есім мағынасында не зат есім орнына жұмсалатын сөздердің бәрі сол тіркестің бірінші не екінші сыңары бола алады. Досболдың табысы, сенің уәдең, қойдың жүні, екінің бірі, жақсының шарапаты, жалқаулықтың кесірі.

Негізгі ереже бойынша, бір сөйлемде ілік жалғаулы сөз болса, сол сөйлемде онымен тіркескен тәуелдеулі сөз болады (және керісінше), бірақ ілік жалғаулы сөз айтылмауы мүмкін. (Біздің еліміз - еліміз; сенің жолдасың - жолдасың.) Матаса байланысқан есімді сөз тіркесі бар сөйлемдер: Абай ең әуелі әкесіне бармай, Күңкенің үйіне кірді. Оның тамаша күлкісі әрдайым сыңғырлап шығып... жұрттың бәрін еліктіріп отыр (М. Әуезов). Көзімнің қарасы, көңілімнің санасы, бітпейді іштегі ғашықтық жарасы (Абай). Сағындықтың қорылы... машиналардың гүрілі, ас үйдегілердің аяқ тықыры солғын естіліп тұр. Үш көрпенің екеуі қонақ астында, үш жастықтың екеуі қонақ шынтағында (Ғ. Мұстафин).

Меңгеріле байланысатын сөз тіркестерінің ерекшелігін олардың құралу тұлғасынан білеміз: бағыныңқы сөз барыс, шығыс, табыс, жатыс, көмектес жалғауларының бірінде болады да, басыңқы сөз сол жалғаудағы сөзді керек ететін етістік не есім болады. Осыдан меңгеріле байланысқан сөз тіркесі жасалады. Меңгеруші сөз жетектеуші де, меңгерілуші оның жетегіне еруші сөз болады. Септік жалғаулары сөзбен сөзді байланыстырумен қатар, түрлі-түрлі синтаксистік қатынасты білдіреді. Мысалы, барыс септігіндегі сөз бет алысты, бағытты, мақсатты, мезгілді т.б. білдіреді. Сондай мағыналық қатынастар тек жалғау жалғанған сөздердің әр түрлі болуынан ғана тумайды, тұтас сөз тіркестерінің қарым-қатынасынан туады. Жоғарыда аталған септік жалғауларын меңгеріп, түрлі-түрлі мағыналық қатынастағы сөз тіркесін құрайтын сөздер, негізінде, етістіктер болады. Солай болатындықтан меңгеріле байланысқан етістікті сөз тіркестері кең түрде жұмсалып, түрлі құрамды болып келеді. Оған қарағанда меңгеріле байланысқан есімді сөз тіркестері сирек қолданылады.

Меңгеріле байланысқан есімді сөз тіркестерінің бағыныңқы сыңарлары барыс, шығыс, жатыс, көмектес жалғауларының бірінде жұмсалады да, басыңқылары көбінесе баяндауыш қызметіндегі есімдер болады. Мысалы /Жерім/ малға бай. /Ол сөзге шорқақ. [Досан] комиссияға мүше. [Мен] саған кіммін? \Оның сөзі] маған түсініксіз. [Бұл ат] мінуге жақсы. [Бұл қылығың] өзіңе жаман.

Меңгеріле байланысқан есімді сөз тіркестері онша көп кездеспейді және барлық есімдер бірдей ондай сөз тіркесінің меңгеруші сыңары бола алмайды. Есімдердің ішінде көбінесе бастауыштың күйін, халін білдіретін сөздер есімді сөз тіркесінің басыңқысы болып жиі жұмсалады. Олар мынадай есімдер:

1. Сын есімдер. Негізінде, сөз тіркесінің бағыныңқы сыңары болатын сын есімдер баяндауыш қызметінде жұмсалғанда, есімді сөз тіркесінің басыңқы сыңары болып та айтылады. Бірақ олардың бәрі бірдей сөз тіркесін құрай алмайды: мысалы, заттың түсін білдіретін сын есімдер тек қардан ақ, қаннан қызыл, күйеден қара сияқты тіркес құрамында келеді, ал заттың ішкі-сыртқы сапасын білдіретін сын есімдер ондай құрамда әлдеқайда көп кездеседі, мысалы: өзіңе жақсы, маған түсінікті, тазалыққа жаман, ақшаға сараң, жусаннан биік.

