Әдеби талдау (6-11 класс)

Раздел Другое
Класс 9 класс
Тип Другие методич. материалы
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Есть
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік

мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

Мұғалім -эксперт

ОӘЖ: 82.512.122:373.5.091.3



МОРАЛЬДЫ САБАҚ БЕРУГЕ НЕГІЗДЕЛГЕН ЕКІ ШЫҒАРМАНЫ САЛЫСТЫРА ТАЛДАУ


Көптеген шығармалардың түйіні көпшілікке мысал немесе моральды сабақ беруге негізделеді. Өзім оқыған екі шығармадағы аталмыш түсініктің расталуы немесе расталмау жолдары мен мақсаттары туралы ой қозғайын.

Адамгершілік - адам бойындағы асыл қасиеттердің бірі.Сондықтан қай заманда да, қай халықтың әдебиеті болмасын мораль тақырыбына ерекше мән беріп, өзекті мәселелердің бірі ретінде қараған. Адами құндылық туралы алғашқы пікір білдірген Конфуций: «Үлгі тұтар адамның адамгершілігі, үлкенді сыйлауы, әдет-ғұрып, дәстүрді құрметтеуі жоғары дәрежеде болу керек. Адам жаратылысынан жаман болып тумайды, адамды жаман да, жақсы да қылатын ортасы», - деп адмгершілік ұғымына жоғары баға береді. Ұлы ойшылдың адами құндылық туралы ілімін қостай отырып, белгілі бір қоғамдағы өмір сүріп жатқан адамдар арасында қалыптасқан адамгершілік құлық нормалары мен ұстанымдарының жиынтығы, яғни мораль туралы ой қозғайын [1].

Әдебиеттің тегі мен түрі, оның ішінде эпос, лирика, драма жанрларында мораль тақырыбында қалам тартқан ақын - жазушылар жыл сайын артып келеді. Неліктен? Әлде қоғам, заман өзгерісіне қарай адами құндылықтан айрылып барамыз ба? Осы орайда көрнекті жазушы Оралхан Бөкейдің тілі көркем, тақырыбы өзектілігін ешқашан жоймайтын «Апамның астауы» әңгімесі мен сегіз қырлы бір сырлы дарын иесі Жүсіпбек Аймауытовтың қазақ әдебиетінде ақ өлең үлгісін туғызуға жол ашқан «Ақбілек» романындағы кейіпкерлердің ізгілік, адамгершілік жолындағы қарама - қарсы әректтері туралы салыстыра талдауды жөн көрдім.

«Апамның астауы» әңгімесінде XX ғасырдың басындағы ауыл тұрмысы, адамдар арасындағы адал әрі жанашыр туыстық қарым-қатынас, әсіресе, қазақ әйеліне ғана тән ұлттық қасиеттер шеберлікпен суреттелген. Әңгіме басталғаннан - ақ Апаның шаруаға пысықтығы, алаша тоқу, киіз басу, тері илеп тон тігу, құрт - ірімшік жасау әрекеттерін автор шебер суреттей отырып, қазақ әйелінің эпикалық образын жасаған. Апа тек бір отбасының ғана емес, Мұқым аулының бүкіл балаларының абзал анасы бола білген. Ауыл балалары тұрмақ, өз балаларына қамқорлық жасай алмаған, Апа бейнесіне қарама - қарсы кейіпкер ретінде Ж.Аймауытовтың «Ақбілек» романындағы Өрікті айтуға болады. Бұл романда Өрік тағдырына ызалы. Неліктен...? Неліктен ол Мамырбайдың сәби қыздарына қырын қарайды, сәт сайын қарғап-сілейді? Адамгершілік, мейірімділік қайда? «Апамның астауы» әңгімесі мен «Ақбілек» романындағы әйелдердің, яғни Апа мен Өріктің тағдырлары ұқсас. Апа - Достың әйелі өлгеннен кейін, ел-елді аралап, Керей елінен таңдап, айттырып алған тоқалы, Өрік - Мамырбайдың әйелін орыс офицерлері қатыгездікпен өлтіріп кеткеннен кейін, Әбен болыстығынан айттырып алған тоқалы. Екеуі де балаларға «өгей шеше» болып келеді.

