Қазақ тілі 5-сынып диктанттар жинағы

      Оқытудың жүйесінде білімді бақылаудың негізі-  бақылау жұмысы. Оқыту үдерісінде оқушылардың теориялық білім мазмұнын меңгерту және игерген білімді тексеру, қадағалау және бекіту мақсаттары көзделеді. Оқушылардың білімін тексеру мақсаттарында жазбаша бақылау түрі алынады. Ұсынылып отырған бақылау жұмыстар жинағы оқушы біліміне бақылау жүргізуде мұғалімдер пайдаланатын бір құралдың қажеттілігімен құрастырылды. Оқыту үдерісінде  тіл білімінің морфология саласы бойынша өткізілетін тараулық бақ...
Раздел Другое
Класс -
Тип Другие методич. материалы
Автор
Дата
Формат doc
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:



Павлодар облысы

Қашыр ауданы

Жасқайрат негізгі жалпы білім беретін мектебі









Қазақ тілінен 5-сыныпқа арналған

диктанттар жинағы














2014-2015 оқу жылы




Құрастырған:

Жасқайрат негізгі жалпы білім беретін мектебінің

қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі

Жусупова Нургуль Карибаевна.


Пікір жазған:

ПМБАИ Қазақ тілі мен әдебиет пәндерінің әдіскері

Жанкаринова Гүлжанар Ақмырзаевна.














Алғы сөз.


Бұл бақылау жұмыстар жинағы жалпы білім беретін оқу орындарының мұғалімдеріне арналған оқу құралы ретінде дайындалды.

Оқытудың жүйесінде білімді бақылаудың негізі- бақылау жұмысы. Оқыту үдерісінде оқушылардың теориялық білім мазмұнын меңгерту және игерген білімді тексеру, қадағалау және бекіту мақсаттары көзделеді. Оқушылардың білімін тексеру мақсаттарында жазбаша бақылау түрі алынады. Ұсынылып отырған бақылау жұмыстар жинағы оқушы біліміне бақылау жүргізуде мұғалімдер пайдаланатын бір құралдың қажеттілігімен құрастырылды. Оқыту үдерісінде тіл білімінің морфология саласы бойынша өткізілетін тараулық бақылауларда осы бақылау жұмыстар жинағымен жұмыс жасауға болады.

Диктант мәтіні оқушының сауаттылығы мен каллиграфиялық сауаттылығын тексерсе, ал грамматикалық тапсырмада оқушы ұсынылған тапсырмаларға талдау жаса деген шартқа талдаудың осы түрін барлық параметр бойынша жасаған дұрыс. Теориялық білімін көрсетуді талап ететін тапсырма орындағанда ережесі, жасалу жолы, қызметі, көрсеткіштері, тіл білімінің қай саласы, онын ішінде қандай жүйеге енетінін нақты мысалдармен көрсете алуы тиіс.

Бақылау жұмыстар жинағы мұғалімдер үшін қажетті құрал бола алады деп ойлаймын.






Тақырыбы: Диктанттар жинағы.

Мақсаты: Бақылау жұмысы «Қазақ тілі» пәніне арналғандықтан ең басты мақсаты - тілдің табиғатын, сөз мәнін анықтай білуге, түсініге бағыттау. Осындай жұмысты алға қоя отырып, оқушының меңгерген білім, білік пен дағдаларын жан - жақты тексеру.

Міндеті:

1. Бақылау жұмысының мәтінін 5 - сыныпқа сай алу.

2. Мәтіннің тәрбиелік мәнін ескеру.

3. Мәтінді сауатты жаза алу.

4. Каллиграфиялық ережеге сай жаза алу.

5. Лексика, фонетика саласында өтілген тақырыптарды меңгергенін

практикада іске асыру.

Сабақтың типі: білімді бекіту.

Сабақтың әдіс - тәсілдері: диктант жазу, талдау жасау.

Сабақтың формасы: жеке.

Сабақтың өзектілігі: Оқушының өзіндік белсенді әрекеті.

Гипотеза: Менің ойымша, егер де оқушының біліміне бақылау жасамасақ,

Онда оқу материалы қандай дәрежеде меңгерілгеніне есеп бере алмас едік. Сонымен қатар оқытудың тиімділігін анықтауға мүмкіншілік болмас еді.


