Конспект на тему Білімгерлердің Функционалдық сауаттылығын дамыту туралы

Раздел Другое
Класс -
Тип Конспекты
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012 - 2016 жылдарға арналған ұлттық іс-қимыл жоспарын бекіту туралы

«Мемлекет басшысының 2012 жылғы 27 қаңтардағы «Әлеуметтік- экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 30 қаңтардағы № 261 Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012 - 2016 жылдарға арналған ұлттық іс-қимыл жоспары бекітілсін.
2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 25 маусымдағы
№ 832 қаулысымен
бекітілген

Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012 - 2016 жылдарға арналған ұлттық іс-қимыл жоспары

Кіріспе

Елбасы Н. Назарбаев 2012 жылғы 27 қаңтардағы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту бойынша бес жылдық ұлттық жоспарды қабылдау жөнінде нақты міндет қойды.
Аталған міндет Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіруі процесінде де маңызды болып табылады. Еліміз үшін маңызды болып табылатын аталған стратегиялық міндетті шешу жағдайында тұлғаның ең басты функциялық сапалары белсенділік, шығармашыл тұрғыда ойлауға және шешім қабылдай алуға, кәсіби жолын таңдай алуға қабілеттілік, өмір бойы білім алуға дайын тұруы болып табылады. Бұл функционалдық дағдылар мектеп қабырғасында қалыптасады.
Функционалдық сауаттылықты дамытудың жалпы бағдары Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында анық көрсетілген. Ондағы басты мақсат жалпы білім беретін мектептерде Қазақстан Республикасының зияткерлік, дене және рухани тұрғысынан дамыған азаматын қалыптастыру, оның физикалық құбылмалы әлемде әлеуметтік бейімделуін қамтамасыз ететін білім алудағы қажеттіліктерін қанағаттандыру болып табылады.
Осы Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012 - 2016 жылдарға арналған ұлттық іс-қимыл жоспары (бұдан әрі - Ұлттық жоспар) мектеп оқушыларының функциялық сауаттылығын дамыту процесін мазмұндық, оқу-әдістемелік, материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар кешенін қамтиды. Ұлттық жоспар Қазақстан Республикасындағы білім сапасын жетілдірудің негізгі бағдары ретінде мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту іс-қимылдарының мақсаттылығын, біртұтастығы мен жүйелілігін қамтамасыз етуге арналған.

1. Ұлттық жоспардың мақсаты мен міндеттері

Ұлттық жоспардың мақсаты - Қазақстан Республикасындағы мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту үшін жағдай жасау.
Ұлттық жоспардың міндеттері:
1. Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамытудың отандық және халықаралық практикасын зерделеу.
2. Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту бойынша шаралар жүйесін іске асырудың тетіктерін анықтау.
3. Білім мазмұнын жаңғыртуды қамтамасыз ету: стандарттар, оқу жоспарлары мен бағдарламалар.
4. Білім беру процесін оқу-әдістемелік қамтамасыз етуді әзірлеу.
5. Мектеп оқушыларының білім сапасын бағалау және мониторинг жүргізу жүйесін дамыту.
6. Мектептің және қосымша білім беру жүйесі ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту.

2. Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту бойынша ағымдағы жағдайды талдау

