- Преподавателю
- Другое
- ҰЗАҚ МЕРЗІМДІ ҚАЖЕТ ЕТЕТІН ҰЖЫМДАСТЫРУ ШАРАСЫНЫҢ САЛДАРЫ
ҰЗАҚ МЕРЗІМДІ ҚАЖЕТ ЕТЕТІН ҰЖЫМДАСТЫРУ ШАРАСЫНЫҢ САЛДАРЫ
Раздел | Другое |
Класс | - |
Тип | Другие методич. материалы |
Автор | Аяганов А.Б. |
Дата | 11.09.2015 |
Формат | docx |
Изображения | Нет |
ҰЗАҚ мерзімді қажет ететін ұжымдастыру шарасының салдары
Аяганов Алтай
Қарағанды гуманитарлық колледжінің оқытушысы
ХХ ғасырдың қазақ халқына зор нәубет ала келген 20-30 жылдары туралы соңғы кезде жаңа зерттеулер жарық көрсе де, бұл туралы тарих ғылымында назар аудартарлық келелі мәселелер әлі де аз емес. Соның бірі - ұжымдастыруды бастап кеткен, ісі ұзақ мерзімді қажет ететін шараның қанды оқиғасы өткен Қарқаралы өңіріне қарасты елді-мекендер туралы деректі мәліметтер. Аталған тарихи мәселе ұлттық тарихты жаңғырту міндеттерінен туындап отыр. Сондықтан тақырыптың өзектілігі - ел аузында айтылып және хатқа түскен деректердің салыстырмалы зерттелуінде ғана емес, қоғамдық-тәжірибелік мәні мен тарихи сабақтастығында.
Патша өкіметі қазақ халқын бағындырып, отар елге айналдырған соң-ақ қазақтың әлеуметтік-экономикалық құрылысы үлкен өзгерістерге ұшырай бастады. ХІХ ғасырдың ортасынан бастап экономика саласы мен идеологияға саяси ірі өзгерістер енгізілді. Қазақстанда Кеңес өкіметі орнаған соң да бұл мәселе оңала қойған жоқ. Мәселен, отаршыл саясаттың әсерінен дәстүрлі мал шаруашылығы күйреп, республиканың ауыл шаруашылық саласы үлкен дағдарысқа ұшырады. Оның үстіне таптық жіктелу деген шығып, бұрын болмаған жаңа жіктер, жаңа таптар пайда болды.
Сол кездегі Қарқаралы аймақтық комитетіне қарасты елді-мекендердің саяси жағдайын МСБ бастығы Русаков пен бірінші бөлімшенің бастығы Казанскийдің 1929 жылдың 1 маусымында жасаған баяндамасынан көруге болады: «Қарқаралы округі үлкен ойшылдар - Бөкейхановтың, Ермековтің Ақбаевтың және ірі байлардың мекені»[1]. «Ақсары ауданында қазақ жастары колхоз ісін насихаттауда. Қу ауданы - бай тұқымынан шыққан № 1, №2, №3, №4 ауылдарды біріктірген Ақбаевтың елі»[2]. «Абыралы ауданының №4, №6, №10, №11, №15 ауылдарында байдың атқамінерлері көп. Берікқара ауданында тәркілеу кезінде байлардың атқамінерлері халықты кеңес үкіметіне қарсы арандатуға тырысты»[3]. «Балқаш ауданы - Алашорда жетекшісі Бөкейханов Әлиханның Отаны»[4]. «Орыс шаруашылығына қарасты Хорошевский ауылында Тихоновец басқаратын кулактар топтастырылған»[5]. «Калинин ауылында баптистердің тобы бар»[6]. «Аймақта реакционерлерге толы Қарқаралы атты казак станицасы тұр»[7]. Бұл келтірілген деректер таптық жіктеудің жаңа көрінісі еді.
Қазақтың үстем тап өкілдері бай-сұлтандар сол жердің иесі саналатын. Шаруашылықтың да, береке-бірліктің де, елдіктің де ұйтқысы солар еді. Ал жарлы-жақыбай дегендер көбінесе байдың рулас ағайындары болып келетін. Еуропалық, орыстық ұғымдағыдай еңбегін жалдап, кесімді еңбекақымен жұмыс істейтін кедей жоқ болатын.