Барыс, шығыс, көмектес, кейде жатыс септіктерінде айтылып, сын есіммен тіркесетін сөздер толықтауыштық қатынаста жұмсалады:

Жуас түйе жүндеуге жақсы. Қаршыға, бүркіт тазалыққа үйір, қарақұс, күшеген өлексеге үйір. (Мақал.) Өнімсіз іске шеп-шебер. (Абай.) Көңілсіз құлақ ойға олақ. (Абай.) Істегенің еліңе жақсы, үйренгенің өзіңе жақсы. Жақсы - ісімен жақсы. (Мақал.)

2. 3ат есімдер. Зат есімдердің ішінде ағаш, тас, көмір сияқты атаулардан гөрі күш, бай, мейрам, сын сияқты абстракт зат есімдер баяндауыш қызметінде сөз тіркесінің меңгеруші (басыңқы) бөлшегі болып көп жұмсалады:

Елім менің жерге бай, Айдынды шалқар көлге бай (Жамбыл). Қашпақ, қумақ - ерге сын, көшпек, қонбақ - жерге сын (Мақал). Сендер бір-біріңе қонақсыңдар (Ғ. Мұстафин). Білгенге маржан, білмеске арзан, надандар баһра ала алмас (Абай.)

Етістік сөз тіркестерінің грамматикалық діңгегі етістік болады да, соның негізінде басқа сөздер етістіктің маңына топтанады. Қазақ тіліндегі етістіктердің басқа сөздермен байланысуының ерекшеліктеріне қарай етістікті сөз тіркестері қабыса байланысқан және меңгеріле байланысқан етістікті сөз тіркесі болып бөлінеді.

Қабыса байланысқан етістікті сөз тіркестерінің құрамы әр түрлі болады. Етістіктер мен қабыса байланысатын сөздер: үстеулер, еліктеуіш сөздер, көсемшелер, сын есімдер, сан есімдер, жалғаусыз зат есімдер. Есімдіктердің ішінде сұрау есімдіктері ғана етістіктермен қабысу жолымен қалай оқиды? қанша сұрайды? қашан келеді? тәріздес сөз тіркестерін құрайды.

Үстеулер етістікті сөз тіркестерінің құрамында пысықтауыштық қатынаста, мезгіл, мекен, себеп, мақсат мағыналарда жұмсалады. Мысалы: Кеше қарындасым қаладан келді. Поезд тез жүріп келеді. Олар пештің үстінде отырып, қазақша кеңесті. Нәзік бел тал шыбықтай бұраңдайды. Кітапханалардың саны да үздіксіз көбейіп келеді.

Еліктеуіш сөздер қазіргі қазақ тілінде көбінесе көмекші не негізгі етістіктермен тіркес құрамында қолданылады. Мысалы, Самолет гүрс жарылып, от жайылып жүре берді. Жанат сылқ-сылқ күліп жіберді.

Көсемшелер - синтаксистік қызметі жағынан етістіктің үстеуге ұқсас бір түрі. Көсемшелердің етістіктермен тіркесуі олардың тұлғасы мен мағыналық үйлесіміне байланысты болады. Мысалы: Амантай орнынан ұшып тұрды. Әйгерім әнін Абай мүлгіп тыңдады. Абайды ұзақ жолға аттандырғалы жақындары тегіс далаға шықты.

Сын есімді сөз тіркестерін құрайтын етістіктер сан жағынан көп емес. Барлық сын есім етістікпен тіркесе бермейді, барлық етістікке сын есім бірдей қатысты бола бермейді.

Сапалық сын есімдердің ішінде мұндай сөздер етістікті сөз тіркестерінің бағыныңқы сыңары болады: жақсы, жаман, қатты, ұзын, т.б. Мысалы: Олар дойбыны өте жақсы ойнайды. Досы қатты сүйінген, дұшпаны жаман күйінген. Абай бұл түнді ұйқысыз өткізді.

Сан есімдер етістікті сөз тіркестерінің құрамында пысықтауыштық қатынаста қимыл процесін сандық сапа тұрғысынан пысықтайды. Мысалы: Жаңбыр бір жауса, терек екі жауады. Бейсен екі дүркін сөйлеп үлгерді. Үш адым алға кетті.

