Конспект на кахахском языке на тему Ермембет би ғылыми жұмыс дұрыс нұсқа

Раздел Другое
Класс -
Тип Конспекты
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі

«№15 жалпы білім беретін орта мектебі» КММ


А.Болатова

Қос қасиет иесі - Ермембет

ҒЫЛЫМИ ЖҰМЫС


Жетекшісі:

Қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Г.А.Сафиева





Ақтау, 2016 жыл

Ғылыми жұмыстың мазмұны:

Кіріспе................................................................................................3

Негізгі бөлім:

Ι. Шешенді би, жүректі батыр

1.1 Елдің құты - Ермембет би......................................................................5

1.2 Ер де болған Ермембет............................................................................16

ІІ. Артта қалған асыл іс

2.1 Ермембет - қоғам қайраткері.................................................................17

2.2 Өше жаздап, өскен бір әулет.....................................................................18

Қорытынды........................................................................................................19

Ұсыныс................................................................................................................20

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі..................................................................21


Кіріспе

Тақырыптың өзектілігі: Ермембет Тұрұлының шешендік сөздері мен ерлігі туралы ғылыми зерттеулер аздық етеді. Сондықтан Ермембеттің шешендік сөздері мен ерлігін зерттеп, зерделеп және рухани мұраны болашақ ұрпаққа дәріптеу мақсат етіледі.

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері:

- Ермембеттің шешендік сөздерінің тақырыптық-идеялық сипатын ашу;

- Ермембеттің ерлік істеріндегі ұлттық танымды дәріптеу;

- Қазіргі сот істері мен Ермембет билігіндегі үндестікті байланыстыру.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы:

Зерттеу обьектісіне шешендік сөздері мен биліктері ізденістермен жүйелі түрде сот істерімен салыстырыла талданады, соның нәтижелеріне орай түйінделеді. Шешеннің билік сөздері жан-жақты талданып, арнайы зерттелген.

Зерттеудің болжамы: Ермембеттің төрелік сөздері арқылы ұрпақ бойында азаматтық , адамгершілік-рухани тәрбие қалыптастырып, би мұрасын дәріптеуге деген маңызы.

Зерттеудің нысаны: Жұмыстың теориялық-әдіснамалық негіздері ретінде:Ә.Спан, М.Абылхан «Ермембет би» кітабы. «Сарыарқа»,Ж.Жылқышыұлы «Адай шежіресі»кітабы, А.Орынбаев,И.Жұмағалиева.Б.Балұлы «Маңғыстау әдебиеті»факультативтік курсының хрестоматиясы,Ж.Нұрмаханова «Маңғыстау тарихы»оқу құралы,

Ә.Кекілбайұлы «Киелі қазық-атажұрт»кітабы«Маңғыстау»энциклопедиясы Б.Әріпов.Д.Әріп «Маңғыстау-маңғаз мекенім»кітабы, «Маңғыстау мұралары.» жинағы,С.Әділханұлы «Досан батыр»құрастырма жинақ, сайттар: kk.wikipedia.org.,11.mangystau-aisa.blogspoy.com., 12.quickiwiki.com. ғалымдардың еңбектері мен ғаламтор жүйелеріндегі мәліметтер басшылыққа алынды. Сонымен қатар Жаңбуршин Терекбайдың еңбектері мен жазылған мақалалар жұмысымыздың тақырыбын ашуға септігін тигізді.

Зерттеудің әдіс-тәсілдері: Зерттеу жұмысында жинақтау, баяндау, талдау, салыстыру, зерделеу, жүйелеу әдістері қолданылды.

Зерттеудің құрылымы:

Жұмыс кіріспеден, екі тараудан, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

Зерттеудің қорытындысы: Ермембет бидің шешендік сөздері - Маңғыстау әдебиетіміздің көркіне көрік қосатын эстетикалық, рухани байлығымыз.


Шешімді би, жүректі батыр

Киелі Маңғыстау жерінен шешен-билердің арасынан, өзгелерінен оқшау көрінетін, шоқтығы биік, алмастай өткір, тиген жерін қиып түсер әділдігімен рулық тар шеңберден шығып, тұтас ел мойындаған Есен Ермембет бидің шешен, елші, мәмілегер, саясаткер, қоғам қайраткері ретінде орны ерекше.

«Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» дегендей, Ермембет би жөнінде ел аузында айтылатын әңгімелер көп. Солардың бірі «Айым Құдабай би айтыпты» дейтін мына бір әңгімеде Ермембет би туралы былай дейді екен: «Ермембет би сөйлегенде оның сөзі Ақ Еділдің өрден аққан ақбас толқындай кімді де болса тоқтатып, тыңдаушы қауымды өз иіріміне түгелдей тартып алатын еді» деп отырады екен. Сол Құдабайдан жеткен сөзде атақты бидің алғашқы елге танылу сәтін баяндайды.

...Адай арасында көптен бері шешілмей, тиянағына жете алмай келе жатқан дау бар екен. «Сол дау билер алқасында қаралып шешіледі» деген хабармен ауылының қарттарына еріп он бес жасар Ермембет те барыпты. Дауға келген ел көп. Дауды қарау екі жақтың сөз ұстаған билерінен басталыпты.

Айтулы билердің сөзіне өзі де қанағаттанбай тұрған балаң жігіт Ермембет дауды тыңдап отырған билер алқасына жақындап келіп: «Рұқсат болса, менде бір сөз бар еді» депті. Сонда Жолдасбай би қасында тұрғандарға: «Мынау қай бала?» - деп сұрапты. Танығандар: «Бұл Есен Тұрдың Ермембет деген баласы ғой» деп жауап қайырыпты.