Қазақстандағы тоталитарлық жүйенің күшеюі Ф. Голощекин есімімен байланысты болды. Ұсақ саудагер отбасында дүниеге келген, патша отбасы мүшелерін атуды ұйымдастырушылардың бірі Голощекин ауылда Кеңес өкіметінің әлі де орнамағанын, онда байлардың әмірі жүріп тұрғанын айтты: «Ауылда Кіші Қазан төңкерісін жасау қажет. Байға қарсы тап күресінде кедейлерге көмек беру керек. Егер бұл азаматтық соғыс болса, біз оған барамыз. Ауыл Қазан төңкерісі лебін әлі сезінген жоқ» дегенді айтып, Сталинге хат жазды. Ауылдың дәстүрлі әлеуметтік құрылымын жою негізгі міндет ретінде айқындалды. Келесі кезекте қазақтарды жаппай тұрғылықты өмір салтына көшіру көзделінді. Мұндай іс-шаралардың жергілікті коммунистердің наразылығын тудыратынын жақсы түсінген Голощекин өзінің ой-пікірін қолдамайтын партия басшыларына қарсы күрес жүргізуді де естен шығармады. Қазақстандағы оппозицияны іс жүзінде ығыстырған Голощекин «Кіші Қазан» идеясын өмірге енгізе бастады. 1926-1927 жылдары жыртылатын жерлер және жайылымдар қайта бөлінді. Ауқатты шаруашылықтардан тартылып алынған жерлер кедейлер мен орта шаруаларға берілді. Алайда бұл шара ойдағыдай нәтиже бермеді. Қолында ештеңесі жоқ шаруалар берілген шабындықтар мен жайылымдарды пайдалана алмады.
Достар кооперациясының басқарма төрағасы Жарлығамбетов Жақыш Балқаш ауданының №5, №6 ауыл азаматтарының жиынында тері шикізатын дайындау сұрағы бойынша, былай деп түсінік берді: «Кімде-кім кооперацияға ит терісін тапсыратын болса, сол адамға әрбір тапсырған терісіне қарай 10 пұт астық бөлетінін» айтты. Осы жиынға қатысқан бірнеше шаруашылық, берілген түсініктемеге қатысты, түнімен иттерді аулауға кірісті. Бір түнде 150 шақты ит өлтірілген, алайда мұндай көлемдегі тапсырыстан кейін соңына қарай астық орнына ақылай төлем жасалған.
Кедейлер иттерді өлтіре отырып, астық алып, тұқымдық қарыздарынан құтылуға тырысқан [8].
1927-1928 жылдары қыста үкімет органдары астық дайындауда терең дағдарысқа ұшырады. Астықтың жақсы болуына қарамастан, ауыл шаруашылық өнімдерін мемлекетке өткізу күрт азайды. Елде индустрияландыруды жүзеге асыру үшін қажает қаражат болмады. Бұған қоса, қалаларды азық-түлікпен қамтамасыз ету ісіне қауіп төнді.
1928 жылы 27 тамызда ҚазОАК мен Қаз КСР ХКК-нің «Байлардың шаруашылығын тәркілеу туралы» қаулысы шықты. Сонымен қоса 1928 жыл «жаппай ұжымшарлар қозғалысы» жылы болып жарияланып, ұжымдастыруға бағыт алды. 1929 жылы «Правда» газетіне Сталиннің «Ұлы бетбұрыс жылы» атты мақаласы жарияланды. Онда «Егер ұжымшарлар мен кеңшарларды дамыту тез қарқынмен жүргізілсе, онда үш жыл ішінде КСРО әлемдегі астықты елге айналады» [9]. Үш жыл өте шықты, ұжымдастыру науқаны жоғары қарқынмен жүрді. Алайда Сталин айтқан астық молшылығының орнына ел жаппай ашаршылыққа ұшырады. Тәркілеумен қатар жүргізілген ұжымдастыру қысым көрсету, мәжбүрлеу арқылы жүзеге асты.
Қарқаралы өңіріндегі аштықты көзімен көрген Зәкен апай әңгімесін былай баяндайды:
«1930 жылдары мен 12 жаста болатынмын. Бар малымызды кәмпескелеп, алып қойғаннан кейін, ауыл халқы бір уыс бидайға зар боп қалды. Сол жылы аштыққа ұшыраған ауылдың балаларын өкімет үйіне тапсырамыз деген желеумен белсенділер арбаға салып тысқары жаққа апарып тастады. Келіп алып кетеді деген көліктері келмеген соң, қарындары ашқан балалар тамақ іздеп тау-тасты кезіп кетті, солардың бірі де тірі қайтпады»[10].
«Аштыққа ұшыраған адам санын айту мүмкін емес, тіпті көше-көшеде аштықтан қылжиып өліп жатқан адамдардың іздеушілері де, жоқтаушылары да болмады. Көшеге шыға қалсаң: Ағатай, қойыныңда не бар? - деп артыңнан ере түскен адамдарға кезігесің. Олардың сені қууға да күші жоқ, құлап қалса тұра алмаушы еді. Халық тамақ іздеп кешегі күннен қалған сүйек-саяқты, тулақты азық ете бастады. Кезіндегі атақты байлардың салғызған үйлері қаңырап бос қалды. Ұсталғаны тәркілеуге ілініп, кейбіреулері Қытай асып кетті. Аштыққа ұшыраған елдің ойы сан-саққа жүгірді. Қарағанды деген жер бар, онда шахта деген жұмыс бар екен, шахтада жұмыс істесең, нан береді дегенді естіген халық сол өңірге жол тартты. Қарағандыға жеткені жетіп, жетпегені жолда аштықтан көз жұмды»[11].
