• Преподавателю
  • Другое
  • Сапалы білім беруді қамтамасыз ету жағдайында оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру

Сапалы білім беруді қамтамасыз ету жағдайында оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру

Раздел Другое
Класс -
Тип Другие методич. материалы
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Есть
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Сапалы білім беруді қамтамасыз ету жағдайында

оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру

Күнделікті өмірде функционалдық сауаттылық деген терминді жиі естіп жүрміз. Оқушының функционалдық сауаттылығы немен өлшенеді, бүгінгі таңда оның орны қандай, оны дамыту үшін қандай жағдай жасалып отыр. Осындай сауалдарға жауап қарастырып көрейік.

Функционалдық сауаттылық - білім мен адам іс-әрекетінің байланысын кіріктіруші тұлғаның әлеуметтік бағдарының тәсілі. Қарапайым тілмен айтатын болсақ, бала алған білімін өмірлік жағдайда дұрыс, сауатты пайдалана білуі.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2012 жылғы Жолдауындағы «...Оқудың жастарға тек білім беріп қана қоймай, сонымен бірге оларды әлеуметтік бейімделу үрдісіне пайдалана білуге де үйренуі тиіс...» деген сөздері осыған дәлел.

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасында жаңа экономикалық және саяси -әлеуметтік жағдайында Қазақстан азаматтарын интелектуалдық және рухани дамытуға, олардың қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталған түбегейлі қайта құрулар қарастырылған. Аталған міндеттерді орындау мақсатында 2012 жылдың маусым айында «Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012-2016 жылдарға арналған Ұлттық іс-қимыл жоспары» қабылданған. Оқушылардың функционалдық сауаттылығын қамтамасыз ету бойынша мазмұндық, оқу-әдістемелік және материалдық-техникалық іс-шаралар кешені Ұлттық жоспарда қарастырылған. Әр педагог осы аталған актілерді білуі қажет.

Қазақстанның халықаралық салыстырмалы зерттеулерге қатысуы оқушылардың функционалдық сауаттылығының даму деңгейін анықтауға септігін тигізеді. Зерттеулерде қолданылатын құралдар әлемнің тәжірибелі сарапшыларымен педагогикалық өлшемдердегі бірегей технологияларды қолдана отырып жасалады.

Оқушылардың сауаттылығын бағалайтын халықаралық бағдарламаларының бірі - PISA. PISA зерттеуі өлшемдердің бірнеше инновоциялық идеяларын: функционалдық сауаттылықты бағалау, қатынастарды оқу, қызығушылық, оқу стратегиялары мен мотивацияларды қатар жүргізеді.

PISA жобасы 1997 жылы экономикалық даму Ұйымдарына мүше елдердің қатысуымен жасалған. Жыл сайын бұл елдердің қатары өсуде. Зерттеу экономикалық даму Ұйымына мүше елдерде 2000 жылдан бастап жүргізіле бастады.

Білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалау (PISA- Programme for International Student Assessment) негізгі 3 бағыт бойынша өткізіледі: оқу сауаттылығы, математикалық сауаттылық, ғылыми-жаратылыстану сауаттылығы.

PISA зерттеуінің негізгі мақсаты 15 жастағы оқушылардың оқу, математика, жаратылыстанудан білім жетістіктерін анықтау. Зерттеудің негізгі қарастыратын сұрағы - «15 жастағы оқушылардың жалпыға міндетті алған білімдерін, біліктері мен дағдыларын қазіргі қоғамда толыққанды қызмет етуге тиімді пайдалана біле ме?».

Яғни, қазіргі әлемдік дамыған елдер талабы бойынша, біз тәрбиелеп отырған 15 жасар оқушы өзіне сенімді, қоғамға бейімделген, алған білімін дұрыс қолдана білетін және өз іс-әрекетіне баға бере алатын болуы керек.

Неге 15 жасар оқушы? Зерттеудің 15 жасар жасөспірімге жүргізілуі тегін емес, әлемдік қорытындыға сүйенсек, негізгі орта білім бағдарламасын меңгеріп, қоғамға өз бетімен араласу орта есеппен алғанда 15-16 жасты құрайды. (Бұл бүгінгі таңдағы 9 -сыныпты бітіріп орта кәсіби білім алатын жастар, қоғамның негізгі бөлігі).

