Қырандай көреген қырағы ақын - Ілияс Жансүгіров 9 сынып

Раздел Другое
Класс 9 класс
Тип Конспекты
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Қырандай көреген қырағы ақын - Ілияс Жансүгіров



Ілияс Жансүгіров - қазақ әдебиетінің

төкпе жорғасы, алдына қара салмайтын

тұлпары, биік бәйтерегі, жырдың алтын

діңгегі, заңғар шыңы, қайталана

бермейтін ғажайып құбылыс.

Мырзатай Жолдасбеков

Қазақ жері жайсаң жандарға бай ғой. Қай заманда, қай кезеңде де өмір кешсін, өз мінезінен, болмыс-бітімінен арыла қоймаған қазекем талайларды тамсандырып, таңдай қақтырған.

Тілге тиек етейін дегенім - өзінің дарынымен қазақ әдебиетін төрткүл дүниеге танытқан Ілияс Жансүгіров туралы.

Көшпелі өмірге әбден көндігіп, оның ыстық-суығын елей бермейтін халық кейінгі отырықшы тұрмысқа бірден бой ұсына қоймағаны белгілі.

Кеңес өкіметі құрылғанда өз ортасында ең алғаш оқу-білімге құлшына кірісіп, талайлардан оза шауып, алға ұмтылып, өз ортасында үлгі болғандардың бірі - Ілияс атамыз болған.

Ілияс Жансүгіров әдебиет әлемінде өз халқының ұлттық қазынасына құнды мұралар қалдырған ұлылардың бірі. Ұрпақ үшін оның парасат әлемі, білгір суреткерлігі, зор адамгершілік үлгісі өшпейтін өнеге мектебі. Ұлылардың бойындағы ортақ қасиет көп қырлылық болса, бұл ерекшелік Жансүгіров талантына тән.

Мұхамеджан Қаратаев: «Ілияс поэзиясы - терең ойдың, үлкен сезімнің поэзиясы. Ол өрен жүйрік, асқақ ақынның тегеурінді талантынан туған жоғары идеялы, шыншыл, қуатты поэзия, ыстық жүректен қорғасындай балқып, төгіліп, алуан түрлі образдар қорытқан салмақты, салиқалы поэзия» деген. Өйткені ақындық қасиет адамға ерте қонатындығы, әдетте өлең шығару жас кезден басталатыны дүйім жұртқа белгілі.

Ілиясты жыр құдіретінің ұшар биігіне өрлетіп, шалқар дариясына қондырған қайнар көздері - оның жырлары. Ақын табиғатты, өнерді, ән мен күйді, олардың қоғамдық өмірдегі орны мен мәнін шығармашылығына арқау етті.

Халқымыздың құт-береке дарыған, ежелден ақындық, батырлық, даналық мекені Жетісу өлкесінің перзенті Ілиястың көкірегіне жас күнінен бастап ән мен күйдің небір асыл нұсқалары ұялаған. Табиғатынан дарынды жаратылған зерек бала ел даналығы дариясында еркін жүзіп, уызға жарып, асыл байлықты бойына сіңіре білген.

«Данышпан Абайдан кейін Ілиястың есімін атау орынды»,-деп Мұхтар Әуезов айтқандай, Абайдан кейінгі дәуірде поэзияда орнын ойып қалдырған ақын - Ілияс атамыз.

«Асыл сөзді іздесең,

Абайды оқы, ерінбе.

Адамдықты көздесең,

Жат, тоқып ал көңілге», - деп Сұлтанмахмұт айтқандай, ойына тоқып өскен, ел ішіндегі ақын-жырау, әншілердің өлең-жырларын, ертегі-аңыз, әңгімелерін құмарта тыңдап,жаттап алып, айтып үйренген зерек те зерделі Ілияс Жансүгіров балалар әдебиетінің негізін қалаған. Балалар әдебиетінің даму тарихына өшпес мұра, өнегелі сөз қалдырған ұлы ақын.

Арынды ақын балаларға арналған өлеңдерінде танымдық, тәрбиелік, білімдік мәніне баса наза аударады. Әндетіп, өлеңдетіп тербете тәрбиелеу арқылы баланы бесіктен тәрбиелеп, сөз өнеріне баулу, ой-өрісін дамыту, адамгершілікке, анаға деген мейірімділік , жағымды мінез-құлыққа тәрбиелеуді көздегенін оның әрбір шығармасынан көруге болады. Ілиястың көптеген өлең-поэмалары қазақ халқына тән-адам жанын жадыратар, сұлулық сезімін лаулатар жан азығы ән мен күй, тастан шыққан бұлақ секілді сызылып, кемеліне келген ағын дариядай толқиды. Ән мен жырға, күмбірлеген күйге арнаған өлеңдерінде өте бір әсерлі, екпінді, желдірме әсем сөздер бастырмалатып, бір эстетикалық сұлулық, айтуға жеңіл, әнге қосуға лайық өлеңдер болып келеді. Балалардың танымдық, қабылдау әрекеттерін дамытып, оларды эстетикалық сезімталдыққа, ой тереңдігіне , байқампаздыққа, шығармашылыққа тәрбиелеуге бағытталумен бірге, сөз шеберлігіне, сөз тапқырлығына үйретерлік көркемдік кеңістігіне өрнектелген.