Зат есімдер сабақты етістіктермен қабыса тіркесу арқылы әрі мағыналық, әрі грамматикалық тығыз байланыстағы сөздер тобын құрайды. Мысалы: Жақып өз бөлмесінде жантайып газет оқып жатыр. Сары оған мынадай сөз айтты. Досбол Хасеннің үстінен арыз бермекші.

Етістіктермен меңгеріле байланысып, әр түрлі қарым-қатынаста жұмсалатын сөздер - есімдер.

Есімдер етістікке қатысты болып меңгеріле байланысу үшін табыс, барыс, шығыс, жатыс, көмектес жалғауларының бірінде айтылады.

Табыс жалғаулы сөздерді керек ететін етістіктер - сабақты етістіктер. Мысалы: мыңнан аса жылқыны үш-ақ адам бағып жүр. Қалампыр сынық ашалы бақанды сүйретіп, қоңыр сиырды айнала қуады.

Барыс жалғаулы есімдер мен етістіктерден құралған сөз тіркестері өзара меңгеріле байланысады да, жанама толықтауыштық, пысықтауыштық қатынастарда жұмсалады. Мысалы Бұл сөзге Абай жеткенде, Тәкежан қатты сескеніп қалды. Мен ауданға барамын.

Етістікті сөз тіркестерінің жиі ұшырайтын ендігі бір түрі - шығыс жалғаулы есімдер мен етістіктер тобы. Мұнда жалғаулы есімдерді етістіктер меңгеріп, солардың байланысынан толықтауыштық және пысықтауыштық қатынастағы сөз тіркестері жасалады.

Толықтауыштық қызметте жұмсалатын шығыс жалғаулы сөз тіркестерінің мағыналары, негізінде, мынадай болады. Мысалы:

Өнер-білім бар жұрттар,

Тастан сарай салғызды (Ыбырай).

Жүсіп оның жайын Күншеден сұрап білді.

Қайғыдан халқым арылып.

Бақыт құсын ұстадым (Жамбыл).

Пысықтауыштық қатынастағы етістікті сөз тіркесінің бағыныңқы сыңары шығыс жалғау арқылы тікелей етістікке не демеулер арқылы етістікке бағынады. Мысалы: Жылқы айдаған жігіттер Шолпаннан асып, Ойқұдықтан өтіп, Ералыға жеткен (М. Әуезов).

Алыстан сермеп,

Жүректен тербеп,

Шымырлап бойға жайылған (Абай).

Басқаларына қарағанда, жатыс жалғаулы есімдіктерді меңгере алатын етістіктердің саны онша көп емес.

Мұндай етістіктермен тіркесетін жатыс жалғаулы есімдер мынадай қатынастарда жұмсалады:

а) Объектілік. Объектілік қатынастағы ондай сөз тіркестерінің мағыналары қимыл процесінің қандай заттың үстінде не қандай затпен байланыста болатынын, бірдеңенің кімде екенін білдіреді. Мысалы: өмірде кездесу, заңда көрсету, ойда сақтау, күресте озу.

ә) Пысықтауыштық. Пысықтауыштық қатынастағы жатыс жалғаулы сөз тіркестері мекендік және мезгілдік мағынада жұмсалады. Мысалы: Жезқазғанда қанша мыс жатқанын шамалап көрдім. Қараңғы түнде тау қалғып.

Көмектес жалғаулы есімдер етістіктерге меңгерілу арқылы объектілік және пысықтауыштық қатынастарда, түрлі-түрлі мағынада жұмсалады:

1. Көмектес жалғауда тұрып етістіктермен объектілік қатынаста айтылатын сөздер - зат есімдер мен олардың орнына жүретін есімдіктер. Мысалы: қармақпен ұстау, трактормен жырту, балшықпен сылау, қамыспен қоршау, сумен жуу, іспен жауап беру, Айгүлмен сөйлесу, баламен ойнау.

2. Көмектес жалғаулы зат есімдер етістіктермен тіркесіп, пысықтауыштық қатынаста мезгілді, мекенді, себеп-салдарды және қимылдың істелу амалын білдіреді. Мысалы: Қожаш ертемен қайтып кетті. Жанат айналасына ойлы көзімен тағы бір қарады.



© 2010-2022