Доклад на тему Қазақ тілі сабақтарындағы ауызекі сөйлеу дағдыларын дамыту

Раздел Другое
Класс -
Тип Конспекты
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:


ОҚУШЫЛАРДЫҢ АУЫЗЕКІ СӨЙЛЕУ ДАҒДЫЛАРЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУ ЖОЛДАРЫ

Мен Шемонаиха қаласы Н.А.Островский атындағы №1 жалпы білім беретін орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімімін.

Орыс мектебінде оқытылатын қазақ тілі пәнінің мақсаты - оқушыларға қазақ тілін меңгерту, ойлау қабілеті мен сауаттылығын арттыру, қазақ тілінде сөйлеп, жаза білетін дәрежеге жеткізу, қазақ халқының әдет-ғұрпын, тарихын танып талаптандыру, тілін құрметтеуге тәрбиелеу, сонымен қатар Отанды, табиғатты, айналадағы құбылысты, тыныс тіршілігімен жан-жақты терең таныстыру. Оқушыларды қазақ тілін оқу барысында мұғалімнің қойған сұрақтарын түсініп, оған жауап беруге, үйренген сөздерін дұрыс айтуға, әсіресе, құрамында қазақ тіліне тән дыбыстары бар сөздер мен сөз тіркестерін дұрыс қолданып, сөйлемді дұрыс құруға үйрету қажет.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында мемлекеттік тілдің оқыту сапасын арттыру қажеттілігіне ерекше назар аударды: «Халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып қазақ тілін оқытудың қазіргі заманғы озық бағдарламалары мен әдістерін әзірлеп, енгізу қажетті. Мемлекеттік тілді тиімді меңгерудің ең үздік инновациялық, әдістемелік, тәжірибелік оқу-құралдарын әзірлеу керек» Қазіргі таңда оқытудың елуден астам технологиясы бар екенін ғалымдарымыз айтып, осылардың кейбіреулері біздің білім беру жүйемізге еніп, тәжірибемізден орын алуда. Осы тұрғыда, қазіргі кезде мемлекеттік тілді игеруде көптеген педагогикалық технологияларды қолданып, оңтайлы жетістіктерге жетуге болады.

Мемлекеттік тілді үйретуде басты мақсат - тіл дамыту мақсаты болғандықтан, сабақ барысында көздейтін мақсат - оқушылардың сөйлеу тілін, сауаттылығын таныту, тілді үйретуде әдіс-тәсілдер, оны қызықтырып оқыту амалдары арқылы қазақ тілінде еркін сөйлей білу дағдыларын қалыптастырып, оқушылардың лексикалық қорын байытып, мемлекеттік тілде сөйлей, оқи, жаза білуге үйрету.

Тіл дамыту - тіл үйретудегі қарым-қатынас құралын іске асыру. Оқушының тілін дамыту лексикалық және грамматикалық тұлғаларды меңгерту, оларды сөйлемде қолдану дағдыларын қалыптастыру, сөз, сөз тіркесі, сөйлем арқылы тілдік әрекетке жетелеу болып табылады. Сондықтан оқушының сөздік қорын байытуға үлкен мән беру керек. Сабақ барысында оқушылардың міндетті түрде сөздік дәптері болуы тиіс. Сөздік дегеніміз - тілдің қажетті материалы. Қай тілді үйренбейік, алдымен оның сөздік қорын меңгерту қажет. Демек, сөз өзінен өзі жиналмайды, оны жоспармен, белгілі бір жүйемен меңгерген жөн. Басқа да әдістемелік әдебиеттерге шолу жасағанымызда, сөзді меңгеруде тақырыптық жүйенің дұрыстығын айтады. Сондықтан қазақ тілін үйрену барысында оқушылардың міндетті түрде меңгеруге тиісті сөздерінің тізімін жасау керек. Оқушының үйренген сөздерін берік қалыптастыру үшін мына мәселелер ескерілуге тиіс: сөзге дұрыс екпін түсіріп айту, сөздің мағынасын дұрыс түсіну, орфографиялық жағынан дұрыс жазып, сөйлем ішінде пайдалана білу.

Сабақта оқушылардың сөйлеу тілдерін арттыру барысында жұмыс жүргізудің бірі - мәтінмен жұмыс. Мәтінмен жұмыс - дегеніміз сабақта өтілетін әр түрлі жұмыстардың жиынтығынан құрылады. Мәтінмен жұмыс істер алдында міндетті түрде мәтіндегі кездесетін таныс емес сөздермен тиянақты жұмыс істеу керек. Жаңа сөздердің мағынасын оқушылар түсініп, меңгерулері тиіс. Мәтінмен жұмыс істеуді мынадай түрде меңгеруге болады: толық мәнерлеп оқу, мәтінді екіге бөліп екі қатарға тапсырма беру, оқушыларды өздеріне тиісті мәтінді оқып, бір-біріне мазмұнын айтып беруді дағдыландыру, кейін оларды бір-біріне сұрақ қойып оған жауап беруі тиіс. Бұл жұмыста оқушының сөйлемді дұрыс құрастырып айтуына, сұрақты дұрыс қойғанына, оған жауап беруіне назар аударылады. Осындай жүйелі жұмыс арқасында оқушылар сұрақты еркін қойып, жауап бере алады.

Бастауыш сыныпта көбінесе үлестірмелі материалдармен, суреттермен, ойындармен жұмыс жүргізуге болады. Мұнда оқушылар ізденеді, олардың әр орындаған жұмыстары бағаланады және бағыт-бағдар беріледі.

Оқушының ауызша және жазбаша тілін дұрыс дамытуда грамматикалық ережелерді жақсы білуге, тыныс белгілерін дұрыс қоюға үйретіп, көркем әдебиетті көп оқуға шақыру қажет.Осыған орай оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай әр тоқсанда келетін демалыс күндері ертегілер, аңыздар, белгілі жазушылардың әңгімелерін оқуға талап қою керек.

Ауызекі сөйлеу әдісінің бірі - диалог. Оны құрастыру үшін бір тақырып бойынша оқушының сөздік қорын дамыту, жаңа сөздер үйретіп, мағынасын түсіндіре отырып, оларды жасайтын формаларды меңгертіп, сөйлем құрауға үйрету, сөз бен сөзді байланыстыруға, ауызша ойларын жүйелі айтуға, әңгімелеуге жаттықтыру керек. Сонда оқушы диалог құру кезінде сауатты сөйлеуге, қазақ тілінің грамматикасын ескере отырып диалог дұрыс құруға тырысады. Бұл оқушының тілін дамытады.

Сөйтіп, жоғарыда аталған әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, мұғалім әр сабақта оқушыға жағдай жасап түрлі технологияларды жүйелі қолданып, оларды шығармашылықпен пайдалана білсе, жақсы нәтижелерге қол жеткізуге болады. Тілді жақсы білу - толеранттылық мәдениетін қалыптастыруға негіз болатын маңызды фактор. Соңғы жылдары қазақ тілінің мәртебесі өсіп, оның әрекет ету аясы кеңейді. Бұған басты себеп - қазақ тілінде білім беру кеңістігінің ұлғайып, сапалы білімнің берілуі деп білемін.




© 2010-2022