«Апамның астауы» әңгімесінде Апаның бойындағы асыл қасиеттерді автор былайша суреттейді: «Бірде апам екеуміз ауылдан он шақырым жердегі Қаражерге барып, картошканың арам шөбін жұлдық. Мен шөбін отап, апам түптеп, лезде бітіріп тастадық. Біздің осы жұмысты аяқтауымызды күтіп тұрғандай, қара бұлттан бауырсақтай - бауырсақтай бұршақ төпелей жөнелді. Апам ұстарамен күні кеше ғана жалтыратып алып тастаған тақыр басымды ұрғылағанда, тулаққа тиген сабаудай тарсылдақ үн шықты. Апам желеткесін шешіп, басыма жапты. Қашыбай шал отыратын қыстаққа қарай безектей жөнелдік... Қыстаққа келген соң тоңып қалған мені киізге тұмшалап бөлеп тастады. Киізде оранып жатып, маужырап, бойым жылынған соң ұйықтап қалдым. Оянғанымда апамдар шай ішіп отыр екен. Көп ұзамай кішкентай қозыны маған көтертті де, өзі тобан аяқ болып баса алмай жатқан зіңгіттей саулықты арқасына бір - ақ салып, біздер ауылға тарттық. Ауылға апам бес - алты рет демалып, жетіп келді.Сонда менің көз алдымда қалғаны: Апамның көкжайсаң шалғынды қақ жарып, менің алдымда батар күнді бетке алып қасқая тартып бара жатқаны;Қарасуға барып дәрет алғаны, содан соң батар күнге бет беріп намаз оқығаны..Біз үйге жеткенде (жолда ешкілерді айдай келдік), екі сиырды бұзауы еміп тұр екен, ал ағаш үйдің есігі шалқасынан ашық, маса толып алған, әпкелерім тұлыпқа оранып ұйықтап жатыр.Апам оларға ұрысқан да, тіпті ұйқысын бұзып оятқан да жоқ. Бүкіл шаруаны өзі тындырып, тек кешкі асқа ғана шақырды... » [2]. Не деген қамқорлық Әрбір жазушының шеберлігі тілі арқылы көрінетіндігі ақиқат. Бұл орайда Оралхан Бөкейдің сөз қолданыс ерекшелігі халық жанына жақын, ұлттық рухта сипатталады. Жоғарыдағы келтірілген үзіндіде «бауырсақтай - бауырсақтай бұршақ», «тулаққа тиген сабаудай» деген теңеулер, «көкжайсаң шалғын» эпитет, «тұлыпқа орану» т.б. етістікті тіркестердің берілуі жазушы тіліндегі көркемдік тіл құралдарының лингвистикалық табиғаты қазақ халқының төл тіл мәдениетіне жақын екендігінің дәлелі болып табылады. Ал, барлық оқиғалары тікелей өмірден алынған Ж.Аймауытовтың «Ақбілек» романы ХХ ғ.б. қоғамдық ахуал мен кезең көріністерін, өмір-уақыт шындықтарын шынайы суреттеуге негізделген. Романдағы басты кейіпкерлердің бірі, Өрік - Апа бейнесіне қарама - қарсы кейіпкер. Өріктің жеке әрекетіне келетін болсақ, балалардың басқан ізін аңдып, кір іздеп, мін тағу болатын. Ол өзінің қулығын асырып, Мамырбайға жағынып, әкесін балаларына қарсы қояды. Не деген жауыздық десеңізші! Ж.Аймауытов ирония тәсілі арқылы Өріктің бойындағы жағымсыз қасиеттерді айшықтай білген. Оған мысал ретінде, өмір тауқыметін, азапты көп көрген, қайғыдан көз ашалмай жүрген Ақбілектің тағдырын ойыншық көрген өгей шеше Өріктің мына әрекетін баса айтуға болады: «Бірде ауыл әйелдерінен Өрік Ақбілектің екі қабат екенінен хабардар болды. Бұл хабарды естігенде Өрік өлген байы тіріліп, екі баласы қолына тигендей қуанды. Дүниеде әйел бір-бірімен өштеспесін. Әйел өштессе, аяу дегенді білмейді, ар-ұятты, адамгершілікті ұмытады, қай-қайдағы жараның аузын жұлып алатын нәзік, жанды жерді аңдиды, қай-қайдағы жан шошырлық былық іске кіріседі. Әйел шақса, шаяннан бетер шағады. Әйел өмірі кешірмейді. «Ақбілек екі қабат» деген сөзді құлағы шалғанда Өрік:

