Елбасы жолдауындағы үш тұғырлы тіл саясатының әлеуметтік лингвистикалық сипаты

Раздел Другое
Класс -
Тип Статьи
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Алматы қаласы

№79 гимназия

Шынәділова К.Ә.


ЕЛБАСЫ ЖОЛДАУЫНДАҒЫ ҮШ ТҰҒЫРЛЫ ТІЛ САЯСАТЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЛИНГВИСТИКАЛЫҚ СИПАТЫ

Тіл - қай ұлттың болмасын тарихы мен тағдыры, тәлімі мен тәрбиесінің негізі, қатынас құралы. Тіл болмаса сөз болмайды. Сөз болмаса адамзаттың тірлігінде мән-маңыз болмайтыны белгілі. Демек, тілдің, сөздің орны ерекше. Міне, осы орайда ана тіліміз жайлы терең ойлану әрқайсымыз үшін парыз. Жыл өткен сайын ана тіліміздің мәртебесі өсіп, абыройы арта түсуде. Ендігі кезекте үш тұғырлы тіл өмірлік қажеттіліктен туындаған идея. Қай заманда болсын, бірнеше тілді меңгерген мемлекеттер мен халықтар өзінің коммуникациялық және интеграциялық қабілетін кеңейтіп отырған. Мысалға, ежелгі дүниедегі Мысырдың өзінде бірнеше тілді білетін мамандар иерархиялық сатымен жоғарылап, көбіне салық төлеуден босатылған. Сондай-ақ, бүгінгі Еуропада да көп тілді меңгерушілік жалпыға ортақ норма болып саналады. Яғни, бүгінгі таңда Қазақстан үшін үштұғырлы тіл - елдің бәсекеге қабілеттілікке ұмтылуда бірінші баспалдағы. Өйткені, бірнеше тілде еркін сөйлей де, жаза да білетін қазақстандықтар өз елінде де, шетелдерде де бәсекеге қабілетті тұлғаға айналады. "Үш тұғырлы тіл" идеясының үшінші құрамдас бөлігі - ағылшын тілін үйрену. Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңда ағылшын тілін меңгеру дегеніміз - ғаламдық ақпараттар мен инновациялардың ағынына ілесу деген сөз. 2006 жылы ХІІ құрылтайда елбасымыз Н.Ә.Назарбаев : «Үштұғырлы тіл» мемлекеттік бағдарламасын атар едік. Өзге ұлттың мәдениеті мен тарихын, психологиясын, т.б. қырларын жетік білу, тану, әлбетте, сол елдің тілін меңгеруден басталады. Егемендікке қол жеткізген еліміздегі салмақты проблемалардың бірі - бәсекеге қабілетті мамандардың жетіспеушілігі еді. Осы проблеманы шешудің бір ұшы олардың кәсіби біліктілігін арттыру болса, екінші бір маңызды қыры - тілдік біліктілігінің барынша жоғары деңгейде болуы. Жеті жұрттың тілін білуді әуелден мақсат еткен елдің ұландары шартарапты шарлап, «өнер-білімі бар жұрттардан» өркениеттің өресі биік, танымы терең ұрпақ тәрбиелеуде тиімді пайдаланылады» деген еді.

Осындай тарихы бар біздің халқымыз үшін Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Жаңа әлемдегі Жаңа Қазақсан» атты (2007 ж.) Жолдауында ұсынылған «үштұғырлы тіл» мәдени жобасы соншалықты тосын жайт болмады. Халықтың рухани дамуын ілгерілетуді ішкі саясаттың дербес бір бағыты ретінде белгілеп берген ұлт Көшбасшысы еліміздің азаматтарына қазақ тілін мемлекеттік тіл, орыс тілін ұлтаралық қатынас тілі ретінде және әлемдік экономикаға жол ашатын ағылшын тілін меңгеруді міндеттеді. Бұл үштұғырлы тіл идеясы тіл саясатының жаңа бір сатысы ғана емес, уақыт талабынан туындаған қажеттілік еді.

2007 жылғы «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты жолдауында: «Тілдердің үштұғырлығы мәдени жобасын кезеңдеп іске асыруды қолға алуды ұсынамын. Қазақстан бүкіл әлемде халқы үш тілді пайдаланатын жоғары білімді ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар: қазақ тілі - мемлекеттік тіл, орыс тілі - ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі - жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі», деген еді.