Сонымен қатар оқушылардың нәтижелеріндегі өзгешеліктерді түсіндіруге мүмкіндік беретін факторлар да зерттеледі. Мұндай факторларға оқушылардың және олардың жанұяларының сипаттамасы, білім беру мекемелерінің және оқу үрдісі жағдайларының сипаттамалары жатады. Мысалы оқушының жәй ғана сауалдарға жауап беруінен функционалдық сауаттылығына баға беруге болады: Ата-ананың негізгі жұмысы қандай? Үйдегі кітап саны қанша? Сабаққа үйде қанша сағат көңіл бөлесің? мектеп қай бағдарламамен жұмыс істейді? жаратылыстану терминдерін білу, аты- жөнін қысқартпай толық жазуы т.б.

Зерттеудің әр кезеңінде 3 бағыттың біріне ерекше назар аударылады:

  • Оқу сауаттылығы - 2000, 2009жж.

  • Математикалық сауаттылық - 2003, 2012жж.

  • Жаратылыстану сауаттылығы - 2006, 2015жж.

Әр 3 жыл сайын жүргізіліп тұратын бұл зерттеуге Қазақстан 2009 жылдан бастап қатысты. Облыс көлемінде мектептер қатысқанымен қаламыздың мектептері бұл зерттеуге кірмеген. Алайда, 2018 жылы аталған зерттеу тағы болатынын естен шығармау қажет, біздің қаланың мектептерінің кіруі әбден мүмкін. Ол жылы оқу сауаттылығына баса назар аударылатын болады.

Зерттеу нәтижелерінің айғағы ретінде қазақстандық мектеп оқушылары өзінің құрбыларынан мәтінмен жұмыс істеу шеберлігі жағынан артта екенін байқадым. (2009 жылы қатысушы 65 елден 59 орында, 2012 жылы 62 орында). Қандай да бір күрделі оқу мәтіндерін дәл пайдаланып, олардың көмегімен күнделікті жағдайларда бағдар алуға дайын қазақстандық оқушылардың үлесі - 5%-ды құрайды (ЭЫДҰ елдері бойынша орташа көрсеткіш - 28,6%).

Нәтижесінде оқушының мәтінмен жұмыс жасау барысында кездесетін кемшіліктері айқындалды:

  • әр түрлі ақпараттармен өздігімен жұмыс істей алмауы:

  • мәселені тұжырымдай алмауы;

  • өзіндік ойын білдіруде қысқа және дәйекті мазмұндауда кедергілерге ұшырауы;

  • өзіндік ойын қысқа да жүйелі жеткізе алмауы;

  • әр түрлі мәтін түрлерімен жұмыс жасау тәжірибесі мен дағдысының жоқтығы: тұрмыстық, ғылыми-көпшілік, публистикалық.

Әлеуметтік зерттеу нәтижелері көрсеткендей, оқуға деген ынталары балалардың есеюіне байланысты төмендейді. Кітап оқуға деген құлшылықтарының төмендеп кету себептері:

1. Бұқаралық ақпарат құралдары ықпалының артуы (теледидар, интернет);

2. Қоғамдық өмірдің күрт өзгеруі (жағдайы төмен отбасылар санының өсуі);

3. Ересектердің балалармен біріге оқу әрекет ұстанымының өзгеруі;

4. Оқу дағдысын мақсатты түрде қалыптастыру жүйесінің жоқтығы.

Бүгiнгі бiлiмнің жалпы ұлттық мiндеті оқуға тарту, мәдени жеке құндылық ретінде оқу сұранысын арттыру, оқуға деген қызығушылықты ояту.

«Оқу сауаттылығы» термині кең мағынада қарапайым оқу біліктілігі емес, мәліметтерді айқындай білу қабілетімен анықталуда. Мектеп жасындағы балалардың тек оқу техникасын меңгеруі қазіргі таңда қабілеттілік болып есептелмейді. (зерттеу бойынша ең үздік оқушы минутына 350-400 сөз оқуы қажет)

Жалпы айтқанда, оқу сауаттылығына баланың оқу шапшаңдығы емес, оқыған мәтінді қабылдауы, дұрыс ой түйіндеу, мәтіннен алған ақпаратты өмірмен байланыстыра алу және берілген тапсырманың түп төркінін түсіну жатады.

