Заманауи әлемдегі педагог Эссе

Раздел Другое
Класс -
Тип Другие методич. материалы
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Заманауи әлемдегі педагог (эссе)

...Алты Алаштың баласы бас қосса,

қадірлі орын - мұғалімдердікі.

Мағжан Жұмабаев.

Қиындығы көп, қызығы мол ұстаздық қызметтегі тынымсыз еңбек, таусылмас төзім мен шынайы сезім бірлігін, өн бойына аса ауыр салмақты жүктеген, жүрекпен сөйлеп, жүрекке жеткізетін Ұстаз қадірін Мағжан кемеңгер тауып айтқан.

«Өмір - теңіз, онда жүзем демеңіз ізгіліктен жасалмаса кемеңіз» делінген А. Рудаки даналығында. Ендеше, баланың жан-дүниесі өте нәзік, жүрегі ізгілікке толы. Әр бала - жеке тұлға. Біріне - бірі ұқсамайды, жаңалықты асыға күтетін талантты. Сол талантты бала жүрегіндегі ізгілікті шынайылықпен тани білетін қазіргі заманғы ұстаз қандай болуы керек? - деген өзекті сұрақ өз жауабын күтуде.

Ұстаз - ұлағатты сөз, ұстаз - ұлағатты адам. Мен үшін ұстаздың орны ерекше, өйткені барлық мамандықтың бастауы - мұғалім деп ойлаймын.

Қазақстан Республикасының жоғары педагогикалық білім беру тұжырымдамасында «Жаңа формация мұғалімі - кәсіби дағды мен педагогикалық дарыны қалыптасқан, жаңалыққа құмар, рухани дүниесі бай, шығармашылықпен жұмыс істейтін жеке тұлға» деп көрсетілген, атап айтқанда, ол - ізгілігі мол, әр іске жаңашылдықпен, үлкен ізденіспен зерттеуші ретінде қарайтын, ақпараттық технологияларды жетік меңгерген коммуникативті, толыққанды құзырлы адам.

Н.Ә. Назарбаев «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында білім беру ұйымдары жастарға жалаң білім беріп қана қоймай, алған білімдерін өмірдің түрлі жағдайларында пайдалана алуды үйретуі керек екендігін баса айтты.

Қазіргі тез құбылмалы әлемде функционалдық сауаттылық адамдардың әлеуметтік, мәдени, саяси және экономикалық қызметтері белсенді қатысуына, сондай - ақ өмір бойы білім алуына ықпал ететін базалық факторлардың біріне айналуда, - делінген мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі ұлттық іс-қимыл жоспарында.

Функционалдық сауаттылық - адамның сыртқы ортамен қарым-қатынасқа түсе алу қабілеті және сол ортаға барынша тез бейімделе алуы мен қарым-қатынас жасай алу деңгейінің көрсеткіші.

Ұстаз алдында тұрған мақсат өте биік, міндет өте үлкен. Шығыстың ұлы ойшылы Әл - Фарабидің «Ұстаз тарапынан барынша ынталылық пен табандылық қажет. Өйткені ұстаз жұрт айтқандай, тамшысымен тас тесетін бейнебір су тәрізді» деген теңеулері бүгінгі күнде де өз мәнін жойған жоқ. Ендеше, әлемдік өркениетке бет алған бүгінгі қазақ елінің де болашағы білім мен тәрбиенің алауын жаққан мектеппен тікелей байланысты және мектеп тағдыры халық тағдырымен тамырлас.

Білім беру оқыту мен тәрбиелеудегі үздіксіз үрдіс. Бүгінгі ғылым мен техниканың озған заманында жас ұрпаққа жан - жақты сапалы білім мен саналы тәрбие берудің нәтижесі, жемісті болуы мұғалімнің педагогтік әдебіне, әдістемесі мен кәсіби шеберлігіне байланысты, сабақта педагогикалық жаңа технологияларды ұтымды пайдалана отырып, әрбір шәкірттің жүрегіне жол табу. Атақты тіл білгірі, ғалым, ағартушы Ахмет Байтұрсыновтың: «Балам дейтін жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан тусын?» деген ойлы пікірі әрбір ұстазға үлкен ой салары сөзсіз.

Мұғалім шеберлігі уақытпен санасады десек те, адам көкірегінде арман болары, сол арманын көрсету арқылы оқушыны да арман көкжиегіне қызықтыра көз тіккізе білгені жөн. Қазіргі заман мұғалімі мынадай талап деңгейінен көрінеді: Мамандығы бойынша негізгі дайындығы болуы, адамдардың адамға, қоғамға қатынасын реттейтін құқықтық және этикалық нормаларын білуі, қазіргі білім беру технологиясын пайдалана отырып, жаңа білім алуы және өз еңбегін ғылыми негізде ұйымдастыра білуі, компьютерлік техниканы меңгеруі , ғылыми іскерлік, қоғамдық-саяси және тұрмыстық тілдер ауқымында мемлекеттік және шетел тілдерінде сөйлесе білуі.

Жаңа замандағы ұстаздың кәсіби мәдениетінің сипаттары: кәсіби қасиеті, моральдық-этикалық қасиеті және психологиялық даярлығына байланысты.

Қазақтың ұлы педагогі, психологі, ағартушы, Ж.Аймауытов «...Баланың ақылы, сезімі, қайраты мұғалімнің жігерлі ықпалы арқасында жетіледі. Мұғалім балаларына салақ, селқос қараса, олардың жан қуатын кемітіп, тәрбие де бере алмайды» деп, мұғалімнің бала алдындағы үлкен жауапкершілігін атап көрсеткен және де әр баланың психологиялық ерекшеліктерін ескеруі қажеттігін аңғартқан.

Қарап отырсақ, білімі терең және жоғары мәдениетті, ғылым мен техниканың жетістіктерін игерген оқушының өзін-өзі тануға ұмтылуына, ізденуіне жол ашу - мұғалім алдындағы үлкен міндет. Өмірде дұрыс жол табуы үшін адам дұрыс ой түйіп, өздігінен сапалы, дәлелді шешімдер қабылдауы керек. Демек, бүгінгі мектептің алдына қойған ең басты мақсаты - қазіргі заманның өркениетті, прогресшіл бағытына сай азаматтық адамгершілік қасиеті мол, терең білімді ұрпақ тәрбиелеу.

Мұғалімнің педагогтік әдебі, шеберлігі әр баланың дара қасиетін ескере отырып таңқалдыруға жұмсалуы қажет. «Баланы таңқалдыруды ұмытпа, даналық таңқалудан басталады» дейді даналар. Әрбір бала - халқының тұлғасы, сондықтан халықты жасайтын да мұғалім. Адамгершілігі мол мұғалімнің келбеті оның кісілігі мен маман ретіндегі білігінің үйлесімінен тұрады. Олай болса, заманауи мұғалімнің осы деңгейден шыға алатынына сенемін.

Қарағанды қаласы, «№23 ЖББОМ» КММ

қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Мамедярова Роза Момыновна

© 2010-2022