Жап-жас баланың көп ішінен суырылып шыққанын жақтырмаған Жолдасбай: «Өй, енеңді!..» деп боқтап жіберіпті. Оның боқтығын құлағы шалып қалған жас жігіт атақты биге тайсалмай қарап тұрып: «Енемді боқтама - елімді, денемді боқтама - жерімді! Жерімнен көрген жаманшылығың жоқ, жерімде үйіңнің саны мыңға жетті, үйіңде малыңның саны мыңға жетті!» депті. Қапелімде аңырып қалған, артынан барып мына жігіттің тегін емес екенін байқаған және қапелімде сөзден тосылған Жолдасбай: «Әй, Ермембет, кел-кел, қолыңды жай, батамды берейін. Өзің Адай үшін туған бір бала екенсің» депті.

Сол кезде Ермембет: «Әй, Жолдасбай, менің арғы атам Сейіттен бастап Құдай берген батам бар. Сенің әкең Киікбай алағырда астында үсті бекі-бекі көк шолақ аты бар, үстінде қайдыралған көк тоны бар, аяғында қу шоқайы бар, өмір бойы киік қуып өткен екен, сондықтан әкесі азан шақырып қойған аты ұмтылып «Киікбай» атанып кеткен екен. Сонда мен: «Үсті бекі-бекі көкшолақ ат бер, үстіме қу тон бер, аяғыма қу шоқай бер» деп бата алам ба? Батаңды ұрайын!..» депті атақты биден айылын жимай.

Жолдасбай бидің мына балаң жігіттен оңбай тосылғанын аңдып қалған бір дуалы ауыз үлкен кісі тұрып: «Әй, Ермембет, шырағым, осы дауға деген төрелікті өзің айт!» депті.Жан-жақтан қаумалап тұрған жұрт кеу-кеулеп кетіпті. Ермембет жұрттың дуылы басылғасын барып: «Таласушы екі жақ, даудың аңысын аңдып, шешімін күткен ара-ағайын келісіп, кесімді сөз айтуға рұқсат берсе, менің төрелігім дайын» депті айнала қоршап тұрған көпшілікке жағалай қарап: «Бердік төрелік билікті!», «Айтсын!» ,«Рұқсат!» деп көпшілік шу ете түсіпті. Сонда Ермембет көпшілікке қарап тұрып сөзін былай бастапты: «Уа, ағайын, арғы атамыз бір кісі, берекет дарыған, пейіліміз даладай кең ел едік қой. «Мал бір жұттық» , «қолдың кірі» демейтін бе еді аталарымыз? Сол малды дау-дамайсыз ақ топалаң мен жамалдат деген індетке беріп жатқан жоқпыз ба? Біздің қазекем: «Ағайын ащы, мал тұщы» деп, теріс баққан сөзді көлденең тартып алға тосады. Шындығында, мал ащы, ағайын тұщыға жететін не бар? Басың ауырып, балтырың сыздаса, басыңа ауыр іс түссе, басыңды сүйейтін сол ағайын емес пе еді? Қызылдасың да, жылуласың да сол ағайын екені өтірік пе? Ит пен малға бола ағайын арасы ашылар болса, біздің елдігіміз қайсы, бірлігімізден не қалады?» - деп бір тыныстайды балаң жігіт. Тыңдап тұрған көпшілік оның жүйелі де орнықты сөзіне риза болып, әр тұстан қостаған дауыстар естіліп жатты.Өзін қостаған көпшілктің ыңғайын аңдаған жас жігіт сөзін жалғастырады: «Бұл бір көптен шешілмей келе жатқан, ескіріп кеткен дау екен. Сондықтан оны бұдан әрі соза бермейік, ағайындық татулығымызға өзіміз сына қақпайық. Өткен өреует, қалған салауат. Екі жақ басқа бас, тұяққа тұяқ деп бітісейік. Бісміллә, аллаһу-әкбар!» деп барып екі жақ алақанымен бетін сипағанда дауға жиылған халық та батаға түгел қосылыпты. Дауласқан екі бет те, ара ағайындар да Ермембеттің кесіміне тоқтапты. Сол кезден бастап «Есен Ермембет би» деген атақ Маңғыстау еліне кеңінен жайыла бастапты...

Ел мүддесін көздеп сөйлеу, халықтың қамын жеу осы әңгімеден айқын көрінеді.Тереңнен толғаған Ермембеттің бұл жүйелі сөзі астарында көп мағына сыйғызған танылады.Әсіресе елдің, татулық -бірлігін, тұтастығын сақтауға үлкен мән бергенін дәлелді де қисынды сөздерінен анық байқаймыз.Тартымды сөздерімен өз ойын анық жеткізіп, «өткен өреует, қалған салауат. Екі жақ басқа бас, тұяққа тұяқ деп бітісейік » деп ой-тұжырым түйіндейді.

Ермембет би елдің елдігі мен бірлігін, халқының ар- намысын қорғауда әділдіктің ақ туын желбірете асқақ ұстаған.Жағымпаздар мен екі жүзді патша әкімдерін, солардың шашбауын көтеріп, әділеттен аттаған ел ішіндегі билер мен старшындар- болыстарды қылпылдаған алмас қылыштай өткір тілімен мысқылдап, сынап- мінеп отырған.Ермембеттің сондай кейбір старшындар мен болыстарға арнаған сөздерінде шындықты шырқыратып:

... Айғырды көктен салсаң көк туады,

Өзінен қаса жуан бек туады.

Осы күн парақордан бала туса,

Жалмаңдап екі иығын жеп туады,-деген екен.