Қазіргі уақытта мемлекет әр педагогтың алдына бәсекеге қабілетті тұлғаны тәрбиелеу мәселесін қойып отыр. Ол үшін білім мазмұнын жаңарту талап етілді. Оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыруға бағытталған шараларды ұйымдастыру жүктелді. Әрине бұның бәрі бергілі бір механизмдер арқылы жүзеге асады.

Оқушының функционалдық сауаттылығын дамыту үшін білім- білік- дағды қажет. Оқушының пәнде алған білім, ептілік дағдысын дамыта, отырып функционалдық сауаттылыққа негіздеу керек. Ол тапсырма арқылы жүзеге асады. Ұйымдастыру формасы - проблемалық жағдай. Бұл тұста интерактивті әдістемелерді сабақта қолдану өте тиімді:

  • Сын тұрғысынан ойлау технологияларын дамыту.

  • Үлгілеу және сызбаға түсіру.

  • Өнімді оқу технологиясы.

Мектебімізде оқушылардың оқу сауаттылығын арттыру бағытында жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Атап айтсам, әдебиет оқу сабағында СТО технологиясының стратегияларын кеңінен қолданамын. Мысалы: «Белгімен оқу», «Күрделі және жеңіл сұрақтар», «Кідіріспен оқу» әдісі, «Кілт сөздер», «Кластер құру», «Синквэйн», «Бес минуттық эссе», «Сын тұрғысынан ойлаудың алты қалпағы» т.б.

Бұл әдістер ойлы оқырман тәрбиелеуге, оқырманның талғамын дамытуға, мәтінді түсіне және зерделей білуге үйретеді.

Сонымен қатар сыныптан тыс сабақтар ұйымдастырылып, кітапханашымен жоғарғы сыныптарда «Ашық кітаптар», «Кітаптар шеруі» және төменгі сыныптарда «Кітап сөрелері» әңгіме, «Маған оқып берші» ойындары, кітап көрмелері сияқты біріккен жұмыстар жүргізілді. Сахналық қойылым сабақтар, шығармашылық сайыстар, әдебиетке қатысты түрлі интелектуалдық ойындар өтті.

Білім көзі оқуда екенін әрқайсымыз білімез. Алдымызда мектеп оқушыларының кітап оқуға қызығушылығын ояту және бос уақыттарын кітапханада өткізуге талпындыру мақсаты тұр. Осы тұрғыдан қала деңгейінде оқырмандар клубын ашу және «Бәрін таста, оқуды баста» ұранымен оқушыларды кітап оқуға ынталандыратын шаралар ұйымдастыру туралы ұсыныс білдергім келеді.

Кембридж тәсілімен оқытудағы негізгі идеясы да сындарлы оқыту технологиясына негізделген. Оның мақсаты оқушының пәнді терең түсіну қабілетін дамытып, алған білімін сыныптан тыс жерде, кез келген жағдайда тиімді пайдалана білуін қамтамасыз ету.

Одан күтілетін нәтиже оқушы еркін, өзіндік дәлел- уәждерін, нанымды жеткізе білуге үйренеді.

ФС не кіреді?

  • Оқу және жазу сауаттылығы;

  • Жаратылыстану ғылымдары сауаттылығы;

  • Математикалық сауаттылық;

  • Компьютерлік сауаттылық;

  • Отбасылық өмір мәселелеріндегі сауаттылық;

  • Денсаулық мәселесіндегі сауаттылық;

  • Заң сауаттылығы же т.б.

Бүгінгі таңда білім құндылықтары және оның қызмет ететін мақсаты түбегейлі өзгерген. Мектеп түлектері жарқын болашақты күтеді. Қазіргі уақытта бәсекелестік басым, сондықтан білім дағдыларын игеру маңызды. Қоғам бізден жаңа идеяларды меңгеріп тәжірибеде жылдам орындай алатын иілмелі, көпфункционалды адам болуымызды қалайды. Біреудің жол сілтеуін күтпей, өз еркімізбен мәселені шешуге қабілетті жастарды тәрбиелеу жауапкершілігі әрқайсымыздың мойнымызда.




Қарағанды облысы «Приозерск қаласының № 2 мектеп - балабақша кешені» коммуналдық мемлекеттік мекемесі

Сапалы білім беруді қамтамасыз ету жағдайында оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру




Тақырыбы: Сапалы білім беруді қамтамасыз

ету жағдайында оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру.


Қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі

Ермагамбетова Алтынай

Сергабылкызы











2015 жыл

© 2010-2022