«Функционалдық сауаттылық» ұғымы алғаш рет өткен ғасырдың 60-шы жылдары ЮНЕСКО құжаттарында пайда болды және кейіннен зерттеушілердің қолдануына енді. Функционалдық сауаттылық, кеңінен алғанда, білім берудің (бірінші кезекте жалпы білім беруді) көп жоспарлы адамзат қызметімен байланысын біріктіретін тұлғаның әлеуметтік бағдарлану тәсілі ретінде түсіндіріледі. Қазіргі тез құбылмалы әлемде функционалдық сауаттылық адамдардың әлеуметтік, мәдени, саяси және экономикалық қызметтерге белсенді қатысуына, сондай-ақ өмір бойы білім алуына ықпал ететін базалық факторлардың біріне айналуда.
Функционалдық сауаттылық тұжырымдамасына негізделген анағұрлым танымал халықаралық бағалау зерттемелерінің бірі Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) қолдауымен өткізілетін 15 жастағы оқушылардың оқу жетістіктерін бағалаудың халықаралық бағдарламасы (Programmer for International Student Assessment - РІSА) болып табылады. РІSА 15 жастағы жасөспірімдердің мектепте алған білімдерін, іскерлігі мен дағдыларын адами іс-әрекеттердің әртүрлі салаларында, сондай-ақ тұлғааралық қарым-қатынас пен әлеуметтік қатынастарда өмірлік міндеттерді шешу үшін пайдалана алу қабілеттерін бағалайды.
РІSА зерттеулері қазіргі уақытта әлемде мектептік білім берудің тиімділігін салыстырмалы бағалаудың әмбебап құралы ретінде қарастырылады. Зерттеу барысында алынған деректер тұтастай оқытудың мазмұны мен әдістері ретінде, сондай-ақ контексті факторлардың (басқару моделі, оқыту тілі, отбасының және т.б әлеуметтік мәртебесі) мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту деңгейіне әсері ретінде білім беру жүйесін дамыту стратегиясын анықтауға негіз болады.
РІSА шеңберіндегі тестілеу барысында функционалдық сауаттылықтың үш саласы бағаланады: оқудағы сауаттылық, математикалық және жаратылыстану-ғылыми сауаттылық. Зерттеу айналым бойынша (үш жылда бір рет) жүргізіледі. Әрбір айналымда функциялық сауаттылықтың қандай да бір түріне ерекше назар аударылады. РІSА бағдарламасының фокусында 2009 жылы оқу сауаттылығы болды.
2009 жылы Қазақстан РІSА зерттеуіне бірінші рет қатысты.
Нәтижелер мыналарды дәлелдейді:
1) қандай да бір күрделі оқу мәтіндерін дәл пайдаланып, олардың көмегімен күнделікті жағдайларда бағдар алуға әзір қазақстандық оқушылардың үлесі - оқу сауаттылығын зерттеуге қатысушылар санының 5%-ын құрайды (ЭЫДҰ елдері бойынша орташа көрсеткіш - 28,6%);
2) нақты бір жағдай үшін нақты модельдермен тиімді жұмыс жасауға, әртүрлі тапсырмаларды дамыту мен кіріктіруге әзір қазақстандық оқушылардың үлесі - математикалық сауаттылықты зерттеуге қатысушылар санының 4,2%-ын құрайды (ЭЫДҰ елдері бойынша орташа көрсеткіш - 16% қатысушы);
3) жаратылыстану ғылымдарының рөлі туралы қорытынды жасауды талап ететін тиімді жұмыс жасауға, әртүрлі жаратылыстану пәндерінен түсініктемелерді таңдауға және біріктіруге, осы түсініктерді өмірлік жағдаяттарға тікелей қолдануға дайын қазақстандық оқушылардың үлесі - жаратылыстану ғылыми сауаттылығын зерттеуге қатысушылар санының 3,6%-ын құрайды (ЭЫДҰ елдері бойынша орташа көрсеткіш - 20,5%).
Бұл ретте TIMSS зерттеулерінде қазақстандық оқушылар жоғары нәтижелер көрсетуде.
Осылайша, Қазақстанның PISA мен TIMSS-қа қатысу нәтижесі республикадағы жалпы білім беретін мектептер педагогтерінің мықты пәндік білім беретіндігін, бірақ оны нақты өмірдегі жағдайларда пайдалануға үйретпейтіндігін көрсетеді.

3. Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту тетіктері

РІSА зерттеулері бойынша көш басында тұрған елдердің (Австралия, Финляндия, Жапония, Жаңа Зеландия, Италия, Оңтүстік Корея және т.б.) нәтижесі көрсеткендей, оқушылардың функциялық сауаттылығын дамытуға мынадай факторлар әсер етеді:
1) білім беру мазмұны (ұлттық стандарттар, оқу бағдарламалары);
2) оқыту нысандары мен әдістері;
3) білім алушылардың оқудағы жетістіктерін диагностикалау мен бағалау жүйесі;
4) мектептен тыс, қосымша білім беру бағдарламалары;
5) мектепті басқару моделі (қоғамдық-мемлекеттік нысан, мектептердің оқу жоспарын реттеудегі дербестігінің жоғары деңгейі);
6) барлық мүдделі тараптармен әріптестікке негізделген достық қалыптағы білім беру ортасының болуы;
7) ата-аналардың балаларды оқыту мен тәрбиелеу процесіндегі белсенді рөлі.
Төменде ұсынылған қазақстандық оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту тетіктері жоғарыда аталған факторлар есебінен анықталды.

