МҰҒАЛІМНІҢ ҮЗДІКСІЗ КӘСІБИ ДАМУЫ - ЕЛ БОЛАШАҒЫНЫҢ ӨРКЕНДЕУІ

Қазіргі қоғамда болып жатқан терең әлеуметтік өзгерістер білім беруді дамытуға  жаңаша көзқараспен қарауды, педагогикалық ғылым әдістемелері мен парадигмасын өзгертуді талап етеді. Осындай өзгерген әдістерді мектеп өміріне енгізетін де, мектепті жақсартатын да негізгі тетік  – қабілетті мұғалім. Бауыржан Момышұлының сөзімен айтсақ, мұғалім «болашақтың баласын да, данасын да, ғылымын да өсіреді». Сондықтан,  қазіргі қоғам болашағының данасын өсіру үшін  мұғалімнің өзі де дәстүрлі сабақ беру әдіст...
Раздел Другое
Класс -
Тип Другие методич. материалы
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

МҰҒАЛІМНІҢ ҮЗДІКСІЗ КӘСІБИ ДАМУЫ - ЕЛ БОЛАШАҒЫНЫҢ ӨРКЕНДЕУІ

Тоқбаева Айнұр Елеубайқызы

Тараз қаласы физика -математикалық бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

«Еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаздардың қолында»

Н.Ә.Назарбаев

Қазіргі қоғамда болып жатқан терең әлеуметтік өзгерістер білім беруді дамытуға жаңаша көзқараспен қарауды, педагогикалық ғылым әдістемелері мен парадигмасын өзгертуді талап етеді. Осындай өзгерген әдістерді мектеп өміріне енгізетін де, мектепті жақсартатын да негізгі тетік - қабілетті мұғалім. Бауыржан Момышұлының сөзімен айтсақ, мұғалім «болашақтың баласын да, данасын да, ғылымын да өсіреді». Сондықтан, қазіргі қоғам болашағының данасын өсіру үшін мұғалімнің өзі де дәстүрлі сабақ беру әдістерін өзгертіп, жаңа формацияның мұғалімі болуға жан-жақты бетбұрыс жасауы керек.

Жаңа формацияның мұғалімі деген кім? Жаңа формацияның мұғалімі - жаңа заманға сай өзгерген мұғалім. Қазақстан Республикасының білім беру Тұжырымдамасында: «Жаңа формацияның мұғалімі - кәсіптік дағды мен педагогикалық дарыны қалыптасқан, жаңалыққа жаны құмар, рухани дүниесі бай, шығармашылықпен жұмыс істейтін тұлға», - деп нақтыланып көрсетілген [1]. Ал жаңа формация мұғалімін қалыптастыруға қойылатын негізігі талап - жаңа технологияларды меңгеру болғандықтан, жаңа формация мұғалімі кәсіби шеберлік пен бірнеше құзіреттілік түрін игеруге міндетті.

Ал жаңа формацияның мұғалімдері жұмыс істейтін, Кембридж тәсілінің теориялық негіздері саналатын сындарлы оқытудың дәстүрлі оқытудан айырмашылығы қандай?

Дәстүрлі оқытудың сипаты:

1.Білімнің дайын күйінде берілуі;

2. Мұғалім түсініктемесінің көп болуы;

3. Оқушыға алған білімін өмірде іске асырушы субъект емес, «тірі энциклопедия» ретіндегі көзқарастың қалыптасып қалуы.

Ал сындарлы оқытуда мұғалімнің оқушыға деген көзқарасы өзгеріп, білімді оқушылардың бойында өздері қалыптастыруларына көмектеседі.

Жақсы мұғалімнің қасиеттері - өз жұмысын жүйелі жолға қоя білетін, оқушының жан дүниесін түсіне білетін, өз сабағына жауапкершілікпен қарайтын, жан-жақты білімді, жаңалыққа жаны құмар жан. Ондай мұғалім - шәкірт жүрегінің алауын жағушы. Сабақты мұғалім қандай психологиялық ахуалмен бастаса, сабақ бастан-аяқ солай өтеді. Сыныпқа кіргендегі психологиялық ахуал міндетті түрде баланың көңіл-күйін сұраудан басталуы керек. Шаттықпен, белсенділікпен, жылулықпен, жақсы көңіл-күймен басталған сабақ жүректен-жүрекке тез жетеді. Сол арқылы білімге қарай жол ашылады.

«Мен мұғалім ретінде қандай әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы баланың бойында білім қалыптастыра аламын?» деген сұраққа көп жауап іздедім. М.Жұмабаевтың «Педагогика» [2] еңбегін қайта парақтап, М.Монтессори педагогикасына [3] да үңілдім. С.Мирсеитованың [4] сын тұрғысынан ойлау туралы еңбектерін де қарап шықтым.