Ұжымшарлар мүшелігінен жаппай шығу жағдайлары болған жоқ. Қуда байлардың үгіт насихатынан кейін ұжымшар мүшесіндегі 30 әйел: «Ерлеріміз колхоз мүшесінде болсын, ал біз жеке мал шаруашылық серіктестігін ұйымдастырамыз» - деген себептермен шығуға өтініш білдірді, Калининскіде 15 шаруашылық колхоз мүшелігінен шығып, түсіндіріп айтқаннан кейін қайтадан мүшелікке кірді. Округ бойынша 255 ұжымшар құрылды, оның ішінде шаруашылық 23110 немесе барлық тұрғындардың 57 пайызы аудандарға ұжымдастырылған: Беркарыда - 95 пайыз, Абралыда - 92 пайыз, Балхашта - 27, Шұбартауда - 28, Шетте - 45, Қуда - 35, Хорошевскіде - 70, Пригородныйда - 66 пайыз. Тозығы жеткен ұжымшарларды таратып, қалғандарын бекіту барысын тексеру үшін өкілеттілік мүшелері жіберілді. Партияның 11 мүшесі жауапкершілікке тартылып, оның ішінде біреуі партиядан шығарылды, 26 сот ісінен жауапкершілікке тартылғандар саны 46, оның ішінде 6 адам сотталды. [12].
Таптық жіктеудің тағы бір көрінісі ДКО ОБ төрағасы Северьянов пен Каркомпросс алқа мүшесі Шохиннің 1930 жылғы қалалық пионерлер мен мектеп оқушыларына жасаған баяндамасынан көруге болады: «Онда Социалистік бастамаларда ауылдарды қайта құрудағы үдемелі жұмыс, ауылдарда социализмді жеңіспен атап өтуге кедергі келтіруге тырысып жүрген, біздің таптық жауларымыз жағынан қарсылықты тудыруда.
Қаладағы мэлмандар мен зиянкестер, кулактар мен поптар - міне біздің жауларымыз. Дәл қазіргі уақытта сіздердің алдарыңызда бар ұшқырлықпен тұрған есеп: өздеріңіздің ең әлді өткір күштеріңізді ауылдарды қайта құруға көмекке жұмсау»[13]. Осы орайда, отырықшыландырудың аса маңызды стратегиялық мақсат емес, ұжымдастыру ұрандары жетегінде «бүйректен сирақ» дегендей көлденең шара болғандығы көрініп тұр.
Күштеп ұжымдастыру саясаты мемлекет ішінде шаруалардың кең көлемдегі қарсылығын тудырды. 1929-1931 жылдар аралығында Қазақстанда 80 мың адам қатысқан 400-ден астам көтеріліс болған. Көтерілістің кең көлемді жүргізілуінен қорыққан Алматы Сталиннің өзінен Қызыл Әскер күштерін жіберуін өтінген. ОГПУ көтеріліске қатысқан 5551 адамды соттап, оның ішінде 883-ін адамды ату жазасына кескен. Сот ісіне ілікпей құрбан болған адам саны одан да көп еді [14].
Ф. Голощекин 1930 ж. 13 сәуірде жасаған баяндамасында партияның саясатын былай көрсетті: «Біздің партияның ауылдағы саясаты неден тұрады? Біріншіден, мал шаруашылығын көтеру [15]. Екіншіден, тек байлардың шаруашылықтары үшін қатаң түрде дайындау жоспарларын өткізе отырып, өндірістік контрактация негізінде мал, жүн, тері дайындауды жүргізу [16]. Бұл талаптарды орындамайтындар, оны бұрмалайтындар бізбен бірге емес, олар бізге қарсы, біз олармен жаумен шайқасқандай күресетін боламыз» [17].
Шет ауданында Досанов Айсұр былай деп мәлімдеді: «Бізді өкімет қалай қорғайды, егер бар мал-мүлікті колхозға жазатын болса. Барлық мал-мүлік мемлекеттің қазынасына көшкен»[18]. Солақай істердің әрекетінен елде жапппай наразылықтар мен толқулар басталды. Сондай көтерілістің бірі Балқаш жерінде болып өтткен. Бұл көтерілісті Қар МСБ-ның төрағасы Салиховтың 1930 жылы 13 мамырдағы берген хабарламасынан көруге болады.
