РУХАНИ-АДАМГЕРШІЛІК ТӘРБИЕ – ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ДАМУДЫҢ НЕГІЗІ

Раздел Другое
Класс -
Тип Статьи
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Есть
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

РУХАНИ-АДАМГЕРШІЛІК ТӘРБИЕ - ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ДАМУДЫҢ НЕГІЗІ


Д.К. Исатаев


КМҚК «Қарағанды гуманитарлық колледжі»

директорының ғылыми ісі жөніндегі орынбасары,

Қарағанды қаласы


Біз қоғамымызда рухани-адамгершілік құндылықты тек білім арқылы

ғана жаңғыртқымыз келеді. Әр адам туа біткен қабілетін толыққанды жүзеге асырғанда ғана өз мемлекетімізге ғана емес, бүкіл жер

бетіндегі адамдарға да пайдасын тигізеді.

С.А. Назарбаева


Қазіргі қоғамның ең маңызды міндеттерінің бірі - жастарға рухани-адамгершілік тәрбие беру болып саналады. Өскелең ұрпақты тәрбиелеуде негізгі мақсат қоғамға пайдалы, үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге қамқор бола білетін, жан-жақты шығармашыл, рухани бай жеке тұлғаны қалыптастыру.

Бүгінде Сара Алпысқызы Назарбаеваның «Өзін-өзі тану» пәні жобасы аясында іске асып жатқан рухани-адамгершілік білім жүйесінің мәні ерекеше. Олай дейтін себебіміз, ұлағатты ұстанымдары арқылы жас ұрпақтың жүрегіндегі өмірге, ата-анасына, ең жақын адамдарына, жалпы адам атаулыға деген бауырмалдылық, сүйіспеншілік, махаббат, достық секілді ізгілік қасиеттерге тәрбиелеуінен байқауға болады. [1]

Осы орайда, 2012 жылғы Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауындағы ең алғашқы міндеттерінің қатарында еліміздегі адами капиталдың сапалы өсуі анықталған.

«...Оқу үдерісіндегі тәрбие компонентін күшейту өте маңызды. Патриотизм, адамгершілік пен мораль нормалары, ұлтаралық келісім мен толеранттылық, рухани және физикалық жағынан даму, заңға бағынушылық. Бұл құндылықтар жекеменшік түріне қарамастан, барлық оқу орындарында молая түсуі керек... Бұл біздің жастарға өмірлік қажеттілік» - деген болатын Елбасы.[2]

Бүгінгі таңда Қарағанды гуманитарлық колледжі «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасы бойынша Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің 20 тамыз 2014 ж. №356 бұйрығына сәйкес пилоттық жобаға енгізіліп, білім беру жүйелерінде пәнаралық ықпалдастыруды (интеграция) жүзеге асыруда.

Колледждің білім беру кеңістігіне «Бөбек» Ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығының «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру Республикалық жобасын енгізу үшін 2014-2016 оқу жылдарына арналған колледждің стратегиялық жоспарын іске асыру кезеңдері әзірленіп, бекітілді.

Колледжде «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру жобасын енгізу бойынша стратегиялық жоспарға сәйкес, негізгі бағыттар анықталған:

  • Оқу іс-әрекетіндегі жалпыадамзаттық құндылықтар интеграциясы;

  • Колледждің сабақтан тыс іс-әрекет кезіндегі жалпыадамзаттық құндылықтар интеграциясы;

  • Біртұтас педагогикалық үдерістегі рухани-адамгершілік білім беру интеграциясы;

  • Колледждің білім беру үдерісінде рухани-адамгершілік әдістерін қолдануды талдау;

  • Колледждегі моральдік-психологиялық ахуалды (махаббат, сенім, шығармашылық шабыттану атмосферасы) жақсарту.

Жоба шеңберінде колледж оқытушылары біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, болашақ мұғалімдерге пәнаралық ықпалдастыру негізінде рухани-адамгершілік тұрғыдан білім беруде.

Колледж студенттінің қабілеті мен дарынын ашудың ең бастысы - оны ізденушілікке баулу, оған зерттеу дағдысы мен білігін игерту болса, осы аталған бағыт бойынша Қарағанды гуманитарлық колледжінде рухани-адамгершілік білім беру оқу-тәрбие үдерісінің барлық жүйесінен көрініс табуда.

Атап айтар болсақ, колледждің ғылыми бағыттағы жылдық жұмыс жоспары да «Өзін-өзі тану» рухани -адамгершілік білім беру бағдарламасы негізінде дайындалған.

Рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасы аясында колледж іс-шараларының барысына қысқаша шолу жасайтын болсақ, «Технология» бөлімі оқытушыларының ұйымдастыруы мен өткізілген «EXPO -2017»:болашаққа ой салатын қадам» атты ашық тәрбие сағатының мазмұны сутденттерге жағымды көңіл-күй сыйлады. Оған Астана қаласынан арнайы келген қонағымыз 2007-2012 ж.ж аралығында «Сембол Улусларарасы» компаниясында, Джейлан Холдингінде жоғарғы басшыларға, соның ішінде Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа синхрондық аударма жасаған, бойында адалдық, шыдамдылық, ұйымдастырушылық қабілеттері бар, музыка, театр, сурет салу өнерімен қоса, спортпен шұғылдануды жақсы көретін Ақмагамбетова Сымбат Мажитқызы қатысып, «Өзін-өзі тану» рухани - адамгершілік білім беру бағдарламасы аясында өткен ашық тәрбие сағатынан алған өзінің толғанысын ән айту арқылы жеткізді. РУХАНИ-АДАМГЕРШІЛІК ТӘРБИЕ – ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ДАМУДЫҢ НЕГІЗІ

Сондай-ақ, колледж студенттерінің рухани-адамгершілік шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында «Адам - өз өмірінің суретшісі» атты эссе байқауының ережесі бекітіліп, қазіргі таңда жоспарлы кестеге сәйкес өткізілуде.

Бұл аталған эссе байқауына колледждің «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту», «Бастауыш білім беру», «Шет тілінен бастауыш білім беру», «Бейнелеу өнері және сызу», «Дизайн», «Технология», «Музыкалық білім беру», «Қазақ тілі және әдебиеті білім беру» бөлімдерінде оқитын студенттер қатысуда. Қазіргі сәтте 250-ден астам эссе жазылса, аталған жобаға студенттердің барлығы қатысуға ынталы екені байқалады. Әлбетте, студенттердің еңбектерін арнайы кітап болып басып шығару жоспарлануда. Сөзіміздің түйінді әрі дәлелді болуы үшін колледж қабырғасында оқып жүрген бірқатар студенттердің жүрегін жарып шыққан жұмыстарды назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдім.

МЕНІҢ ӨМІРІМ - МЕНІҢ ЖАЗЫП ШЫҚҚАН КІТАБЫМ

Тилесова Нуржамол Махаматқизи

«Шет тілі» бөлімінің ІІ курс студенті

Өмір... Адамның барлық көрген-білгені - өзінен өзгеге берерлік ғибрат алып ойына түйген түйіні. Өмір ақ пен қараға, жамандық пен жақсылыққа құралған.

Өмір - сырға толы, шегі жоқ шексіз қызық әлем. Оның адамдарға деген тосын сыйлары ешқашан таусылған емес: кейде жүрегіңе қуаныш сыйлап шаттандырса, енді бірде еріксіз мұңға бөлеп жатады. Махаббат, достық, одан қалса қуаныш пен бақыт та осы бір қамшының сабындай қысқа ғұмырда лездің ішінде шығатын құбылыстар. Адам, біріншіден, өмірде өз бойына адамгершілік, имандылық, мейірімділік, көмек қолын созу сынды адамдық асыл қасиеттерді бойына сіңіре білсе, дұрыс өмір сүрудің бастауы сол болмақ. Қара сөздің ұстазы, пәлсапашы, қазақ поэзиясының падишасы ұлы ақын Абай айтпақшы: «Сізді тығырықтан алып шығар - сіздің сенген ортаңыз, ата-анаңыз, достарыңыз және ұстазыңыз. Адам осылардың қайсысымен жақын болса, соның мінезін өзіне сіңіреді, бойына жинайды». Ендеше, данышпанның айтпағы осынау өмірде бізді кез келген қиын-қыстау сәттерден алып шығар осы Үш таған. Осы Үш таған арқылы «Өмір» атты ауыр да соқпақты жолдан сүрінуіміз екіталай.

Өмірдегі менің алар орным

Менің өмірге деген құлшынысым - тіршілікті сүюім. Осы арқылы ауыр сәттерде санама сәуле құйылып, бойыма қуат қайнайды.

Әрбір адам - қайталанбас тұлға. Олардың әрқайсысының өзінің тарихи құпиялары бар. Әлі талай тағдырдың құпияларын бастан өткіземіз. Әрине, мені ертең не күтіп тұрғанын білмеймін, бірақ бүгінгі қадам менің еркімде. Мені сыртқы әлем емес, қайта мен сыртқы әлем арқылы одан қайтпас қайсарлықты, мәңгі жеңілмеуді бойыма сіңіремін.