Сабақ барысында оқушылардың іс-әрекеттеріне бақылау, талдау жасау арқылы, жауаптарын тыңдай отырып, өзімше ой қорыттым. Мен өзімнің мектептегі іс-тәжірибемнің барысында сындарлы оқытудың табысты оқуға ықпалы мол екендігін байқадым. Өткізген сабақтарымның нәтижесінде:

1. Баламен санасу арқылы сабақтың мақсатын қоя білуді үйрендім.

2. Бәрінен жаманы - өзіндік бағаның төмен болуы. Сондықтан «әркімнің өз даусы бар» деген қағиданы оқушылардың түсінуіне көмектестім.

3. Сөйлеудегі кедергіні жеңу - ең басты проблема! Сондықтан оқушының өз - өзіне сенімділігін арттырып, топта өз ойын еркін айта білуіне мүмкіндіктер бере алдым.

4. Баланы ынталандыра отырып, өз бетінше әрекет жасауға бейімдедім.

Мен сабақтағы өз іс-әрекеттерімді саралай келе, мынадай қорытынды ой түйдім:

1. Мұғалімнің құндылығы - топта жұмыс істей білу, тыңдай білу, тәжірибе алмасу.
2. Мұғалімнің ұстанымы - оқушының құндылығын ескере отырып, сабақ беруді жақсарту тәсілдерін табу.
3. Негізгі қағида - баланың білетінінен басқа, онымен санаса отырып, білім беру!

Мен өзімнің сабақ беру стилімнің өзгергені арқылы оқушылардың бойынан да өзгерістерді байқадым. Оқушының сұрағына «сұрақпен жауап беру» дағдысы бойымда қалыптасты; мен сабақ беретін сыныптардағы оқушылардың да бір-бірінің сұрағына сұрақпен жауап қатып жатқанын байқадым. Бұндай жағдай оқушылардың бойында да сыни көзқарастың, креативті ойлаудың қалыптаса бастағанын аңғартты. Оқушылар жаңа білім мен идеяны өздері қалыптастырып, табысты оқудың алғашқы қадамдарын жасады. Өзара бағалау және өзін-өзі бағалау арқылы оқушылар өздерінің іс-әрекеттеріне сын көзбен қараудың «әліппесін» түсінді. Тілдегі, сөйлеудегі проблемалар, сәтсіздіктен қорқыныш, қарым-қатынас жасаудағы эмоцияларын басқара білмеу сияқты оқудағы кедергілерді жеңудің жаңаша жолдарын тапты.

Біз, жаңа формацияның мұғалімі, дұрыс бағытқа жетелейтін дұрыс сұрақтарды қою арқылы оқушының дұрыс жауап іздеуіне бағыт-бағдар берушіміз. Сондықтан оқушыны оқуға ынталандыру, өзін-өзі сыйлау сезімін дамыту арқылы өздігінен ақпарат іздеп, өздігінен оқуға үйретуіміз керек.

Не себепті өзіндік оқып, үйрену туралы ойлану керек? Өйкені қазіргі білім саласындағы оқыту үдерісі соны талап етіп отыр. Ал ақпараттар ағыны көп заманда өзіндік оқып, үйрену қалай жүзеге аспақ? Әрине мұғалімнің бағыт - бағдар беруші ретіндегі тапсырмалар мен ойланту сұрақтарын қоя білуіне байланысты.

Мен өз сабақтарымда сұрақтар мен тапсырмаларды жеңілден күрделіге қарай қоя отырып, оқыту процесін жандандыруға талпыныс жасадым.

Бұл орайда Блум таксономиясын пайдалану өте қолайлы. Мұғалім сыныпта оқушыларға білімді қалыптастыруға көмектеседі. Білімді оқушылардың өздері мұғалім ұсынған тапсырмалар барысында қалыптастырады. Себебі мұғалімнің көп сөйлеген сөздеріне кей оқушылар мән бермеуі мүмкін. Өздері қолмен жасап, нәтижесін көрген уақытта оқушының оқуға деген ішкі уәжі артады. Конфуций: «Маған айтып берсең - ұмытып қаламын, көрсетсең - есте сақтаймын, өзіме жасатсаң - үйренемін» деген. Конфуций айтпақшы, бала өзі жасағанда ғана жақсы түсінеді, есте сақтайды. Ал мұғалім толықтырады, ойларды ашады. Бұрынғы дәстүрлі сабақтардың жүйесі оқушыға білімді тек жаттанды түрде ғана беріп, өзіндік ойлауды дамытуға, алған білімді өмірде іске асыра білуіне көп септігі тие бермейтін. Сондықтан болашақтың баласын оқыту үшін, болашақ қоғамның адамын дамыту үшін мұғалімнің өзі де өзгеріп, дамуы керек. Өмір бойы білім алу идеясы осы мәселелерге байланысты айтылса керек.