...Сол заманда Адай жерінде Әлім елінің Бүкір сыншысы қатысқан бір жиында үш биді алдына алдырып, олардың сөз саптауларына, ой-өрісінің кеңдігіне, аңғарымпаздығына, шешендігіне, басқа да қимыл- әрекеттеріне зер салып, сынап Ермембетке «Пай-пай, сені сөз атасы десе де болғандай екенсің. «Әттеген-ай» дегізерлік бір жағдай- ерлігің мен билігің тең екен.Егер ерлік жағына қарай еңсеріліп кетер болсаң, артыңда қалар сөзің аз болад-ау» деген сыншының отты сөздері биге берген баға еді.

Тағы бірде Табындар мен Күшіктер Үстірттегі Итібай құдығына таласып, төрелікке Ермембет биге жүгінеді.Сонда аузы дуалы шешен би табын ақсақалдарын мәмлеге шақырады.Алқа алды Итібай құдығының о бастан Адайға тиесілі екендігіне ден қойып, айыбын мойындатады. Адай ата аруағына тіл тигізген Күшік биге ат шапан айып тартқызған. Екі жақтың мен деген ер көңіл жігіттеріне қамшы алмастырыпты. Қамшы алмасу-дала заңында ер мен ердің мәңгілік достығының белгісі.Сол Итібай құдығы арғы Үстіртте әлі бар. Бірақ басында қазіргі таңда ел жоқ.

Сөйтіп Адай арасының Кіші жүздің өзге руларының талай дауларын әділ шешіп құрметке бөленген. «Жауда ұраным-Бекет болғанда, дауда ұраным-Есен Ермембет» деумен өткен.

Жетібай Жылқышыұлы құрастырған «Адай шежіресі» кітабындағы естеліктерде ауыл адамдарының Бәймембет пен Ермембетті қатар айтылатыны берілген. «Екеуі құрдас және бірін-бірі сыйлап өткен» дейді. Бәймембет те, Ермембет те ойларына келгенін ешкімнен қысылмай, тура бетке айтатын, сөйлегенде ешкімге дес бермейтін тілді, шешен адамдар болыпты.Осы екі би жайында жергілікті халық аузында көптеген әңгімелер бар.Соның бірқатарына тоқталайық.

Бір үлкен отырыста Бәймембет: «Бастың аудармасын Адайдың биі Ермембетке беріңіз, айнасыз-ақ өзін көрсін!» деп қағытыпты. Әрине бас ұстаған адам міндетті түрде бір көзін алады, Ермембеттің бір көзі соқыр болған, соны меңзеген екен дейді. Бастың аудармасын біреу Ермембетке қарай ыңғайлап келе жатқанда Ермембет те кідірместен: «Сөз адамның жабуы, аздығыңды білдірмес; тымақ бастың жабуы, таздығыңды білдірмес. Ожабай ұстаған қу баста әкеңнің құны болмаса әрі жылжыта бер, шырағым!» депті. Ел аузында: «Жаңабай Ожабай бір тойда төбелесіп Маяның (Бәймембеттің әкесі) басына қамшымен ұрыпты» деген сөз бар екен...

Тағы бір отырыста, ішінде Ермембет те бар, Бәймембет би сөз бастап ешкімге сөзден дес бермепті. Сөзге араласқан адамды ұтырлы сөзбен ұтып кідірте беріпті. Сонда шыдай алмай алмаған Ермембет: «Әй, мына басы жарылғыр, алдымызды орап сөйлетпеді ғой. «Азуы алты қарыс Мұңалдық» бұған біткенше маған бітсе-ді» депті сөзге килігіп.

Сонда басқаларға сөз бермей отырған Бәймембет Ермембетке бұрылып қарап: «Әй, Ермембет, бас жаққа барыспағанымыз дұрыс болар. «Азуы алты қарыс Мұңал» болмағаныңа өкінгендей басыңа не күн туып отыр? «Мұңал болмадым» дейсің, сол Мұңалдың ағасы Бұзаудан өнген жоқсың ба? Әлде «жолым үлкен еді» дегенің бе? «Ата тұрып бала сөйлесе, шіркіндігі болар, аға тұрып іні сөйлесе еркіндігі болар» дегенді есіңнен шығарып алдың ба?» - дегенде Ермембет сөзге тоқтап қалыпты.

«Ермембетке баға берген Бәймембет» екен деседі. Бәймембет ол жоқ жерде басқаларға Ермембетті үлгі етіп сөйлеген. Қатар отырған жиында да Ермембетті тек Бәймембет қана тоқтатқан екен дейді кәріқұлақ үлкендер. Жазатайым Ермембет туралы сыртынан сөз айтыла қойса, Бәймембет былай дейді екен: «Әй, Ермембет ер адам ғой. Ол екі сөйлемейді, кесіп айтады, көңіліңді жайландырып есіп айтады. Ермембеттің жалғыз ғана міні - көзінің соқырлығы» деп, сөзінің артын әзілге айналдырып жіберетін көрінеді.

Бірде екеуі қатар отырғанда Бәймембет: «Оу, соқырым, сөйле-сөйле. Сендей сөз иесі де бір күні топырақтың астында қалады-ау!..» депті. Сонда Ермембет: «Екеуіміз «бас жаққа барыспайық» деп, Бәйеке, баяғыда өзің айтқан жоқ па едің?!» - дегенде сасып қалған Бәймембет: «Астағфыралла, адамның өз сөзі өзіне жау, бірде болмаса бірде алдынан шығады- деген сөз рас екен-ау. Абайламай сөйлесең, ауырмай өлесің деген шын екен ғой» деген көрінеді.

