ҚАЗАҚ ТІЛІ САБАҚТАРЫНДА ОЙЫН ТҮРЛЕРІН ТИІМДІ ҚОЛДАНУ

Раздел Другое
Класс -
Тип Другие методич. материалы
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

ҚАЗАҚ ТІЛІ САБАҚТАРЫНДА ОЙЫН ТҮРЛЕРІН ТИІМДІ ҚОЛДАНУ

Касаинова Риза Кожахметовна

«Степное негізгі мектебі- балабақша кешені» КММ

ШҚО, Глубокий ауданы

Ойын дегеніміз - адамның ақыл - ойын дамытатын, қызықтыра отырып ойдан ойға жетелейтін, тынысы кең, алысқа меңзейтін, қиял мен қанат бітіретін ғажайып нәрсе.

А.Сухомлинский «Ойынсыз ақыл ойдың қалыпты дамуы жоқ және олай болуы мүмкін емес. Ойын дүниеге ашылған үлкен жарық терезе іспеттес, ол арқылы баланың рухани байлығы жасампаз өмірмен ұштасып айналадағы дүние туралы түсінік алады. Ойын дегеніміз - ұшқын, білуге құмарлық пен еліктеудің маздап жанар оты» деген.

Ойын - балалардың негізгі іс - әрекетінің бір түрі. Ойын барысында баланың жеке басының қасиеттері қалыптасады.

Ойын-балалар үшін оқу да, еңбек те болып табылады. Ойын - айналадағы дүниені тану тәсілі. Ойын балаларға өмірде кездескен қиыншылықтарды жеңудің жолын үйретіп қана қоймай, ұйымдастырушылық қабілетін қалыптастырады. Ойын балалар үшін күрделі әрекет бола алады. Балалар білімді ойын арқылы қабылдап, үлкендерден үйренеді. Сондықтан сабақтағы ойын оқушы білімін шыңдап, ой-өрісін кеңейте алады, білім алудағы қызығушылығын арттырады. Ойын арқылы бала көптеген мәліметтер алады, психологиялық ерекшеліктерін қалыптастырады. Баланың жас ерекшелігіне, сабақтың мақсатына сай ұйымдастырылған ойындардың берері мол.

Оқу орыс тілінде жүретін мектептердегі қазақ тілін оқытатын мұғалімнің басты мақсаттарының бірі-оқушының оқу, таным белсенділіктерін,тілді үйренуге қызығушылықтарын арттыру болып табылады. Сондықтан да орыс тілінде білім алатын сыныптардағы қазақ тілі сабағында ойын түрлерін қолданудың маңызы зор. Қазақ тілі сабағында ойынды тиімді қолдану оқушының мемлекеттік тілде дұрыс сөйлеп үйренуіне мол мүмкіндік береді.

Сабақта орынды қолданылған ойын элементтері оқушылардың ынтасын арттырып, білім дағдыларын игеріп, іскерліктерін шыңдауға өз септігін тигізеді. Ойын барысында қолданылатын дидактикалық материалдар оқушыларға ыңғайлы, түсінікті болса, ойын жақсы нәтиже береді.

Ойын түрлерін пайдаланудың оқушылар білімін тиянақты етудегі зор мүмкіндігін ескере отырып, мен өз іс тәжірибемде көптеген ойын түрлерін қолданамын. Сабақта ойын түрлерін қолдану оқушылардың жоғары көңіл күйін туғызады. Ал мұның өзі оқушының белсенділігін, дербес ойлануын, қызығуын арттырып, сабақты қабылдауға, барынша қолайлы ықпалын тигізеді.

Сабақ барысында оқушылардың қызығушылығын арттырып , зейінін, тілін дамыту үшін грамматикалық ойындарды қолдануға болады.

Грамматикалық ойынға арналған жаттығулардың өз ерекшелігі болады. Әдетте оған оқушылардың белсенділігін арттыратын, жарыстың нәтижесін айқын көрсететін жаттығулар таңдап алынады. Ойын - жаттығулардың ерекшеліктері оларды оқушылар зор белсенділік жағдайда бар ынтасымен орындайтын болуы тиіс. Жұмысты орындау барысында ойынға еліге оқушылар берілген тапсырмаларды бар ынтасымен орындайды.