Ал, 2008 жылы 16 ақпандағы жолдауында тіл жайында Н.Ә.Назарбаев: «Үкімет "Тілдердің үш тұғырлылығы" мәдени жобасын іске асыруды жеделдетуі тиіс. Бүкіл қоғамымызды топтастырып отырған мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін оқыту сапасын арттыру қажеттігіне ерекше назар аударғым келеді.Халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып қазақ тілін оқытудың қазіргі заманғы озық бағдарламалары мен әдістерін әзірлеп, енгізу қажет. Мемлекеттік тілді тиімді меңгерудің ең үздік, инновациялық әдістемелік, тәжірибелік оқу-құралдарын, аудио-бейнематериалдарды әзірлеу керек.Қазақ тіліндегі оқулықтар шығаруға арналған тендерді үнемі жеңіп алатын бір-екі баспа ғана бар. Сонда оқулықтардың сапасын жақсарту үшін қандай бәсекелестік болмақ. Қазақ тіліндегі оқулықтардың сапасы сын көтермейді. Олар адамдарды қазақ тілін үйренуге емес, қазақ тілінен қашуға итермелейді. Осы салаға жауапты тиісті органдар нақты шешім қабылдауы тиіс» деп ерекше атап айтты. 21.04.2011 жылы Елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы ассамблеясының XVІІ сессиясы өтті. Елбасы өз сөзінде Қазақстан халқын бір шаңырақ астында тұрып жатқан жанұяға теңеді. «Біз өзіміздің ғажайып, тату қазақстандық отбасын құрдық. Қазақстандықтар 20 жылда өздерінің ортақ үйін тұрғызды. Біз оның іргесін нығайттық, қабырғасын қуатты еттік, шаңырағын бекіттік. Таза терезе салдық. Біздің үйіміздің есігі бүкіл әлемдегі барша достарымыз үшін айқара ашық» деді Мемлекет басшысы. Әрине, шаңырақта түсіністік болуы үшін онда тұратындар ортақ бір тілде түсінісуі керек. Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаев болашақта барша қазақстандықтарды біріктірер тіл - қазақ тілі болатындығын айтты. «Мен мемлекеттік тіл мәртебесі туралы айтқанда, мәселе басқа тілдерді жаншып, қазақ тілінің үстемдігін арттыру туралы болып отырған жоқ, - деді Елбасы. - Менің айтайын дегенім, дөңгеленген дүниенің шартарабынан жиылған, өздерін америкалықпыз деп атайтын АҚШ халқын біріктіретін - ағылшын тілі. Ал, бізді бүгінгіден де берік біріктіретін қазақ тілі болмақ. Осы бағыттан жаңылмасақ, түбінде біз бір ел, бір жұрт, бір халық болып шығамыз. Мен соған сенмін!» 2012 жылы 14 желтоқсанда елімізге жолдаған жолдауында тіл жайында: «Қазақ тілі - біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз - оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту. Біз ұрпақтарымызға бабаларымыздың сандаған буынының тәжірибесінен өтіп, біздің де үйлесімді үлесімізбен толыға түсетін қазіргі тілді мұраға қалдыруға тиіспіз. Бұл - өзін қадірлейтін әрбір адам дербес шешуге тиіс міндет. Мемлекет өз тарапынан мемлекеттік тілдің позициясын нығайту үшін көп жұмыс атқарып келеді. Қазақ тілін кеңінен қолдану жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды жалғастыру керек.

Қазақ тілін дамыту саясаты одан жерінуге, тіпті қазақтардың өздерінің бойды аулағырақ ұстауына ықпал етпеуі керек. Керісінше, тіл Қазақстан халқын біріктіруші болуға тиіс. Бұл үшін тіл саясатын сауатты және дәйекті, қазақстандықтар сөйлесетін бірде-бір тілге қысым жасамай жүргізу керек. Сіздер біздің саясатымыз туралы - 2025 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін білуге тиіс екендігін білесіздер. Бұл үшін қазір барлық жағдай жасалған.Қазірдің өзінде еліміздегі оқушылардың 60 пайыздан астамы мемлекеттік тілде оқиды. Мемлекеттік тіл барлық мектептерде оқытылады. Бұл - егер бала биыл мектепке барса, енді он-он екі жылдан соң жаппай қазақша білетін қазақстандықтардың жаңа ұрпағы қалыптасады деген сөз.

2014 жылғы жолдауында тіл мәселесі жөнінде: «Қазақ тілі бүгінде ғылым мен білімнің, интернеттің тіліне айналды. Қазақ тілінде білім алатындардың саны жыл өткен сайын көбейіп келеді. Еліміз бойынша мемлекеттік тілді оқытатын 57 орталық жұмыс істейді. Олардан мыңдаған азаматтар қазақ тілін үйреніп шықты, әлі де үйренуде. Былтырғыға қарағанда биыл қазақ тілін білемін деген өзге ұлт өкілдерінің саны 10 пайызға өскен. Бұл да біраз жайттан хабар береді. Тек соңғы 3 жылда мемлекеттік тілді дамытуға республика бойынша 10 миллиард теңге бөлінді. Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар. Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды! Оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн», - деді.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың әр жылдардағы Жолдауындағы үштілділік саясатының әлеуметтік лингвистикалық сипатының маңызы зор.



© 2010-2022