Бұл жерде де Ермембеттің табан астында тауып сөйлейтін тапқыр, топ алдында тайсалмай, мүдірмей сөз бастайтын батыл, сөз сайысында саспайтын сабырлы, замандастар арасында да сөз қағыстыруға дайын тұратынын аңғарамыз.

Тағы бірде аталасы Қаражан шешенмен әңгіме барысындағы «Жіберсең жібер,Қаражан.Бұлардың әрқайсысы ең болмаса хабар алып келуге жарайтындар екен,-деп күліп алыпты да,-мен де төрт адамды жіберіп отырмын:Сіз, Біз,Быж,Шыж.Басқаларын жіберген жоқпын,себебі басқалардың шиязда шаруасы қанша? Оданда ауылдағы шаруаларын жайлап, тіршіліктерін қамдағандары артық қой деп ойладым» деген сөздерінде зілді ирония бар екенін аңғару қиын емес.

Туғаны жоқ тура би-Ерекең өзге түгілі,өзінің бауыр еті баласын да аямаған.Кінәсі үшін айыпқа жыққан.Бірде Тартпалының басында баласы жылқы суарып жатады.Шалдар қоршауындағы әкесі төбе басындағы қалқа астында әңгімелесіп отырады.Мезгіл шіліңгір шілде.Алыстан бір атты көрінеді.Бұл жолаушы Бәйбіше Дәуіт деген кісі болып шығады. Тақуалау,пірәдарлау адам. -Шырағым,астауыңды толтыршы.Мына атым қатты шөлдеп келеді. Жұмырың болса беріп жібер. Өзімнің де аңқам кеуіп келеді,-дейді жолаушы құдық көлеңкесінде отырған Ермембеттің баласына.Мына кісінің әуелі әкесіне бұрылып барып сәлемдеспегеніне қитықтанып қалған жігіт:-Жоқ қараған бейсеубет жолаушының атын мен өзін суарам деп міндетіме алғаным жоқ,-деп дөкір жауап береді. Ол солай деген соң қауғаны өзі алып,атын суарып, шөлін қандырған Дәуіт асықпай қоржынынан қағаз,қаламын алады. Құладың қу алмайды қу қызғанар,

Шағала шөл жүреді су қызғанар.

Атадан азып туған нәйіс бала

Қаймана жолаушыдан су қызғанар.

Жаман тұр жұрттың бәрін жалшы біліп,

Бұйырып билігіне шаршы құдық.

Сөзімен ел суарған Ермембетке,

Баласын жаратуы-ай қарсы қылып

Жақсы еді құмға сиіп тастағаның,

Қамшыңнан шығарғанша тамшы қылып, - осылай деп жазып:

- Шырағым, мына қағазды әкеңе апарып бер, - деп атына мініп, өз жөнімен тарта беріпті. Жігіт ол айтқанды орындайды.Қағазды оқыған би Дәуіттің артынан жалма-жан адам шаптырады. Ерекеңді сыйлаған Дәуіт қайта оралды. Би сол жерде Дәуітті қысырдың тайын сойып қонақасылап, ат-шапан айып тартады.Дәуіт «атты өзіңе мінгіздім,шапанды аруаққа жаптым. Ереке,балаңыздың бір білместігі үшін сізден мен айып алып, күлкі болар жайым жоқ»-деп азарда-безер болған екен. Ермембет: Айып деп емес - сыйым деп аласың. Ал алмасаң мына айыпкер ініңді көзіңше астауға таңып қойып дүрелетем»-деп, еріксіз алғызыпты. Ел мұны Ермембет бидің жеңілісі емес жеңісі деп есептейді.Бізге солай жетті. Осы жағдайдан мықтап сабақ алған әлгі бала, қанша дегенмен Ерекеңнің бауырынан шыққан есті тентек қой,тезге түсіп кейіннен мырза, сахи атын шығарған. «Әкеме сынықтық келтірген айыбымның өтеуі»-деп келесі жазда Жиделінің тепсеңіне тары егіп, бір жазда екі рет өнім алып,елге кеусендеп үлестіріп береді.

Артта қалған естеліктерде Ерекең қазымыр би болмағанға ұқсайды. Ұтырын тауып ұтылап бір-ақ қайырады екен.Ол билігі екі болмаған.Және бетті,батыл болыпты.(Соның бір мысалы Хиуа ханының алдындағы билігі ). Жаны қас бір нәрсесі-ағайыңның көңіл аужайына қарап билікке қиянат жасау екен.Оның өмірде ұстанған бір-ақ өлшемі - «Тура биде туған жоқ». Мәтжан , Тобанияз билерді осынысы үшін жақсы көріп , сыйлап өткен.

Ермембеттің мәмілегерлігі. Желдің өтінде, жаудың бетінде табылумен келген Маңғыстау елінің ереуіл аты белдеуінен кетпеулі. Қолы қылыш найзадан үзілмеулі ғой.Бір жағынан түрікмен аламандары, екінші жағынан орыс отаршылары мен Хиуа ханының азары. Ол аз болса көрші рулармен жанжал. Ермембеттер өмір сүрген кезең, осындай аласапыранға толы. Жауласқанымен жауласып, қандасқанмен қандасудың да шегі бар. Елге бейбіт тыныс та керек.Сондайда жаужүрек батыр, қолбасы Ермембетті мәмілегер Ермембет алмастырған тұстар да көп болыпты. Хиуа хандығы жыл аралатып Сыр бойындағы елді қан қақсатса, Маңғыстаудағы да ат ойнатып тұрды. 1832 жылы Сүйінқараның ауылынан бастап жасаған шапқыншылық, одан соң барған Адай елшілерін кепілге алып, Қызылтас қамалын талқандаңдар деп талап қоюы, 1856 жылы Балуанияз өлетін соғыс, тоғыз ауылдың шабуылы - мұның бәрі Хиуа ханының озбырлығынан болған іс. Адай елін Табын ағайындарымен ала ауыз қылған да хан саясаты. Себебі табындардың қонысының шеті Басқала ойы-Хиуа хандығына қарайды.Табындар сондықтан оған кіріптар.Жер үшін салық төлейді, ханның соғымы, қонағына сойысы,зекет,қысқасы,ол жақтың өңеші құрдым...