- Ә! Шешесінің күйігі екен десем, уһілеп, жата беретіні... кемзалының түймесін салмайтыны... шапанын арқасынан тастамайтыны сол екен ғой, - деді. Содан кейін Өрік бірталайға дейін Ақбілекпен араздығын ұмытқан кісідей сөйлесіп, жылы ұшырап, жылмаңдай қалды. Неге бүйтіп жүргеніне Ақбілек түсіне алмай тамсанды да жүрді. Бір күні Ақбілек тысқа шыққалы түрегеп еді. Өрік қамқорсып:

- Ішіңе жел қарысар, түймеңді салып шықсайшы! - деді.

Шын екенін, аярлық екенін біле алмай, Ақбілек күдіктеніп, кірпігін мұңая бір қағып, үндемей шығып кетті. Тағы бір күні Өрік әбдіре ақтарып, төрт кез сантоп тауып алып, Ақбілекпен ақылдасқан болып, өзіне қынама пішті. Өз кемзалын ұнатпай, Ақбілектің кемзалына салып пішуді қалап:

- Қарағым, сенің кемзалың маған құйып қойғандай шығар. Белінің қиғанын көрейін, түймеңді салшы! - деді. Енді аярлық екенін Ақбілек сезді: Мен қиюші ме ем? Өлшесең, өз бойыңа өлшей бер! - деп, кемзалын шешіп, лақтырып жіберді. Өрік әлі де көзі жетпегендей, таңертең, Ақбілек ұйықтап жатқаңда, ақырын барып, көрпесін ашып қарады. Ішіне суық қол тигенде,

Ақбілек шошып оянып:

- Ә, ә... Немене... бұл кім? - деп, үрпиіп түрегеліп еді, Өрік:

- Көрпең ашылып қалғанға жауып жатырмын, - деп жұбатқан болды. Өрік өз көзін жеткізді. Қапысы жоқ, дәл өзі! Бейшара құны қалғандай, неге сонша қудалады екен? [3]. Бұл үзіндіде көріп отырғандай, Ж.Аймауытов сөйлемнің, ойдың ықшамдылығын, әсерлілігін, өткірлігін арттыру мақсатында элипсисті орынды қолдана білген [4].

Өріктің мына әрекеті Апа бейнесіне тіптен қарама-қарсы: «....Бір күні Сара бауырсақ сұраса, бере қоймайды. Бірдеңеге айналып жатты ма, кім білсін. Сара қыңқылдап, иығынан тартып, мазасын алып қоймаған соң, Өрік ашуланып:

- Сенің-ақ жыланшығың құрып тұра ма? Неткен бала өзі! - деп, Сараны төбеге бір қояды. Сара жылап әпкесіне келеді. Акбілек ол жолы үндемейді. Тағы біррет те: «Аяғыңмен алашаны былғайсың» деп Сараны итеріп тастайды. Сара тағы жылайды. Ақбілек тағы үндемейді. Енді бір күні Қажікен байқамай қағып кетіп, лампының шынысын қиратып алады. Өрік оны желкеге бір түйеді. Онымен де қоймайды.