Білім стандарттарын, оқу бағдарламалары мен жоспарларын жаңарту

Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту қазіргі 11 жылдық сияқты 12 жылдық мектептің Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартын (МЖБС) жаңарту шеңберінде білім берудің басым мақсаттарының бірі ретінде айқындалады.
Бұл ретте функционалдық сауаттылықты дамыту нәтижесі білім алушылардың жастарға алған білімдерін практикалық жағдайларда тиімді және әлеуметтік бейімделу процесінде сәтті пайдалануға мүмкіндік беретін негізгі құзыреттіліктер жүйесін меңгеруі болып табылады. Негізгі құзыреттілік - бұл мемлекеттің орта мектепті бітіруші тұлғаның сапасына МЖБС-да және оқу бағдарламаларында көрсетілген білім беру нәтижелері түрінде қоятын талаптары.
Орта мектепті бітірушінің мынадай негізгі құзыреттіліктері белгіленген:
Басқарушылық (проблеманы шешу қабілеті);
Ақпараттық (өзіндік танымдық қызметке қабілеті немесе өмір бойы білім ала білуі);
Коммуникативтік (қазақ, орыс және ағылшын (шет) тілдерінде ауызша, жазбаша және нәтижелі қарым-қатынас жасауға қабілеті);
Әлеуметтік (әлеуметтік өзара іс-қимыл жасауға қабілеті);
Тұлғалық (өзіндік іске асыру, өзін-өзі жетілдіру, өмірлік және кәсіби өзін-өзі анықтау, төзімді болу қабілеті);
Азаматтық (қазақстандық сана-сезім мен мәдени ұқсастық негізінде өзінің отаны үшін жауапкершілікті сезіну қабілеті);
Технологиялық (тиімді пайдалану деңгейінде технологияларды, оның ішінде ғылыми, сандық технологияларды пайдалану қабілеті).
Негізгі құзыреттіліктен басқа жекелеген пәндік салалар шеңберінде пәндік құзыреттілік: оқу пәні шеңберінде меңгерілген ерекше білім, іскерлік, дағды ерекшеленеді.
Негізгі және пәндік құзыреттіліктің білім берудің нәтижесі ретінде нақты, өлшемді, қолжетімді, шынайы және уақыты анықталған болуы қажет.
Оқу бағдарламалары, сондай-ақ, мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамытуғажәне негізгі, пәндік құзыреттіліктерге қол жеткізуге бағдарланады.
PISA зерттеуінде табысты елдердің (Оңтүстік Корея, Жапония, Қытай, Гонконг және т.б.) тәжірибелерін ескере отырып, жоспардың инварианттық (міндетті) және вариативтік (мектептің таңдауы бойынша) бөліктері арасындағы тиімді пропорцияны анықтау есебінен оқу жоспарын реттеудегі мектептер дербестігінің сәйкес деңгейі қамтамасыз етілетін болады. Оқу жоспарлары оқу әдебиетін, математиканы оқыту және жаратылыстану-ғылыми, ақпараттық, тілдік сауаттылықты қалыптастыру үшін оқу сағаттарының қажетті санын бөлуді қарастырады.

