Мақала Қазақ халқының өмір-тіршілігіндегі ою-өрнектің мәні

Раздел Другое
Класс -
Тип Статьи
Автор
Дата
Формат doc
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Қазақ халқының өмір-тіршілігіндегі ою-өрнектің мәні

Агадилова М.М.

Ақжар орта мектебі

Технология пәнінің мұғалімі

Қазақ халқының ата кәсібі сан ғасырлар сынынан өтіп шираған, қазақ халқының табиғи дарынымен өзектес болған, сондай-ақ халық өмірімен, тұрмысымен бірге өсіп, қайнасып келген өнер байлығы қайта қолға алынып отыр. Қазақ әйелдерінің үй кәсібі - киіз басу, кілем тоқу, сырмақ сыру, жіп иіру, кесте кестелеу, ши тоқу, тері илеу және ерлер кәсібі зергерлік өнер, ағаш пен сүйек өндеу, ер қосу, темір ұсталығы атадан балаға мирас болып келген.

«Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі», - деп ұлы философ Әл-Фараби айтқандай біліммен бірге жақсы тәрбиені қоса беріп, ізгілікке бағдарланған, әсемдікпен, ұлттық тәлім нәрімен сусындаған халық игілігін жасаушы болашақ азаматты тәрбиелеп, ел ертеңі, ел боашағы - бүгінгі жас ұрпақтың білімдар, салауатты, жақсы азамат болып қалыптасуына жол көрсете білуіміз керек.

Қазіргі сәндегі киімдерді қазақтың ұлттық ою-өрнектерімен әр түрлі техникада өрнектейді. Сонымен қатар ұлттық киімдердегі жастардың киімі ашық реңді, түсті маталардан тігілсе, үлкен кісілердің киімі, керісінше, бұлыңғыр түсті маталардан дайындалған. Қазақ халқы бас киімсіз жүрмеген, бас киімдерді ерекше пір тұтқан.

Мысалы, кимешекті кілемге іліп қою анаға деген құрмет, бас киімге, балалар киіміне үкі тағу тіл көзден сақтау ниетінен туған. Балалар киімінің үлкендер киімін қайталап отыруы баласының тезірек ер жетуін қалап, оны үлкен азамат ретінде көруге асыққан ата-ана тілегінен туғандығы және ит көйлектің мән-мағынасы оқушыларға жете түсіндірілуі қажет.

Тазалық, әсемдік, сұлулық жан дүниені марқайтушы, ал талғамсыздық, ластық, салақтық - көңілді кірлейтін әдеттер екенін түсіндіріп, рухани жан және мүсін сұлулығын ерекше дамыту тиіс. Оқушыларға ата кәсібін үйрету арқылы біз оларды халық салтымен, тұрмыс-тіршілігімен жете таныстыру арқылы елге деген, жерге деген сүйіспеншіліктерін арттырып, туған жерге деген ыстық ықыласын қоздыратын, патриоттық сезімдерін шыңдаймыз.

Тілімізде ою-өрнек деп қосарласа айтылатын сөз бар. Ол тұрмыста бір бұйымның бетін әшекейлеу үшін қолданылатын нақыл, өрнек. Заттың бетін өрнектеу үшін ісмерлер әр түрлі тәсілді қолданады. Олар: оймыштау, бедерлеу, шеку, қашау, тісеу, құрау тәрізді әрекеттер арқылы жүзеге асады. Әр өрнек белгілі бір бөлшектен құралады.

Сонымен, ою-өрнек дегеніміз - әдемі ырғаққа арнаулы жүйемен құрылған өрнек бөлшектері. Кейде осы сөзді жалпы ою деп атай береді. Ою сөзін латынның ornamentum (орнамент), ал өрнек сөзін орыстың узор сөзінің баламасы ретінде қолдануға болады.

Қазақ халқының ою-өрнек кезінде В.Куррер, Ф.Т.Куглер, С.В.Иванов, В.В.Стасов, В.К.Волков, С.А.Давыдов, Н.Ф.Сумцов, А.Н.Берштам жәнеқазақ ғалымдары Ә.Марғұлан, Т.Бәсеков, Е.Масанов, М.Мұқанов, С.Қасиманов, Ө.Жәнібеков, Б.Т.Тұяқбаева, Б.Әлмұхамбетов, Б.Ибраев және т.б.ғалымдар зерттеген. Дей тұрғанмен, қазақ қолөнерінің осы бір күрделі саласы ою-өрнек өнерін әлі де ғылыми тұрғыдан тереңірек зерттей түсу қажет.