...Сондай бір күндердің бірінде Хиуаның ханы Адайдың атақты биі Ермембеттің даңқын естіп, «Қояр сұрағым бар еді.Барып ертіп келіңдер, көріп әңгімелесейін, қандай би екенін сынайын» деп шабармандарды Маңғыстауға аттандырыпты.Ханның шабармандары келіп жүріс жайын айтқан соң, Ермембет қасына екі-үш адам ертіп Хиуаға аттаныпты.

Хиуаға жетіп, хан сарайына біраз жер қалғанда шабармандар биге «Көліктеріңді осы араға қалдырыңдар.Оларды бағатын адамдар бар.Ал өздерің хан сарайына жаяу барасыңдар» деп,қалыптасқан тәртіпті айтады.Сонда ат үстінде тұрған Ермембет «Әй, шырағым,біз оныңа көне қоймаспыз.Алты қырдың астынан жаяу баратындай мен ханның келіні емеспін.Адайдың биі Ермембетпін.Шақыртқаны рас болса хан сарайына атпен барып амандасамын,өзге сөзге келісерім жоқ.Мен іздеп келе жатқан ештеңем жоқ,айтқаным болмаса осы жерден кейін қайтам»дейді.Арнайы хан тапсырмасымен шақырып келіп,енді Ермембет кейін қайтіп кетсе, өзіне оңай болмайтынын білген шабарман амалсыздан райынан қайтады.Сөйтіп олар хан сарайына аттарымен келеді.Сарайға сәлем беріп кірген Ермембет: «Қоныстас, қашаннан аралас елміз. «Хан шақыртты» дегесін келіп тұрмын. «Рахмет,шақырғанымызды қабыл алып келдіңіз.Көрдік,көңілдің бір мүддесі бітті. Өзіңіздей бек жақсысымен дидарласып, іргелі Адай елін біле түссек дейміз.Мал бағасы бағланымен,ел бағасы ортасынан озған оғыланымен білінбек қой қашанда. Біз Адайды бие де, батырыды да көп шыққан,байға да кенде емес ел деп естіп жатырмыз. Көрмесекте жақсы атына қаныға берелік. Олар хақында не айтасыз?» деген орда иесіне:

- Адай деген анадан арда еміп,жақсы мен жайсаңынан да алда жүрген ел. Оның бәрін бас-басына түгендеп шығатын болсам талай күнді,талай түнге жалғауым анық. Хан тақсыр, сондықтан мен сіз сұраған айбарлым мен айдарлымның үшеуіне ғана тоқталып, жауабын үш ауыз сөзбен берсем деп отырмын. Біз жауға бүгін барып, ертең өлгенді батыр демейтін жұртпыз. Бейқұт елге найза кезеп, жебе жұмсаған, терілігі тесілгенше ереуіл атынан түспеген барымташының бағасы да жоқ. Есер дейміз біз бұларды. Менің өткенімнің батыры елу рет қол бастап жарақты, жауды қайтарған, жауынан бірде-бір месесі қайтпаған 83 жасына қарағанда Алланың ақ ажалымен оң жақтан ақыретке аттанған Әнетұлы Төлеп. Өткендегім сондай болғанда ол Төлептің кіндігінен өрген ұлдардың бәрі «сен тұр мен атайын» деген батыр болды. Бүгінгі бір жеткенім, жетіскен жерім осы, деп бір кідіреді Ерекең. Біз қонаққа сойып, ақысына бата дәм ететіндерді бай деп те, мырза деп те санамаймыз.Қонақасы қазақтың бөлінбес еншісі.Еншісін алған ағайыннан бата тамғы еткеннен бассыздық жоқ. Жаңағы Төлеп батырдың баласы Мәмбетнияз - сол, жорықтан қарны ашып келе жатқан алпыс сарбаздың алдынан күншілік жерден шығып, нардың бір қомынан қазы-қарта, жал-жая, екіншісінің қомынан жеміс-жидек пейіш асын жегізіп, тойғызған. Менің байым да, мырзам да осындай болып келеді дегенде Хиуа ханы би шешендігі мен мәрттігіне риза болыпты.

Ермембет би сол сапарында Хиуа ханымен Адай үшін тиімді көп келісім жасайды.

Досан батыр бастаған көтерілісі күшпен жанышталып,ол түрмеде азаппен өлтіріледі.Содан кейін патша үкіметі мен келісімге келуге, халқының мүддесін қорғайды деп ел ішіндегі парасатты ақсақалдар мен билер ақылдасып елшілікке « Ең бірінші би болып Есен Ермембет барсын,оның ерлігі мен билігі тілінің ұшында» деп жібергеннен кейін ел қамын жеген би дуалы сөзінің арқасында патша үкіметімен қырық жылға дейін бір-біріне тимейтін болып, қызыл иттің терісіне мөр бастырып келген.