Сонда мұғалім өз жұмысының тиімділігін қалай көре алады? Әрине, оқушылардан алынған кері байланыс арқылы деп айтсақ болады. Ал мен үшін сабағымның тиімді болған тұстарын кері байланыс арқылы болжау жеткіліксіз болды. Сондықтан мен «Мақсаты айқындалған, бірін-бірі толықтырып отыратын, оқушылардың білімді қаншалықты меңгергені нақты көрінетін, оқушылардың сөздік қорын, сөз қолданыстарын тексере алатындай тапсырмаларды қалай құрастыруға болады?» деген сұрақ төңірегінде ойлана бастадым.

Соның бір дәлелі өзім «Шығармашылық жұмыс» атаған бақылау жұмысы болды. Бұл жұмыс «Тіл дамыту» жұмыстарының негізінде түрлендірілген тапсырма болды. Мақсатым: оқушылардың ойлау деңгейі мен сөздік қорын, тіл байлығын, сөз қолданысын, сауаттылығын, тыныс белгілерін өздігінше дұрыс қоя білулерін тексеру болды. Бұл жұмысты мен 80 минуттық сабаққа арнадым. Оқушыларға табиғаттың небір әсем келбетінен 12 слайдты суреттер ұсынылды. Әр сурет бойынша оқушылар сөйлем құрау керек. Алғашқы 40 минутта оқушылар жазып үлгерді де, мен үзіліс кезінде көзбен шолып шығып, мазмұнына қолпаштау ретінде «тамаша», «керемет», «өте жақсы», «жақсы» деген бағалауларды жаздым. Екінші 40 минутта оқушылар өздерінің сөйлемдерін сөйлем мүшелеріне талдады, тыныс белгілерін қойды.

Мен осы шығармашылық жұмысты жасату барысында кей оқушылардың 12 суретті де бір-бірімен байланыстырып, тұтас мәтін құрған жұмыстарын да көрдім. Оқушы қиялына ерік беріп, тіл байлығы мен ой-өрісін бағалауға мүмкіндік алдым. Ал кей оқушылардың күнделікті сабақта белсенді болып отырғанымен, тіл байлықтарының аздығы да осы жұмысты орындауда көрінді. Осылайша оқушылардың білімін кешенді түрде бағалауға болады деген қорытындыға келдім. Ол қорытындымның теріс емес екендігін диктант, эссе, ойтолғау жазғызу барысы да дәлелдеп берді.

Ендігі кезекте мен дәстүрлі жазба жұмысынан заманға сай жазба жұмысын қалай орындатсам екен деген оймен, «Оқушыларды заманға сай қалай оқытуымыз керек?» деген сұраққа жауап іздедім. Қазіргі заман - ақпараттық технологиялардың дамыған заманы. Ақпараттық - коммуникативтік технологияларды пайдалану заман талабы болғандықтан, оған басты назар аударуымыз қажет. Жаңа ақпараттық технологияларды білім беру үрісінде қолдану біршама жетістіктерге апаратыны анық. Менің осы саладағы басты мақсатым - ақпараттық-коммуникативтік технологияларды жетік меңгеру және оқушыларға меңгерту болды. Ақпараттық-коммуникативтік технологияны қолдану мұғалімге де оқушыға да қолайлы екенін білеміз. Сабақта теория мен практиканы ұштастырамыз. Бұл екеуі бір-бірімен өзара тығыз байланыста болады. Тәжірибелік жұмыс жасау барысында бала теориялық білімін шыңдайды. Сондықтан да сабақта АКТ пайдалану қажеттілігі туындайды. Мультимедиа құралдары арқылы бала жанды дауытарды естіп, бейнефильмдерді көреді, есту және көру арқылы берілетін ақпараттың мол ағынын бойына сіңіреді [5].

Мен ресми стиль жайлы өткен сабағымда компьютерді қолдану арқылы өтініш, түсініктеме, қатынас қағазы сияқты құжаттарды оқушылардың өзіне жасаттым. Мақсатым: оқушылардың қазақ тілінде құжаттарды дұрыс рәсімдей білуге үйрету. Оқушылар электрондық пошталары арқылы тіркелген файлды менің поштама жіберді, сол келген хаттар интерактивті тақтада көрсетілді. Параметрлерін қою, азат жолдарын автоматты түрде қою, кестенің шеткі сызықтарын көрсетпей қалай қою керек деген сияқты жұмыстарды көрсеттім. Оқушылар өздерінің жұмыстарын интерактивті тақтадан тезірек көруге асықты. Мен сол сабағымда екі мұғалімнің рөлін атқардым десем, артық айтқандық болмас. Пәнаралық байланыс информатикамен болды.