БАҚЫЛАУ ЖҰМЫСТАРЫН ЖҮРГІЗУГЕ ӘДІСТЕМЕЛІК НҰСҚАУ

Қазақ тілінен білім, білік, дағдыларды жүйелі түрде тексеру мектептегі оқу үрдісінің ажырамас бөлігі. Оқытудағы міндеті жағдайға жету деңгейін, білім қабылдаудың негізділігін, берік дағдылардың қалыптасуын анықтайды.

Оқыту үрдісінде мұғалім білімді тексерудің әртүрлі формаларын қолданады: жеке-дара және жаппай сұрау, сыныпта орындалатын және үйде жасалатын ағымдағы жұмыстарды үнемі тексеру. Білім қабылдау мен білік, дағдылардың қалыптасу барысын жатқа жазу, көру диктанты, шығармашылық, түсіндірме диктанттары сияқты жұмыстар анықтап береді. Осы және тексеру жұмыстарының өзге де түрлері мұғалімге бүкіл сыныптың және әр баланың білімін анықтап, білім беруде кеткен олқылықтарды көрсетіп, уақытымен көмек беруге, кемшіліктерді жоюға негіз болды. Жоғарыда аталған білім, білік, дағдыларды тексеруге байланысты жұмыс формалары бақылаушылық емес, білім берушілік сипатқа ие.

Сонымен бірге оқытудың әр кезеңінде, әр тақырып сайын, әр оқу тоқсаны мен әр оқу жылында/ қазақ тілі бағдарламасы әр балада белгілі деңгейдегі білім, білік, дағдыларын анықтайды. Ондай білік дағдының жоқтығы тіл білімін меңгеруге кері әсерін тигізіп отырары анық. Сондықтан әр тоқсандағы әрбір тарауды оқытуда оқушылар біліміне бағдарлама талаптарынан қойылатын талаптарды мұғалім нақты түрде білуі керек. Бұл мұғалімге бүкіл оқыту үрдісін дұрыс қоюға, соның негізінде оқушылардың қазақ тілінен білік, білім, дағдыларының тиянақты болуына әсері мол.

Оқытудағы міндеті нәтижені өлшеу мақсатында ағымдағы және қорытындыдан бақылау жұмыстары алынады.

Ағымды бақылау жұмыстары бағдарламадағы үлкен тараулардан кейін алынады. Орфографиялық заңдылықтар мен теориялық білімді тексеру мақсатында диктант жазғызады. Соның нәтижесінен өтілген тақырып жөнінде оқушылардың білімін анықтап алады.

Қорытынды бақылау жұмыстары одан ары қазақ тілін оқытуға жол ашатын білім, білік, дағдыларды тексеру жолы. Қорытынды бақылау жұмыстарының мақсаты - оқу тоқсаны немесе оқу жылы бойы мектеп бағдарламасы мемлекеттік стандарт талаптарын орындаған, орындамағандығын анықтау. Қорытынды бақылау жұмысын жүргізудегі негізгі ұстаным бағдарлама талаптарына сай көтермеу және төмендетпеу. Қазақ тілінен алынатын қорытынды бақылау жұмыстарына оқулыққа енген, оқулықта бар синтаксистік құрылымдар, құрылысы типті сөйлемдер енеді. Оқулықта кездеспейтін /ережесі өтілмеген/ жағдайлар тақтаға жазылады және түсіндіріледі.

Оқу жылы барысында ағымдағы бақылау жұмыс тараулар соңында немесе белгілі бір тақырыпты өтіп болған соң алынады. Осы ұсынылып отырған бақылау жұмыстары сөз таптарын өткен кезде оқушының білімін тексеру мақсатында өткізіледі. Оқу жылының басында,1,2,3,4оқу тоқсандарының соңында және тақырыптық, жылдық диктанттар алынады.

Оқу жылының басында алынатын бақылау жұмысы жазғы уақытта өткен оқу жылында алған білімдерінің қаншалықты естерінде сақталғандығын анықтап береді. Тоқсан сайын алынатын бақылау жұмысы оқу жылы барысында білім, икем, дағдылардың қалыптасуын анықтауға мүмкіндік береді.

Қорытынды бақылау жұмысы белгіленген уақытта алынады. Алғашқы бақылау жұмысын алуға қолайлы уақыт болып қыркүйек айының алғашқы он күні саналады, тоқсан соңында алынатын қорытынды бақылау жұмысы тоқсан аяқталуына 1 апта бұрын, ақырғы қорытынды бақылау жұмысы мамыр айының ортасында, яғни оқу жылының аяқталуына 2 апта бұрын алынады.