Ермембет бидің де сөзінен ұсталған,тосылған жерлері болған.Және оны елге кейіннен өзі емес, өзге айтып қалдырған.Ғұмырында үш рет сөз таба алмай дағдарған.Біріншісі - өзінің туған інілері алдында. «Енеден ала да туады,құла да туады» демекші, ағалары атақты би болғанда, інілері-Қараман мен Жанаман «Ереке-ай ,бір жұтқын үшін біздің жүргеніміз мынау-екі аяққа тыным жоқ,сіздің отырысыңыз мынау-екі ерінге тыным жоқ.Әрқайсымыздың нәсібемізді Құдай солай бұйыртып қойса қайтеміз»-дегенде Ерекең не айтарын білмей қалыпты.

Екінші жеңілісі - уезд бастығының бір тілмашы Астраханның ноғайы. Парақор. Елден арыз, шағыммен келген надан қазақтарды теспей сорады. Сөйтіп әбден байып алған.Үстінен қазақ тілмаштары арқылы айтылған арызға ояз пысқырмайды. Өйтетіні татар тілмаш арқылы өзі пара алады,яғни ол сенімді адамы және қазақ тілмаштарға оң қабағы жоқ, сенімсіздікпен қарайды. Соны бетіне басқалы жүрген Ерекең топ алдында тілмашқа: «Мынааңқау елден параны көп аласың» деген Ермембетке: «Мен осы қызметке келгелі төрт жыл. Сол төрт жылда сегіз рет сьезд болды.Бәрінде өзіңіз болдыңыз. Одан басқа жерде де кездесіп жүрміз. Құдайшылығыңызды айтыңызшы,сонда мен сізден пара сұрап алғаным жоқ. Олар бергенін пара демейді. Сыйлық деп ұсынады. Сый иесі деп береді. Мен әрине сұрамаймын. Берген сыйы деп қабылдаймын. Сыйды алмау - иесін сыйламаушылық.Ал берген сыйын артынан пара деп тантып жүргендер құдай алдында күнәсін өзі көтере жатар. Одан менің нем құриды деген қу тілмашқа Ерекең қайырып жауап айта алмапты.

Үшінші жеңілісі- Жеменейдің Бәйбішесінің Әлі ауылынан Ізтілеу деген Ерекеңе жиен болып келетін жігіт және Жеменейге кірме аты да бар екен.Соны тілге тиек еткен Ерекеңнің бір кездескенде қағытып, «иә, құл аман жүрсің бе?» дейтін жері.Сонда Ізтілеу:

«Ереке,қыздан туған жиеніңмін.

Және де қызыңды алған күйеуіңмін.

Біздерді құл деп айтсаң кінәлісің

Үстіңе күнде шығам сүйегіңнің» дегенде,Ерекең «тіліңе шоқ түссін.Жиен ел емес деген бар еді,күйеулігіңнен бұрын жиендігіңе салдың.Қанша дегенмен құл атың бар ғой»-деп мәз болыпты.Және Ізтілеудің тауып айтқан сөзінің бәсі деп,шақырып жақсы сый-сияпат жасайды.

Ер де болған Ермембет

Есен Ермембет Тұрұлы 1818-1809 жылдары өмір сүрген Адай елінің тарихына белсене араласқан белгілі тұлға.1870 жылғы патша отаршыларының қысымына қарсы Маңғыстауда өткен ұлт-азаттық көтеріліске қатысқан батыр.

Ташкент архивінен табылған жалпы көлемі 154 беттік 1869-1873 жылғы Маңғыстау көтерілісіне қатысты құжаттарда Ермембет аты Исадан кейінгі көтеріліс басшысы ретінде аталады. Көтеріліс туралы патшаға берілген жеделхат, мәлімдеме, оған патшаның өз қолымен қойылған бұрыштама, қосын командирлерінің рапорттары, ақпарлар-бұлар нағызқазына. 1873жылғы Хиуа жорығына жылнамашы ретінде қатысқан бас штаб офицері М.Алиханов - Аварскийдің Алматыдағы ұлттық кітапхананың сирек кездесетін қолжазбалар мен әдебиеттер бөлімінде сақталған авторының өз қолтаңбасы бар кітабында да Ермембет Туров есімі көтеріліс басшысы деп аталады.

1870-1873 жылдары Иса, Досан басқарған көтерілісте жасақ басшыларының бірі болды. 1873 жылдың көктемінде патшаның жазалаушы әскерін Ауызорпа, Мәстек жерлерінде жасағымен тосып алып, ары қарай өткізбеген. Ломакин бастаған басқыншы қолмен Хиуа шекарасында бірнеше партизандық ұрыс жүргізген.

1870 жылы Адай елі орыс патшасына бағынып, сол туралы акт жасауға шыққан. Акт жасау Бозашы түбегінде болған. Екі жүзден астам атты казакты жаяу алдап тастаған адамның бірі осы - Ермембет Тұрұлы, екіншісі Жарының Дәулеталысы Самалық Томпыұлы. Олар Бозашыға шыққан атты казактардың (солдаттардың) аттарын, ер-жүгендерін, бірқатар солдаттардың қару-жарағын алып кеткен. Осының салдарынан солдаттар Кетікке жаяулап жалпылап әрең жеткен. Патшаның көтерілісшілерге берген кешіріміне байланысты туған жерге оралып, шаруашылықпен айналысты.