Мен әдебиет сабағында да компьютерді тиімді пайдаланамын. Ақпараттық-коммуникативтік технологияны қолдану дағдыларын арттыру үшін әрі сыни ойлауларын, салыстыруларын қалыптастыру үшін салыстыру слайдтарын жасау туралы тапсырма бердім. Мақсатым: адамзаттық проблемалардың жалпы әдебиеттегі көріністерін салыстыру, қазақ әдебиетінің әлем әдебиетімен байланысын түсіндіру. Оқушыларға берілген тапсырма: интернет арқылы Эзоп, Крылов мысалдарын тауып, олардың Ыбырай, Абай, Ахмет шығармаларымен үндес болуының себебін анықтау. Осы жұмыстың қорытындысын 3 слайд түрінде беру. Оқушылар өздерінің дайын жұмыстарын интерактивті тақтадан көрсетуге қызықты әрі асықты. Осы жұмыстың барысында оқушылар көптеген қиындықтарға кездесті, оның көбі АКТ-ны тиісті дәрежеде меңгермегендіктерінде болды. Мен ондай оқушылардың жандарына барып, көмектестім. Бұл ретте мен информатика пәнінің мұғалімі ретінде де оқушыларға көмекке келдім. АКТ құралдарын қолданудағы қазақша сауаттылықтарын арттыру - заман талабы екенін түсіндім. Мен компьютердің тілін өзім де жетік меңгеруіммен қатар озық бағдарламаларын да білуім керек деп шештім. Менің алдымда өзімді дамытудың жаңа жоспарлары пайда болды. Егер мен кәсіби құзіреттілігімді үздіксіз арттырып отырсам, заманға сай оқушыны тәрбиелей аламын, ал заманға сай оқушы - елдің болашағы.

Әр мұғалім білім беру саласында қоғамның дамуының басты айғағы болып саналатын ақпараттық - коммуникативтік технологияларды ұтқыр қолдана білсе, сабақтың дамытушылық сипаты да тиімді болатындығы сөзсіз.

Зерттеуші ғалым Джон Хэтти де оқыту өнері және оның басты табыстары «бұдан әрі не болады» дегенмен байланысты деп атап көрсеткен екен (Көзге көрінетін оқу. Джон Хэтти (2009)). Мен оқушылардың оқыту мен оқу барысындағы әрекеттерін бақылай отырып, жаңадан жаңаны тапқан әрбір сабақтарым арқылы оқыту өнерінің қыры мен сырын өзіме жаңалық ретінде аша алатыныма және оқытуда табыстарға жететініме сенімді болдым.

Мен өз тәжірибемді жинақтап, ғылыми негізделген түрде тиімді әдіске айналдырып, болашақта көпшілікке әдістемелік құрал ретінде ұсынғым келеді. Осы жолда мен үздіксіз ізденемін. Өйткені біз қарқынды дамып келе жатқан еліміздің болашағына қызмет ететін адамдарды тәрбиелеушіміз. Сол үшін мұғалімнің кәсіби жетілу жолында үздіксіз ізденуі - ел болашағын өркендетуге қосып жатқан үлесі деп есептеймін.

Әдебиеттер тізімі:

1. Қазақстан Республикасы біліктілікті арттыру жүйесін дамытудың 2015 жылға дейінгі тұжырымдамасы. 2004 ж.

2. Жұмабаев М. Педагогика. Алматы. 1992

3."Практическая Монтессори-педагогика" Елена Хилтунен
- labirint.ru/books/255267/

4. Оқыту ізденіс ретінде және ізденіс оқыту ретінде. \сын тұрғысынан оқыту әдістемесі \. С. Мирсеитова.- Қарағанды, 2011.

5. Роберт, И.В. Современные информационные технологии в образовании:

дидактические проблемы, перспективы использования/ И.В. Роберт/ М: Школа-

Пресс, 1994

6. Глазов Б.И., Ловцов Д.А. Компьютеризированный учебник - основа новой

Информационно-педагогической технологии. // Педагогика.- 1995.




Аннотация

Бұл мақалада автор өзінің кәсіби өсу жолдары жайлы жазған. Мұғалімдік қызметіндегі іс-тәжірибесі, одан түйген ойлары туралы айтады. Мұғалімнің үздіксіз кәсіби өсуінің ел болашағының дамуына қосып жатқан үлесі екенін қорытындылайды.

В этой статье автор пишет о практике своего профессионального роста. Учитель размышляет о своей профессиональной деятельности, о результатах своего труда. Делает вывод, что профессиональный рост учителя - это вклад в развитие будущего страны.

In this article, the author writes about the practice of their professional growth. The teacher reflects on his career and the results of their work. Teacher professional development is an investment in the future development of the country.


© 2010-2022