Оқыту нысандарын, әдістері мен технологияларын жаңарту

Оқыту нысаны мен әдістерін жаңарту елдегі жалпы білім беретін мектептерге Назарбаев Зияткерлік мектептерінің (НЗМ) тәжірибесін тарату және баланың оқуға қызығушылығын тудыратын қазіргі заманғы білім беру технологияларын пайдалану есебінен қамтамасыз етіледі.
Білім беру нәтижелеріне табысты қол жеткізуді, алған білімін оқу және практикалық қызметте пайдалана алуын қамтамасыз ететін логикалық, конструктивті және сыни тұрғыда ойлау негіздерін қалыптастыру үшін оқытудың тиімді нысандары мен әдістері енгізілетін болады.
Жоғары оқу орындарының, «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДБҰ педагогикалық шеберлік орталықтары мен «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының өңірлік орталықтарының базасында педагог кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау бағдарламаларының мазмұны жаңартылып, іске асырылатын болады.
Мұғалімнің кәсіби-жеке тұлғалық құзыреттілігін диагностикалау жүйесі әзірленетін болады. Мұғалімдердің оқытудың инновациялық әдістерін, қазіргі заманғы білім беру және ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайлануы қолдау табатын болады. Мұғалімдер мен оқушыларға қашықтықтан білім беру технологияларын пайдалана отырып ең үздік оқытушылардың сабақтарына қатысу қолжетімділігі ұсынылатын болады.
Интерактивті, инновациялық, жобалық-зерттеу технологияларын, сандық инфрақұрылымдарды пайдалана отырып, сынып ұжымын жаппай оқыту нысанынан әрбір білім алушының жеке білім беру аймағын іске асыруға ауысу қамтамасыз етілетін болады.
Бұл ретте оқушыларға басы артық абстрактілі-теориялық білім мен тапсырмалар беру жойылады. Ол оқу процесін неғұрлым икемді етіп, практикалық бағыттауға мүмкіндік береді.
Оқыту нысандары мен әдістерін түбегейлі жаңарту мұғалім мен оқушы арасындағы әріптестік және достық қарым-қатынастың орнауына ықпал ететін болады.

Мектеп оқушыларын оқыту нәтижелерін бағалау жүйесін дамыту

Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту процесі оқу қызметінің барлық түрлерінің нәтижелілігін оқу материалын меңгерудің процесуалды жағын және жеке тұлғалық қасиеттердің пайда болуын есепке алатын бағалаудың жаңа жүйесін енгізуді айқындайды.
Сырттай бағалау әрбір деңгейді аяқтау бойынша білім алушының оқу жетістіктерінің мәлімделген нәтижелерге (ҰБТ, ОЖСБ және т.б.) сәйкестігіне, сондай-ақ халықаралық зерттеулерге (TIMSS, PISA және PIRLS) қатысуы арқылы жүзеге асырылатын болады.
Іштей бағалау нақты тұлғалық жетістіктерді белгілеу үшін оқу пәні бойынша оқыту сапасын диагностикалау арқылы және МЖБС өлшемдеріне сәйкестігі (аралық және қорытынды бағалау) арқылы жүзеге асырылады.
Білім алушылардың өзін-өзі бағалауы өзін-өзі ұйымдастыру және өзін-өзі жетілдіру үшін жеке жетістіктерін (білім алушының өзін-өзі бағалауы және жетістіктерін есепке алуы үшін портфолио) бағалау арқылы жүзеге асырылады.
Критериялық бағалау жүйесі енгізілетін болады: білім алушының оқу жетістіктерінің МЖБС-да белгіленген мәлімделген нәтижелерге (өлшемдерге) сәйкестігін бағалау. Бағалауға МЖБС-да және оқу бағдарламаларында мәлімделген барлық білім беру нәтижелері, сондай-ақ негізгі және пәндік құзыреттіліктер жатады.
Мониторинг нәтижелері білім алушының функционалдық сауаттылығының даму динамикасын, мектеп оқушыларының, мұғалімдер мен мектептердің жетістіктерін бағалауды, сондай-ақ стандарттарды, оқу бағдарламалары мен оқулықтарды жаңарту іс-шараларының тиімділігін қамтамасыз етеді.

Ата-аналардың балаларды оқыту мен тәрбилеуге белсенді қатысуын қамтамасыз ету

Отбасы балаға жастайынан адами құндылықтарын танытып, саналы және өнімді өмір сүруге бағдар беруге міндетті. PISA-2009 зерттеуі функционалдық сауаттылық деңгейіне ата-аналардың балаларды оқыту мен дамыту процесіне қатысуы оң әсер ететіндігін көрсетті.
Сондықтан да ата-аналардың баланы жақсы тануына, оны түрлі жағдайда көре алуына, үлкендерге баланың жеке ерекшелігін танытуға, олардың қабілеттерін дамытуға, өмірлік құнды бағдарын қалыптастыруға, жағымсыз мінез-құлықтарынан арылтуға көмек беруге мүмкіндік беретін функционалдық сауаттылығын арттыру әдіснамасы әзірленеді.
Ата-аналарды мектеп өміріне белсенді тартуға бағытталған іс-шаралар жүйесі әзірленеді: қамқоршылық кеңесін, ата-аналар қауымдастығын, ата-аналар университетін құру. Аталған қоғамдық институт әрбір білім алушының отбасымен әріптестік қарым-қатынас орнатуға, отбасы мен мектеп мүдделерін өзара қолдап, ортақ жағдай жасауға әсер етеді. Бұл ретте мектеп есептілігінің және оқушылардың оқу жетістіктері мен мектеп қызметі туралы қауымдастыққа толық және ашық ақпарат ұсынудың барабар деңгейі қамтамасыз етіледі.