II . АРТТА ҚАЛҒАН АСЫЛ ІЗ

Ермембет-қоғам қайраткері

Ермембетті қоғам қайраткері деуге толық негіз бар.Атам қазақта игі жақсылардан әрдайым ұрпаққа игілігіне қаларлық жақсы іс, өнеге, аталы сөз, өнер қалады деген сөз бар.Демек Ермембет Тұрұлының артында кейінгі буын өкіліне қалған үш ізді санамалап атауға болады:

1.Қиын қыстау кезеңде Ермембет би енгізген бір тәртіп-әр ауылдың ақсақалы, белгілі адамы жоқ-жітік, жетім рулас ағайынын (туысы емес, туысының обал сауабы онсыз да мойнында парыз), ағайыны болмаса әйтеуір бір жұрағатын қамқорлығына алып үйлендіріп, ұзатып, отаулап шығаруы тиіс.Сол кейіннен бұлжымас дәстүрге айналды. Осылай туыстасып, бауырласып кеткен отбасылардың ұрпақтары қазір бұл өңірде жүздеп саналады.Және ата-бабадан қалған бұл байланыс, қарым-қатынас олардың арасынан әлі күнге шейін үзілген жоқ.

2. Ермембет екі інісі - Қаражан мен Жоламанды шақырып алып мешіт байғазысын қамдау қажеттілігін ескертеді. Үш үйден жиналған қыруар малды мешіттің еншісі деп соның шығынына ғана жұмсалатынын айтады.Бағып, өсіруге шаруаға тиянақты адам бөлініп,оның кесімді еңбекақысы сол мал ішінде болатынын да ескертті.Шәкірт саны көбейтіліп, тағы да молда алдырғызды.Зерек шәкірттердің одан әрі қарай оқуына жағдай жасауды бүкіл елдің мойнына артты. Жылма-жыл Кетікке , Бесқалаға керуен жасақтайтын бай әр керуенінен бір-бір түйе жүгін мешіт қажетіне бөліп отыруға шешім шығарды.

Бозашыда осылай Ермембет бас болып салдырған бір мешіт арада көп жыл өткенде саны онға жетеді.

3.Ермембеттің «Ел жұтаған» күйібар. Ерекеңнің Қырықмылтық Құлшар күйшімен дос болғаны жайында тарихи деректерде бар.Адайдың жеті қайқысы атанған сол өнерпаздар бимен таныс, аралас-құралас жүріп, қолдауын көрумен өткен.Сонымен бірге Ерекеңнің өзі де күй шығарған адам екенін енді біліп отырмыз.Сірә,ел есінде қатты сақталған 1897-1898 жылғы иттің жұты болса керек, «Ел жұтаған» деген күйі болыпты.Оны кезінде фонетекаға жазып қалдырған Дүйсенбай Алдоңғаров деген күйші екен. Соны архивтен жақында тапқан консерваторияның оқытушысы Елдос Емілов (осы ауылға жиен) .Сөйтіп халқымыздың күй қазынасы кеш те болса тамаша «Ел жұтаған» күйімен толықты. Енді оның ел арасына оралар күні де жақын.

Өше жаздап, өскен бір әулет

«Мың өліп, мың тірілген» қазақ жөнінде хатталған небір дерек, мағұлматтарда қағазға түспеген, адам жадынан уақыт тезі өшіруге айналған талай-талай тағдырлар бар. Мұны түсінуге, ол тарихты зерттеп-зерделеу үшін оны өз басынан өткізген, бүгінде арамызда сирек те болса некен-саяқ ғасырға жуық ғұмыр кешкен, көнекөз қарияларымыздың әңгімелерін, азабы көп те болса жігері жасымай, өмірдің өзінше қызығын көріп, хаттап артқа қалдырып кеткен ақсақалдарымыздың өмірі мен ғұмыры арқылы тарихи деректерді кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдыру да үлкен міндет. Кейінгі ұрпақтары бабаларының басына үлкен кесене салуды мақсат ете отырып, 2003 жылы би кесенесін салған еді. Халық ішінде Ермембет бидің үш қасиеті ерекше есте сақталып қалған. Сондықтан бірінші бағамда оның би екендігінің нышанына арналған: ең жоғарыда көмкерме жиектастан төмендегі үш түбектің картасы өзінің билік құрған өлкесін көрсетсе,орта шендегі дөңес қалқандағы қамшы-би екендігінің белгісі. Екінші бағандағы қалқан үстіндегі қылыш пен шоқпар батырлық қасиетін көрсетеді. Қалқанмен жиектеменің арасына ел тыныштығын күзетіп тұрған жауынгерлер салынған.Тағы бір үлкен қасиеті-жомарттығында,үшінші баған арналған.Жоғарыда айтпай келер қонағына ауы маңынан ұзатпай ұстайтын төрт түлік малы жүрсе ,одан төмен астындағы оты сөнбейтін булы қазандары тұр. Ердіңгекке бекітілген қалқанға сусын сақтар торсығы, мейманға ұсынуға дайын тостағаны мен ожауы бейнеленген,үш бағанның жоғары басы дөңгелек жиектаспен көмкеріліп, қасиеттері әр түрлі болғанымен оның бәрі бір басқа топтасып, содан ғана нәр алып, өзара келісім тауып қайта тараланатынын дәлелдейді.Әрі қарай күмбездене барып түйінделіп, ерекше айбындылықпен аспанмен тілдеспекке ұмтылып, сана мен ақылдың арқасында көктегі аймен табысқан.

Кесененің ортасында, баба мүрдесінің үстіне сандықтас орнатылған. Оның қос бүйірі өлке қазақтарына тән қошқар мүйіз оюлармен әшекейленген.Үстіне батыр да би атаның дулығасы, қайқы бас қылышы мен қалқаны жиналған.