Осы тұрғыдан алғанда ою-өрнек өнері қазақ халқының өмір-тіршілігінде айырықша орын алып, ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа, жалғаса дамып келе жатқан өнер десек те болады. Жалпы қазақ халқының тұрмыс тіршілігіне ою-өрнек қатыспайтын саланы табу қиын.

Ою-өрнек элементтерін біз қазақ халқының үй-жиһаздары мен киім-кешегінен де зергерлік бұйымдары мен құрал-саймандарынан да, ер-тұрман әбзелдері мен қару-жарақтарынан да көре аламыз. Тарихи-ғылыми деректерге жүгінсек, қазақ халқының ою-өрнек өнері ежелгі замандардан бастау алып, қазақ жерін мекен еткен көшпелі тайпалар өнерінің ықпал-әсерімен сан ғасырлар бойы қалыптасып, өзіне тән белгілі бір жүйеге келгенін қапысыз аңғарар едік.

Меніңше, мұғалімге қажет ең басты қасиет - балаларды сүю, онсыз ол маман ретінде де, адам ретінде де таныла алмайды… Оқушыларым менің жаңалықтарыма, жаңа тәжірибеме қызығушылықпен жауап берді. Осылайша менің бірінші ұстанымым пайда болды: оқушыларды оқыту үшін, бірінші өзің оқуың керек, оқушыларға тәрбие беру үшін, тәрбиені өзіңнен бастауың қажет, оқушыларды дамыту үшін, әрдайым өзің іздену, даму үстінде болуым қажет сонда ғана осы мамандыққа лайықтымын деп санаймын.

Технология сабағында оқушыларды ою-орнек түрлерімен таныстырып, ою-өрнек салу арқылы қолды жаттықтырып оқушылардың шеберлігін ұштау, эстетикалық тәрбие беру ұйымшылдыққа, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу екендігін ескерген жөн.

Қазіргі кезеңнің заман талабына сай толыққанды тұлға қалыптастыру, технология пәніне қызығушылығын арттыру, ең қажетті шарттардың бірі болып отыр. Сондықтан, мен сабақтарымды қызықты, әрі мазмұнды етіп өткізу үшін интерактивті әдіс-тәсілдерді қолданамын. Осы әдіс тәсілдермен 5-сынып оқушыларымен «Ою-өрнек дәстүріміздің жалғасы» атты ашық сабақ. 7-сынып оқушыларымен «Құрақ құрау технологиясы және оның түрлері» тақырыбында ашық сабақ. 5 - 8 сыныптар арасында «Жас шебер» атты жинақ көрмесін өткіздім. Нәтижесінде, оқушылар көп ізденіп, ой қиялын дамытты, шығармашылық қабілеттері артта түсті.

Оқушыларды халыққа, тұрмысқа қажетті жалпыға ортақ пайдалы іс үшін еңбек етуге үйрету үшін алдымен еңбектің қажеттілігін сезініп, бастаған істі аяқтап шығуға табандылық танытуға дағдыландыру керек деп ойлаймын. Оқушылардың қолөнерге деген қызығушылығын, эстетикалық сезімін арттырып, дамытуға, өнерді, салт-дәстүрді бағалай білуге, еңбексүйгіштікке, ұқыптылыққа, үнемділікке, іскерлікке тәрбиелесек, өмірде өз тапқырлығымен қиындықтан шыға білуді үйретсек, біздің міндетіміздің орындалғаны деп білейік.

Пайдаланған әдебиеттер:

  1. Арғынбаев Х. Жаңа дәстүр, жаңа салт. Алматы 1988ж.

  2. Кенжахметұлы С. Қазақ халқының тұрмысы мен мәдениеті. Алматы 2006ж.

  3. «Мектептегі технология» ай сайын шығатын республикалық әдістемелік журнал, 2015жыл.


© 2010-2022