«Сөз қуаласпақ ойыны»- сынып екі топқа бөлініп бірінші топқа « сын есімдер» , екінші топ « зат есімдер» деп ат қойылып сөз тіркестерін құрастырып ойнауға болады, немесе бірінші топқа «бастауыш»,екінші топ «баяндауыш» болып , «бастауыштар» сөйлемде бастауыш болатын сөздерді айтады, «баяндауыштар» оған қимылды білдіретін сөздерді қосып, сөйлем құрайды.

«Ретімен жаз» - бірнеше сөздер беріледі, оқушылар осы берілген сөздерді алфавит бойынша жазулары керек.

«Кім жүйрік» - берілген сан есімдерді сөзбен жазып сөздерді аудару қажет. Мысалы: Т1, 100ім, 1лік с2р, к3 , к3ік , 5ік , 6н, 7ім, қ10, 40қабат, қ10жық.

Сабақта тиімді қолданылған ойын оқушылардың грамматиканы толық меңгеріп, сауатты жазу дағдысына мол мүмкіндік береді. Оқушыларды өз беттерімен жұмыс істеуге дағдыландырады, ізденімпаздыққа баулиды.

Әр түрлі зерттеулердің нәтижелеріне сүйене отырып, балалардың тілінің дамуында сөйлеу қабілетін жетілдіріп, дүниетанымын кеңейтуде сөздік ойындардың атқарар рөлі ерекше екені дәлелденді. Жалпы орыс тілінде білім алатын сыныптардағы жүргізілетін сөздік жұмысы -тіл дамытудың іргетасы. Сөздік жұмысы сөйлем құрауға материал береді, сөздерді байланыстырып сөйлеуге, әңгіме айтуға, шығарма жазуға көмектеседі. Сондықтан да орыс сыныптарында қазақ тілін меңгертудің бірден- бір тиімді жолы сөздік сөздермен жұмыс болып табылады.

Қазақ тілі сабағында келесідей сөздік ойындарды ойнауға болады.

«Сөзтізбек»- оқушыларға өткен тақырыптар бойынша сұрақтар беріледі. Мысалы: 1. Шығыс Қазақстан облысының орталығы . 2. Қасиетті тағам. 3. Музыкалық жазу. 4. Қазақстан Республикасының астанасы. 5. Жеміс.6. Қазақстан қандай мемлекет?

Жауабы: Өскемен-нан-нота-астана-алмұрт-тәуелсіз

«Ойлан, тап» ойыны бастауыш сыныптарда белгілі бір тақырып бойынша сөздерді табатын болса, жоғарғы сыныптарда өлең жолдарын , сөйлемдерді табуға болады. күнделікіолыдәптерарлолывқарындашгшцыралдсызғышроузыжшюч кцщадооқулықалжкнечбыөшіргішеждхзумақаламежгоыдэсуретлдыв

«Оқы,тоқы жатқа айт» ойынында оқушылар ұқсас сөздердің аудармасын тауып, естерінде тез сақтайды.

трава -шөп, синий- ....., гора-тау, враг-...., лиса-түлкі, смех- .....

жақын-близкий, төмен- ....., тауық- курица, көше-...., емен-дуб, көже-.....

«Төртінші артық» ойыны оқушыларға төрт -төрттен жазылған сөздер беріледі, соның ішінен артық сөзді тауып,түсіндірулері керек. Мысалы: қыс,қыз, күз,жаз- артық сөз қыз- кім?- деген сұраққа жауап береді, қыс, күз,жаз - жыл мезгілдері, не деген сұраққа жауап береді.

«Жұмбақ шешу» - ойынын жарыс түрінде өткізуге болады. Жұмбақ ойыны балалардың өздігінен ойлауына мүмкіндік береді. Оларды дерексіз ойлаудан нақтылы ойлауға жетелей түседі. Тіл дамытуда, сөзді таза сөйлеп, ширақ айтуда ежелгі халық ойыны жаңылтпашты ұтымды пайдалануға болады.

Бұл ойындардың қайсыбірі болмасын оқушылардың ойлау қабілеттерін дамытып, сөздік қорларын молайта түседі.