Қосымша білім беруді дамыту

Білім беру нәтижелеріне қол жеткізуге ықпал ететін факторларға PISA көшбасшы елдері оқушыларды қосымша біліммен және мектептен тыс сабақтармен қамтуды жатқызады.
Қосымша білім беру мазмұны жаңаратын болады, балалардың интерактивті парктерін, технопарктерін, балалардың ғылыми мұражайларын құру арқылы оқытудың жаңа технологиялары және интерактивтік, инновациялық, ұйымдастыру нысандары енгізіледі. Сапалы бейінді оқытуды ұйымдастыру үшін жас техниктердің, натуралистердің, туристердің жұмыс істеп тұрған станциялары қазіргі заманғы интерактивтік техникамен, жабдықтармен және технологиялармен жарақтандырылатын болады.
Жалпы білім беретін мектептегі және мектептен тыс ұйымдардағы әртүрлі бағыттағы үйірмелер, секциялар желісін кеңейту есебінен балаларды қосымша білім берумен қамту ұлғайтылады. Басты назар ғылыми-зерттеу жобаларына, техникалық шығармашылыққа, өнертапқыштыққа, модельдеуге, нанотехнологияларға, робот техникасына, легожобалауға және т.б. аударылады.
Тұлғаның бейімділігін, қажеттілігін қанағаттандыруды, қызығушылығын, қабілетінің дамуын ескере отырып, білім беру ресурстарына (функционалдық сауаттылығына) қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін қосымша білім беру ұйымдары мен жалпы білім беретін мектептердің қызметін біріктіру қамтамасыз етіледі. Жалпы біріктіру тұлғаның кәсіптік тұрғыда өзін-өзі анықтауына және оқушыда шығармашылық және инновациялық қызметке деген қажеттілікті қалыптастыруға ықпал ететін болады.
Қосымша білім беру ұйымының әлеуметтік қорғалмаған отбасылардан шыққан оқушылар мен мүмкіндігі шектеулі балаларды тартуы арқылы әлеуметтік маңызы артатын болады.
Осылайша, Қазақстан Республикасының білім беру жүйесі білім беру мазмұнын жаңарту, оқу бағдарламаларын, оқулықтарды жасау, мұғалімдердің біліктілігін арттыру және оларды қайта даярлау бағдарламаларын қайта қарау, оқушылардың алған білімін оқу және практикалық жағдайларда қолдану қабілеттеріне мониторинг жүргізу бойынша бірқатар пәрменді шаралар қабылдауы, сондай-ақ мектеп оқушыларын оқытуды барабар материалдық-техникалық, психологиялық-педагогикалық және техникалық жағдайлармен қамтамасыз етуі қажет.