ҚАЗАҚ ТІЛІНЕН АЛЫНАТЫН БАҚЫЛАУ ЖАЗБА ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ ТҮРЛЕРІ

Бақылау жұмысы санатын диктант, грамматикалық тапсырмалар, бақылау көшіру, мазмұндама, мәтіндер жатады. Шығарма жұмыстары жұмыстары қорытынды бақылау жұмыстарына жатпайды.

Диктант орфографиялық және пунктуациялық дағдыларды тексеру қызметін атқарады. Ұсынылып отырған диктанттар мәтіні барлық оқушылар орындай алатындай орташа қиындықта берілген. Әрбір мәтін құрамына оқылған орфограммалар жеткілікті мөлшерде енеді. Сол уақытта өтпеген ережеге сай келетін сөздер мәтінге енбеген.

Диктантқа байланысқан мәтін, құрастырылған мәтін, белгілі бір жазушының шығармасы бастауыш сынып оқушыларына ықшамдалып алынады.

Мәтін 5- сынып оқушыларына түсінікті, сөйлемдер құрылысы жағынан жай, айтылу мақсатына байланысты әр алуан, екі-сегіз сөзден тұрады, кейбір жағдайларда өткен тақырыптар бойынша күрделенген түрінде де алынады. Мәтін орфографиясы жуырда ғана өткен және алдыңғы тоқсандарда өткендерді қайталап, тиянақтап отыруды көздейді. әр мәтін соңында сөз саны көрсетілген және ол бағдарлама бекіткен жүктемеге сай келеді.

Диктанттан кейін берілетін тапсырмалар оқылған грамматикалық танымдарды қаншалықты меңгергендігін анықтап береді, сөздер мен сөйлемдерге қарапайым тілдік талдау жасау дағдыларын көрсетеді.

Бақылау жұмыстарында үш- бес тапсырма аралығында беріледі. Олардың мазмұны диктант мәтінімен байланысты болады. Тапсырмалар алдында өткен тілдік материалды қамтиды. Бұл фонетика-графикалық талдау, сөз құрамына талдау, орфографиялық, синтаксистік талдаулар. Екі тапсырма сыныптағы барлық оқушыларға ортақ, міндетті. Олар бағдарлама талаптарына сай қазақ тілінен білім мен ел уақыттағы өткен тақырып бойынша меңгерген икем-дағдыларын анықтап береді. Тоқсан соңында, оқу жылының соңында алынатын қорытынды бақылау жұмыстарында үшінші тапсырма болады, оны тек әлді оқушылар орындай алуы мүмкін. Бұл тапсырма күрделірек, сөздің лексикалық мағынасына қатысты. Мысалы: түбірлес сөздерді мысал келтіре отырып түсіндіру, бұл зат неліктен бұлау аталады, мағыналас және қарсы мағынадағы сөздерді табу, осы сөзді басқа мағынада қолдану.

Бақылау көшіру диктант сияқты орфографиялық және пунктуациялық дағдыларды тексереді. Сонымен бірге көшіре білу, орфограммаларды анықтау, сөйлем межесін анықтау, мәтінді бөлікке бөлу, мәтіннен керек бөлікті көшіріп алу. Осы түрдегі жұмыс үшін тыныс белгілері қойылмаған жүйелі, мазмұнды мәтін ұсынылады, сонымен бірге мәтінмен байланысты қосымша бір-екі тапсырмалар болады.



БАҚЫЛАУ ЖҰМЫСТАРЫН ЖҮРГІЗУ ӘДІСТЕМЕСІ

Бақылау жұмысының әрбір түрінің өзіндік ерекшелігі ерекше жүргізу әдістемесін талап етеді.