Бастауыш сыныпта оқушыларды ұлттық ойындармен таныстырып, қызығушылықтарын арттыру үшін әр сабақ тақырыптарында ұлттық ойындардың элементтерін ойын түрінде көрсетіп, қызықтырып отыруымыз керек. Себебі өзге ұлт өкілдері қазақтың ұлттық ойындары туралы жоғарғы сыныптарға барғанда ғана мағұлмат алады. Егер де бастауыш сынып кезінде қазақтың ұлттық ойындарының аты, ойналу шарттары жайлы құлақпен естіп, көзбен көріп, ойнап жаттықса, жоғарғы сыныптарға барғанда оқушылар ұлттық ойындар туралы мәліметтерді жедел қабылдап, жеңіл меңгеретін болады

«Теңге алу» ойыны. Бұл ойынды математика пәнімен байланыстыра отырып , әр теңгенің астына суретті есеп беруге болады. Оқушылар берілген есептің жауабын тауып, қазақ тілінде айтулары керек. (Мысалы, үш аю қосу бір аю тең болады төрт аю)

«Бәйге» ойыны. Екі қатардан үш- төрт оқушы ( топ ретінде қатыстыруға да болады) ортаға шығып, үлестірмелі карточкаларда жазылған сөздерді аударады немесе мақал- мәтелдерді жалғастырады. Белсенді, дұрыс жауап берген оқушы жеңімпаз атанады.

«Сақина салу» - жеребе арқылы бір қыз, бір ұл бала ортаға шығады. Басқалары екі қолдарын уыстаған күйі тізелерінің үстіне қойып отырады. Қыз қолындағы сақинаны әр ойыншының уысына салғандай ыңғаймен ойынға қатынасушыларды түгел аралып өтеді. Содан кейін жігітке: «Сақинаны тап!» деп бұйырады. Ұл бала сақинаны тапса, сақинаны ұстап отырған ойыншы айып тартады. Таппаса, іздеушінің өзі айып тартады. Айып тартушы сиқырлы сандықтан шыққан түрлі тапсырмаларға жауап береді немесе қазақша өлең -тақпақ айтады, не болмаса бір тақырыпта мәтін құрастырады.

«Көкпар» ойыны- оқушылар үш топқа бөлінеді.Мұғалім сұрақтар қояды.Қайсы топтағы қол көтерген оқушылар саны көп болса,сол топ оқушылар «лақты» алды делінеді,яғни жауап береді. Жауап толық болмаса,қайтадан қол көтеріліп толықтырылады.Жауапқа толық жауап берген оқушы лақты мәреге жеткізген болады,ол оқушыға жоғары ұпай қосылады.

Қазақ халқының өшпес мұраларының бірі - ұлттық ойындар тек көне заманда ғана емес, күні бүгінге дейін өзінің жалғасын тауып келе жатқан құбылыс. Бүгінгі таңда ұлттық ойындардың сабақтарда қолданылу маңызы орасан зор. Балалар атадан - балаға мұра болып келе жатқан ұлттық ойындардың атауларын естіп, дұрыс айтып, жазуға үйренеді.Ұлттық ойындар тапқырлыққа , зеректілікке, білгірлікке баулиды. Бізге мұра етіп тапсырып кеткен бабаларымыздың асыл қазыналары қазақтың ұлттық ойындарына деген өзге ұлт өкілдерінің көзқарасын өзгертіп, құрметтеуге үйретеді.

Қорыта айтқанда, ойын - балалардың негізгі іс- әрекеттерінің бір түрі. Кез - келген ойын түрлерін сабақта ойнатқанда оқушыларда әрекет пайда болады, дүниетанымы кеңейеді. Сөйтіп оқушы ой - өрісін ойын арқылы дамытады. Бала ойынсыз өсіп өркендей алмайды. Бұл - өмірдің заңдылығы. Сондықтан да қазақ тілі сабағында ойын элементтерін пайдаланудың оқушылардың ой белсенділігін арттырудағы маңызы зор.

Пайдаланылған әдебиеттер:


  1. Бастауыш мектеп, 3, 2003, А.Әбішева «Ойын элементтерін пайдаланудың педагогикалық ерекшеліктері»- Б.17

  2. Баялиева С. Сабақта ойын түрлерін қолдану., Қазақ тілі мен әдебиеті орыс мектебінде. - 2004. №3. - Б.97

  3. Қашқынбекова Г. Бастауыш сыныпта қолданылатын ұлттық ойындар //Ұлағат. - №3, 2008. - 11

© 2010-2022