Ілияс Жансүгіровты еске алғанда ойымызға бірден «Құлагер» келеді. басқа ақындарға қарағанда, Ілиястың өлеңдерінің тақырыбы, жырлаған жыры өзгеше. Әрбір құбылысты көркемдеп, жан бітіре жырлайтын Ілияс халық арасында үлкен құрметке ие. Ақсу өлкесінен түлеп ұшқан ақын елі үшін еңбек етуден аянып қалған жоқ. Әсіресе, туған өлкесін жырға қосып, табиғатын суреттеуге келгенде алдына жан салмаған. Қасиетті Ақсу өлкесінің тумасы, ауылдың қара домалақ баласы қазақтың болашағы үшін алаңдап, қам жеген. Ілиястың шығармалары кейінгі жас ұрпаққа үлгі боларлық, тәрбиелілігі мол. Біз Ілияс Жансүгіровтің шығармаларын оқи отырып, кеудемізге патриоттық сезім ұялайды. Ақынның шығармаларында адалдық, мейірімділік, сатқындық, һәм зұлымдық өзара арпалысқа түседі. Бұл құбылыс қазақ қоғамында болған. Бүгінгі күні де өз маңыздылығын жоғалтпаған құбылыс. Ақиық ақын Ілияс қоғам санасындағы келелі мәселені өз поэзиясы мен прозасында көрсете білді. Ілияс ақынның шығармаларын үстіртін қарап, жеңіл оқи алмаймыз. Біз ақын шығармаларын зейін қоя оқығанда ғана ақынның жан сырын, болмысын, айтар ойын түсінеміз. Халық ағарту жолында көп еңбек сіңірген Ілияс Жансүгіровті біз, ұрпақтары ешқашан ұмытпаймыз.

Ілиястың ақындық қуатының бүкіл озық ерекшеліктерін өз бойынан көрсете алатын туындыларының бәрін бір мақалаға сыйғызу мүмкін емес.

Қорыта айтқанда, қоғам қайраткері, асқан дарын иесі Ілияс Жансүгіровтің қысқа ғұмырында тындырған еңбектері, халқы, болашақ ұрпақ жайындағы ой-толғаныстары, парасатты пікірлері, поэзиядағы тереңдігі мен батылдығы білімпаздық пен таланттың үлгісі ретінде үздіксіз жасай береді.

Сондықтан Ілиясты қай қырынан да жан-жақты терең зерттей түсу, бүгінгі және кейінгі ұрпақтың ұлы парызы болып қала бермек. Ілияс жыры, Ілияс есімі халық аузында, халық көңілінде мәңгілік өмір сүреді. Сондықтан да ақын өнегесі ұлттық поэзиямызбен бірге жасап, ұрпақтан-ұрпаққа, ғасырдан-ғасырға қызмет ете береді. Шығармамның соңында Ілияс атама арнаған өлеңімді ұсынғым келеді.

Қазағымның жұлдызы көгіндегі,

«Құлагер» деп пір тұтты елің сені,

Соңыңнан ерген мен де тай-құлынмын,

Құлагердей бол дейді өмір мені.

Жетелейді, алға үміт биіктерге,

Сен ақынсың, дүлдүлсің сүйікті елге.

Құлагердің шабысын берсін деймін,

Соңыңнан ерген барлық жүйріктерге.

Бақыт жолында жетелемеді кімді Алла,

Кім болам дедің, қанатты қақтың шыңдарға.

Ақсудың мынау айбынды болған төсінде,

Көп екен сірә, сен жайлы талай сырлар да.

Жетелеп жанды барады алға тағы үміт,

Келіпті мұнда тай-құлындарың ағылып.

Жиылды жұртың, ұрпағың сені сағынып,

Арқырап аққан ағынды жырды сағынып.

Ақын жоқ, бірақ ,өшпейді өмір өрнегі,

Өзендерің де жырыңды аңсап шөлдеді.

Басымды иіп, оқыдым арнап жырымды,

Риза болсын, ақыным мынау төрдегі!

9 «А» сынып оқушысы Азатхан Аманбол

© 2010-2022