Енді бір үлкен элемент - құлпытас. Ол аға биге, билер сотына сай еңселі қылып салынған. Құлпытастың ішкі бетіне бидің гениологиялық шежіресі жазылған. Толық мәтіні төмендегідей: Адай-Келінберді-Бұзау-Айтумыс-Шылым-Өрдек-Есен-Сейіт-Тастемір-Тұр-Ермембет. Екінші бетіне: Тұр ұлы Ермембет (1818-1908 жж) «Көже қарнымды тойдырған

Хорезмнің ойы,

Әмударияның бойы

Көңіл қарнымды тойдырған

Тіл дарияның көзі

Ермембет бидің сөзі»- деген атақты Мәтжан бидің ризашылығы жазылған.

Шежіре - бейнелеп айтқанда алып бәйтеректің тереңге жібереген тамыры болса, бәйтеректің әрбір жапырағы тереңдегі тамырын нәрімен жайқалтантын заңды түсінік. Адай тайасының бір-ақ пайызын құрайтын Есен руында да баба ұрпақтарына тән қан қуалаушылық қасиеттің бәрі бар. Сонымен бірге Адайдан шыққан аузымен құс тістеген, дуалы сөзді шешен-билердің ел мен елді жарастыра білудегі ерекше қасиеттері, батыр-бағландары көп. Оның дәлелі КСРО-ның Жоғарғы Советінің бірнеше мәрте депутаты Шамғұлов Оспан, Егеменді Қазақстан Парламентінің негізін қалаушылардың бірі Ережепов Қайролла, Төретаев Қуаныш, Жакулаев Әртелбек сынды ағаларымыз бар. Бүгінде Ермембет бидің ұрпақтары сабақтастығын жалғатырып отырған баба-Махарұлы Орын, ата-Орынұлы Машани, әке-Машаниұлы Нұрлан, бала-Нұрланұлы Марғұлан. Есен шежіресінің алғашқы нұсқасын Әзірбай Бөріұлы Махамбетов (1913-1997 жж) қолжазбаларында келтірген.









































ҚОРЫТЫНДЫ

Өнер-өмірдің нақ бейнесі, айнымас сәулесі, ойының қордасы, пікірдің түйіні. Қазақ халқының қай өнері болмасын оның тіршілік тынысына ұқсас, үндес негіз тапқан. Жазу-сызудан гөрі ауызша айтылып, зейінге құйылған, зердеге қордаланған әр аймақтың өнері, тұрмыс-салты, дәстүр-дағдысы өзіне тән. Қазіргі Қазақстанның батысында Маңғыстауды қоныстанған қазақтардың Адай тайпасының ауыз әдебиеті өз алдына даралау көрініс береді. Небір оқиғалар, аңыздар өріліп, шындық атаулымен шендесіп жатады. Әр елдің, әр аймақтың өз сөз ділмарлары, шешендері болғаны ақиқат. Жалпы тілімізде би, шешен сөздері әлдеқашан бірігіп, біртұтас ұғым беріп, кірігіп кеткені айқын. Дегенмен би болу үшін бір ғана сөз шеберлігі жеткілікті болып шықпайды. Би ең алдымен елдің тарихын, дәстүрін, әдет-ғұрпын, ел басынан бұрын-соңды өткен оқиғаларды жүйелеп отыруы бірден-бір қажеттілік.

Адай елінің әр руынан небір айтқыш, тапқыр, көріпкел, суырып салма білгіштер шыққан. Сол тұлғалардың қатарында өзіндік орны бар Тұр ұлы Ермембет би. Өз заманында ел арасындағы мәмлелер мен дау-жанжалдардың әділ шешімін, төрелігін көрсеткен Ермембет би ұрпақтар жадында мәңгі сақталмақ. Ермембет би ұрпақтары бүгінде ата рухына арнап ас жасап, құран бағыштауды дәстүрге айналдырған. Сонымен қатар «Ермембет би» деп аталатын қор да бар, ата ұрпақтары әлі күнге дейін өз зерттеу-зерделеу жұмыстарымен айналысып келеді. Жұмысымды қорытындылай келе Есен Ермембет би шешен, әділ төре ғана емес «батырлық пен ақындық» қасиеттері бар дана тұлға демекпін. « Айғырды көктен салсаң көк туады,

Өзіңнен қаса жуан бек туады.

Осы күн парақордан бала туса

Жалмаңдап екі иығын жеп туады» , - деп Ермембет би айтқан екен.

ҰСЫНЫС.Ермембеттің билігі мен ерлігі туралы Маңғыстау әдебиеті мен Маңғыстау тарихына көбірек енгізіліп, зерттеу жұмыстарынан кітапшалар мен жинақ шықса; туған өлкесі маңынын зерттеу шығармашылық орталықтары ашылса; «Ел жұтаған» күйі кеңірек насихатталса және халыққа көп көмегі тиген Ермембет би секілді ұлы тұлғаға арнап ескерткіш орнатылса деймін.


Пайдаланылғын әдебиеттер:

1.Ә. Спан, М. Абылхан «Ермембет би» , «Сарыарқа». Астана, 2003 ж

2.Ж. Жылқышыұлы «Адай шежіресі». Алматы, 2014 ж

3.А. Орынбаев. И.Жұмағалиева. Б. Балұлы «Маңғыстауәдебиеті». Алматы, 2008 ж

4. Ж. Нұрмаханова «Маңғыстау тарихы». Алматы, 2011 ж

5. Ә. Кекілбайұлы «Киелі қазық- атажұрт. «Зерде». Алматы, 2003 ж

6. «Маңғыстау» энциклпедия. Алматы, 2008 ж

7. Б. Әріпов. Д. Әріп «Маңғыстау- маңғаз мекенім». «Нұрлы әлем». Алматы,2001 ж

8. «Маңғыстау мұралары» , « Парыз». Алматы,1993 ж

9. С. Әділханұлы «Досан батыр». Ақтау, 1998 ж

© 2010-2022