«Ең жақсы мектеп - өмір мектебі». Бұл - заңды құбылыс. Өйткені қара мен ақ өзара алмасып жүрмесе, бізге бұл ғұмыр қызықсыз, одан рахат, ләззат ала алмай қалуымыз мүмкін. Ал, одан қашып құтылу - екіталай іс.

Менің өмірімдегі басты байлығым - менің өмірім. Адамның бұл өмірдегі мүмкіндіктері шексіз. Әрбір атқан таңда әр пендеге мол мүмкіндіктер беріледі. Сол мүмкіндіктерді оңтайлы пайдаланып, сол арқылы жеңіске жетуге болады.

...Мен кіммін? Менде не бар? Жо-жоқ, адамдардың бәрі құштарлана қол сілтейтін «Бақыт» ұғымымен байланыстырғым келмейді бұл сұрақтарды. Мен... Мен өмірде барлық мүмкіндіктерге жол көрсетер шамшырақ болып қалсам деймін. Өзіңді өзіңнен артық танитын ешкім жоқ, яғни, қандай да болмасын белесті бағындырудың, қиялың мен арманыңды орындалмас шындыққа айналдырудың себепшісі тек қана өзіңсің. Өмірді мен жай сүріп қана қоймай, осы өмірде өзіндік орнымды тауып, кірпіші болып қаланып, артыма бір өшпестей із қалдыру - бұл менің өмірдегі басты мұратым.

Қыран құсты қыран етіп, аспанға самғатқан екі қанат, ал адамды адам етіп, қырандай самғататын арманы мен мақсаты, одан қалса өзіне деген сенімі. Арманға нақты қадам бассаң, ол міндетті түрде орындалатынына мен еш шүбәсіз сенемін. Әрқашан менің армандарым өзіме қанат бітіріп, өмірден өз орнымды табуыма септігін тигізуде.

Жаһанда тек жалғыз адам бар. Ол сені көрге де, төрге де сүйрейді. Ол - мына өзің. Өз-өзіңді жеңе білу - өмірдегі орасан жеңіс.

Менің өмірім ол менің жазып шыққан кітабым

Әр адамның өмірі жеке бір кітап, ал кітап парақтары біздің күйбең тіршілікпен өтіп жатқан күндеріміз... Бір күндік өмірдің мәні болмайды, бірақ осы бір күн немесе тіпті бір секунд өміріңді басқа арнаға бұрып жіберуі ғажап емес. Міне, мен өткен өміріме көз жүгіртіп, әр күнімді зерделеп, бүгінгі күнін бажайладым. Көз алдымнан өзіме жақсы таныс он жеті жылдық ғұмырым өтті. Бірімен-бірі жалғасып келіп, біріне-бірі айқасып жатқан шақ, қызыққа толы қымбат күндер - өткен өмір баспалдақтарынан тағы сыр шертті. Кешегі өткен өмірімнің өрнекті сәттері - ол менің тарихым, ал ертеңгі өмірім - өзіме жұмбақ әлем, ал бүгінгі күнім - бұл менің жетістігім.

Мен өзімнің «Өмір» атты кітабымның жарыққа шығарушы авторымын. Бұл кітап - менің кім екендігімді танытатын айнам. Бұл кітаптың кейіпкерлері - достарым, жақындарым, туыстарым және ең сүйікті тағы бір адам.

Мен әр кеш сайын өзімнің өткен өмірім мен бүгінгі күніме көз жүгіртіп, оны ақ қағаз бетіне түсіріп отырғанды жөн көремін. Бүгінгі істеген дұрыс та бұрыс әрекеттеріме баға беремін. (Әрине, пенде болған соң қателіксіз өмір сүру мүмкін емес қой). Менің бір күндік өмірім - менің кітабымның бір парағы. Сондықтан, әр «адамның кітабы» мағыналы болуы үшін, өмірді сүре білуі қажет!

Сөз түйінін айтсам, жоғары да берілген эсседен шығатын тұжырым - жас ұрпаққа тәрбие мен білім беруде оның жүрегіне жол таба білу. Бұл әрбір білім беру мекемесінің мақсаты болса, ал оқытушының басты бақыты деп білемін. Сондықтан да «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасы ұрпақ тәрбиесінде маңызды роль атқарады.

Ойымды ұлы ойшыл Ж.Баласағұнның «Адамдардың жақсы қылықтары мен қасиеттерін жетілдіре білсе, қоғамды да жақсартуға болады» деген дана сөзімен қорытындылағым келеді.

Әдебиеттер тізімі.

  1. Республикалық ғылыми-әдістемелік журнал,Өзін-өзі тану.KZ./2014ж/

  2. Қазақстан Республикасының Президенті-Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту-Қазақстан дамуының басты бағыты. /2012ж/

© 2010-2022