4. Ұлттық жоспарды іске асырудан күтілетін нәтижелер

Ұлттық жоспарды іске асыру мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту бойынша мемлекеттік органдардың, кәсіби қоғамдастықтардың, үкіметтік емес ұйымдардың, ата-аналардың қызметін жалпы үйлестіруді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Ұлттық жоспардың негізгі орындаушылары Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі, ведомстволық бағынысты ұйымдары, «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДБҰ, жергілікті атқарушы органдар болып табылады.
Ұлттық жоспарды орындаудың нәтижесінде 2017 жылға қарай қазақстандық мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту үшін мынадай жағдайлар жасалатын болады:
1. Ғылыми-зерттеу жағынан қамтамасыз ету:
1) функционалдық сауаттылықты қалыптастыру мен дамытудың ғылыми-әдіснамалық негіздері, құзыретті білім беру парадигмасында мектепті басқару жүйелері анықталды;
2) функционалдық сауаттылықты қалыптастыру мен дамытуға бағытталған іс-шараларды ғылыми-зерттеушілік, сараптамалық-талдамалық алып жүру қамтамасыз етілді;
3) балалардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыруда мектеп оқушыларының өмірлік бағдарының мәнін, ата-аналардың рөлін диагностикалау қамтамасыз етілді.
2. Білім беру мазмұнын жаңарту:
1) мемлекеттік стандарттар мен оқу бағдарламалары функционалдық сауаттылық пен құзыреттілік тәсіліне бағытталған білім беру мазмұнын қамтамасыз етеді;
2) оқу жоспарлары тұлғалық жетілуді қамтамасыз ететін білім беру вариативтілігін, коммуникативті дағдыларды қалыптастыратын білім алудағы дербестікті, ақпарат пен технологияны пайдалана білуді, проблемаларды шешуді, іскерлік пен сыни тұрғыда ойлауды қарастырады.
3. Оқу-әдістемелік қамтамасыз ету:
1) практикаға бағдарланған оқулықтар әзірленді;
2) жаңартылды, мектеп оқушыларының тұлғалық бағдарын, білім берудің саралануын, практикалық бағытын, дифференциациасын, тәжірибелік бағыттылығын қамтамасыз ететін қазіргі заманғы технологиялар мен ұстанымдар педагогтердің практикасына табысты енгізілді;
3) мектеп оқушыларын оқытуда ақпараттық-коммуникациялық технологияларды ақпараттандыру мен пайдалану деңгейі артты;
4) мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамытуға қойылатын талаптар мен тәсілдердің кешенділігі және біртұтастығын қамтамасыз ететін мектептің, отбасы мен қоғамның әлеуметтік өзара әрекетінің мазмұны мен нысаны жаңартылды;
5) тұлғаның кәсіби қалыптасуына ықпал ететін қосымша білім берудің беделі қамтамасыз етілді. Білім алушылар мен тәрбиеленушілердің 50 %-ы қосымша біліммен қамтылды;
6) ата-аналардың алғашқы кезекте балалардың білім алуға және тұлғалық қызығушылықтарын қамтамасыз етуге назарын аударуды және белсенділігін арттыруды туғызатын ата-аналардың функционалдық сауаттылығы артты.
4. Мектеп оқушыларының білім сапасын бағалау және оған мониторинг жүргізу жүйесі:
1) білім нәтижелерін тәуелсіз мониторингтік зерттеулер жүргізілді, сыни тұрғыда бағалау, білім алушылардың өзін-өзі бағалау жүйесі енгізілді;
2) стандарттарды, оқу бағдарламалары мен оқулықтарды одан әрі жетілдіру үшін ұсынымдамалар әзірленді;
3) жазбаша тапсырмаларды қоса алғанда білім алушылардың құзыреттіліктерінің қалыптасу деңгейін анықтауға бағытталған тестілеу тапсырмаларының базасы қалыптастырылды;
4) оқушылардың білім жетістіктерін бағалау бойынша халықаралық бағдарламада (PISA) 50-55 орындарға және 4, 8-сыныптардағы оқушылардың математикалық және жаратылыстану-ғылыми сауаттылығын бағалау бойынша (TIMSS) 10-15 орындарға қол жеткізілді.
5. Материалдық-техникалық база:
1) білім беру мазмұнының стандарттары мен сабақтан тыс іс-әрекет бағдарламаларын іске асыруды қамтамасыз ету үшін мектептің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, нығайтылды;
2) базалық мектептік білім берумен біріктіру міндеттерін шешу үшін қосымша білім беру ұйымдарының қазіргі заманғы жабдықтармен жарақтандырылуы және балаларға негізгі: көркем-эстетикалық, ғылыми-техникалық, экологиялық-биологиялық, туристік-өлкетанушылық, оқу-сауықтыру және т.б. бағыттар бойынша қосымша білім беру мазмұнын дамыту мәселелері шешілді.
Жалпы алғанда, Ұлттық жоспарды жүйелі және одан әрі іске асыру Қазақстанның ұлттық білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін жалпы әлемдік үрдістер мен ХХІ ғасырдың білім беру мазмұнына және функциялық сауаттылықтың дамуына қойылатын талаптар контекстінде арттыруға мүмкіндік береді.

© 2010-2022