Көтерілісті басқарушылар - бай Жұмабек Оразбеков, №2 ауылдан Абылқан Кембек. Қатысқандар саны - №1, №3, №4 ауылдардан барлығы 400 адам. Шұбартөбе шағын ауданында 10 қарулы отрядқа қарсылық көрсетілді, атыс 4 сағатқа созылды, құрбан болғандар жоқ. Келіссөздер барысында бандылар келесідегідей талаптар қоюда: Бірінші, аштыққа тап болғандарды нанмен, тамақпен, егінмен қамтамасыз ету. Екінші, байларға алғашқыда тәркілеген мал мүліктерін қайтару. Үшінші, 3 бас малға иелік ететін шаруашылықтарға салық салмау [19]. Көтерілісшілер 16 қару, 5 винтовка, 1 наган және браунингпен әскерге қарсылық көрсеткен [20].
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін келтірер болсақ, Қазақстан өткен ғасырдағы 20 жылдардың екінші жартысы мен 30 жылдары бұрын-соңды болмаған әлеуметтік сынақ жасаудың алып полигонына айналды. Мұнда бірінші рет феодализмнен капиталистік қоғамға соқпастан социализмге өту идеясын жүзеге асыру әрекеті жасалды. Саяси салада қазақ халқының тілі мен тарихын, зиялы қауымын жікке бөліп жою, шынайы егемендігінен айыру болса, әлеуметтік-экономикалық салада Қазақстанды елдің шикізат базасы ретінде дамыту, қазақ халқын отырықшылыққа көшіру және ауыл шаруашылығын ұжымдастыру еді. Жоғарыда келтірілген деректерге қарасақ ұлт зиалыларының өкілдері ұлтшыл, басмашылармен байланысы бар, Кеңес өкіметін құлатуға ұмтылды деген желеумен айыпталды. Тіпті, пионерлер мен оқушылардың өзін ұжымдастыруға шақыра отырып, оларға идеологиялық қызметкерлердің қолымен идеялар үшін өгей әкесін ұстап берген оралдық Павлик Морозовтың есімі пайдаланылды. Бұл «ми шаюдың» шектен шыққан түрі болатын. Ірі бай-феодалдардан тәркіленіп алынған мал сол кездегі Қарлагқа қарасты кеңшарларға жеткізіліп жатты. «Малым - жанымның садағасы» деп күн кешкен көшпелі халық мал-мүлкінен, туған жерінен айырылып, көнбегені итжеккенге айдалды. Жалған халық жауларымен күрес концлагерьлердің құрылуына жағдай жасады. Концлагерьлерге жер беру мақсатында Голощекиннің 1930 жылдың 1 наурызында Қарқаралы Өлкелік комитетінің хатшысы Бектұрғановқа жіберген жеделхатында баяндалған. Қаз ОАК-нің шешімі мен РАЙКОМ-ның табанды өтініші, БМСБ өтініштері және кулактарды жоюмен байланысты қазіргі жағдай концлагерьлерді ұйымдастыруға БЕСОБА-ны ұсынуды талап етеді. Орындауды және қолдау көрсетуді ұсынамыз[21].
Қазақтар өкіметке астық тапсыру міндеттемелерін орындау үшін малды астыққа айырбастауға мәжбүр болды. Кең көлемде етпен жүн дайындау науқаны жүріп жатқанда, бұл малды жаппай союға және олардың суықтан қырылуына ұрындырды. Бұның бәрі жығылғанға жұдырық болып тиді.
Пайдаланған әдебиеттер мен деректер
-
ҚОММ. Қор.9. Тіз.1. Іс.32. парақ 2.
-
Сонда, 2 парақтың келесі беті.
-
Сонда, 3 парақ.
-
Сонда,4 парақ.
-
Сонда, 4 парақтың келесі беті.
-
Сонда, 5 парақ.
-
Сонда, 6 парақ.
-
ҚОММ. Қор.9. Тіз.1. Іс.92. парақ 35.
-
М.Х.Абусейтова и др. История Казахстана и Центральной Азии Алматы, 2001. 495 с.
-
Сұхбат: Мұстабекова Закен 1918 жылы туылған.
-
Сұхбат: Рахимбекова Рымкүл 1945 жылы туылған.
-
ҚОММ. Қор.9. Тіз.1. Іс.90. парақ 186.
-
Сонда, 47 парақтың келесі беті.
-
М.Х.Абусейтова и др. История Казахстана и Центральной Азии Алматы, 2001. 495 с.
-
ҚОММ. Қор.9. Тіз.1. Іс.92. парақ 43.
-
Сонда, 44 парақ.
-
Сонда, 46 парақ.
-
Сонда, 33 парақ.
-
Сонда, 53 парақ.
-
Сонда, 54 парақ.
-
ҚОММ. Қор.9. Тіз.1. Іс.90. парақ 62.