- Өй, қағынды! Өй, түйнеме келсін! Добалдай боп, көзің шығып кетті ме? Көк шешек! - деп, жаман-жаман қарғысты соғып жатқанда, Ақбілек кіріп келеді. Мұндай қарғысты бұрын естіп көрген жоқ қой, шыдай алмай күйіп кетіп:

- Не қылды? Неңді бүлдірді. Баланы сонша қарғап... Ауыл-үйден ұят емес пе? - деп келе жатқанда Өрік кимелеп:

- Тәйт әрі, албасты қатын қар! Сенікі не? Сен неге қыстырыла қалдың! Менен тумады дейтін шығарсың... Қарғамақ түгілі отқа тастап жіберсем де, менің қолымнан алатын кісі жоқ. Балаға ара түскенді көрсетпе! Па ! Бауырың екен, көрдік! Көрермін бауырыңды ала кеткеніңді?.. Әлі-ақ кетесің байыңа! - деп шаптығып, ит терісін басына қаптады. Ақбілек:

- Ойбай-ау! Ұят қой! Пәленшенің қатыны дейді ғой, - деп, тағы бірдеңе айтпақ еді, Өрік одан жаман дәуірлеп:

- Қатыны болсам, не қыппын? Ойнас қыппын ба? Өтірік айтыппын ба? Құдайға шүкір, оң қолым таза, аузым оймақтай! Келсем, құдайдың жазуымен келіп отырмын. Аяғынан келген дейтін шығарсың. Құдай сендей әбиірі кеткеннен, орысқа салдақы болғаннан сақтасын! - деп, бастырмалатып, аузынан көбігі бұрқырап жатқанда, Ақбілек шыдай алмай, еңіреп шыға жөнелді...». Романдағы кейіпкердің мінез қырларын, көзқарасын, психологиясын ашуда Ж.Аймауытовтың жеке дара баяндау стилі айрықша көрінеді.Жоғарыда көрсетілген екі шығармада Апа байсалдылығы, ұстамдылығы, мейірімділігі, қамқорлығы, жанашырлығы арқасында «ел анасы» атанды, ал Өрік болса қулығын, арамдығын, зұлымдығын жүзеге асырам деп күлкі болды, қатыгез, жүрген жері - өсек, берекесіз, мейірімсіз қасиеттерімен жалғыз қалды.

Адамгершілік туралы педагог классиктер Ж.Ж.Руссо, Я.А.Каменский «Тәрбие басы - халық» деген пікірді айтса, қазақ зиялы қауымы өкілдері, ағартушы, ойшылдар Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Ж.Досмұхамбедовтер «Адамгершіліктің бастауы - ұлттық тәрбиеде» деген пікірді айтады[5]. . Қалай десек те адамзат баласы ар-ождан, адамгершілікті бойтұмардай сақтауы қажет. Көркем прозадағы «Апамның астауы» әңгімесі мен «Ақбілек» романындағы кейіпкерлер әлемінің әрекетінен адами құндылықтардың негізі, адамгершілік туралы өмірлік, моральды сабақ алу әбден мүмкін.

Пайдаланған әдебиеттер:

1 Конфуций ілімі //zharar.com/kz

2 О.Бөкей «Кербұғы» жинағы, «Апамның астауы» хикаясы // Алматы «Атамұра» 2003ж, 86-88 б.б.

3 Ж.Аймауытов «Ақбілек» романы // Алматы «Атамұра» 2003ж, 226-227 б.б.

4 Қабдолов З. Сөз өнері // Алматы;Мектеп 1982ж, 78б.

5 Рухани-адамгершілік тәрбиесінің маңыздылығы //zkoipk.kz/


Аңдатпа

Мақалада адам бойындағы ізгі қасиеттердің бірі - адамгершілікті жас ұрпаққа көркем шығармаларды талдау арқылы үйретуге болатындығы айтылады.

Түйінді сөздер: мораль, эпикалық образ, адамгершілік, сөз қолданысы, ұлттық рух, лингвистикалық табиғаты, ирония, элипсис, кейіпкер мінезі, баяндау стилі, адами құндылық, моральды сабақ.

Аннотация: В статье говорится о том, как на основе анализа художественных произведений, привить человеческие качества молодому поколению.

Ключевые слова: мораль, эпический образ, человечность, использование языковых средств, дух нации, лингвистическая природа, ирония, элипсис, характер героя, стиль рассказа, человеческий ценности, моральные уроки.

Abstract

The article says about how to instill human qualities in the younger generation through the analysis of literary pieces.

Keywords: morality, the epic image, the use of rhetorical techniques, the national spirit, linguistic nature, irony elipsis, the character of the hero, narrative style, human values, moral lessons.

Әдеби талдау (6-11 класс)


















© 2010-2022