Диктант. Жазбаша орындалатын жұмыстың бұл түрінде мұғалім мәтінді оқып тұрады, ал оқушылар бұрын қалыптасқан дағды бойыншща жазады. Мәтінді мұғалім қазақ тілінің дыбысталу талаптарына сай оқиды. әуелі бүкіл мәтінді ақырын, мәнерлеп, дауыстап оқып береді. Оқушылар тыңдап, мазмұнын түсінеді. Одан кейін жеке сөйлемдер оқылады. Сөйлем соңына дейін оқылып болған соң оқушылар жаза бастайды. Сөйлемді толығымен естерінде сақтап үйренсе жақсы болар еді. Қалып қойғандары бар-жоқ екенін сұрай отырып мұғалім мәтінді дауыстап, түсінікті, асықпай, бір қалыпты оқиды. Сол уақытқа дейін өтілмеген тақырыпқа сай келетін сөздер мен формаларды анық, түсінікті, әр әріпті ажырата отырып айтады немесе тақтаға жазып қояды «қиын» әріптің астын сызады.

Оқушылар бүкіл мәтінді жазып болған соң мұғалім толығымен оқып шығады, арасында кідірістер жасап отырып оқушылар дәптерлеріне жазғандарын тексеріп отырады. Жазған диктантты тексеруге 5-8 минут уақыт беріледі /мәтін көлеміне қарай/.

Тапсырмаларды мұғалім тақтаға диктантты бастамас бұрын жазып қояды. Диктант жазылып, тексеріліп болған соң мұғалім тапсырмаларды дауыстап оқиды, ал оқушылар тақтаға қарап танысып отырады. Содан кейін өздігінен жұмыс жасай бастайды: дәл мәтін ішінде немесе жеке жазып алып талдау жасаулары мүмкін.

Көшіріп жазу диктанты көшіруде мұғалім мәтінді алдын ала тақтаға жазып қояды. Бастапқыда оқушылар мәтінді оқиды немесе мұғалім оқып, оқушылар бақылап тыңдап отырады. Одан кейін оқушылар жазылған мәтінді түсініп, ой елегінен өткізеді. әр сөйлем қай жерден басталып, аяқталатындығын табады, «қиын» емлелердің жазылуын анықтап қарап алады. Мұғалім оқушыларға мәтінді көшіргенде жеке сөзден емес, буындап отырып бүкіл сөйлемді оқып алып көшіру керектігін ескертеді. Содан кейін мәтінді тақтадан көшіріп, өздері тексереді. Соңынан қосымша тапсырмалар орындалады.

ЖАЗБА БАҚЫЛАУ ЖҰМЫСТАРЫН ТЕКСЕРУ

Түгел тапсырмаларды тексеріп болып мұғалім нәтижені талдау схемасына /сызбасына/ енгізеді. Қателердің сандық және сапалық талдауы жалпы сыныптың білімі мен икемінің деңгейін көрсетеді.

Диктантта жіберген мынандай қателерді ескере отырып мұғалім мыналар есте сақтауы керек:

- бір қате ретінде есепке алу керек сөзден жіберген қате бірнеше рет қайталанса, бір қате болып есептеледі;

- бір ережеге байланысты әртүрлі сөздерде жіберген қателердің әрқайсы бір қате болып есептеледі;

- екі ұқсас жіберілген тыныс белгілік қатені;

- тасымал кезінде сөздің бұрынғы жолда қайталанып кездесуі. Сондай-ақ жіберілген мынандай есепке саналады:

- өтілмеген орфограммалар мен тыныс белгілері болса

- сөйлем соңына нүкте қойылмай бірақ келесі сөйлемді бас әріппен бастап жазса.

Қате болып есептеледі:

- сөздерді жащудағы емлелік ережелердің бұзылуы, әріп тастап кету, әріптердің орнын ауыстыру немесе артық әріп жазып қою;

- ешбір ережеге сай келмейтін, бірақ сол сынып бағдарламасына енетін сөздердің жазылуында жіберілген қателер;

- сол уақытта өткен тақырыптарға байланысты тыныс белгілерін қоймау, сөйлем соңына қойылмаған нүкте егер келесі сөйлем бас әріптен басталып тұрса.

Жұмыстарды тексеру мұғалім назарын «жақсы» немесе «өте жақсы» бағалардың санына емес, қатесіз орындалатын жұмыстар санына назар аударуы керек. Жұмыстарында 4 немесе одан да көп қате жіберетін оқушылар ерекше назарда болғандары жөн. Осы мақсатта олардың көпшілігі жіберетін қателер түрін анықтап алған жөн.






ДИКТАНТТЫ БАҒАЛАУ ӨЛШЕМДЕРІ

« 5» деген баға еш қатесі жоқ немесе орфографиялық жеңіл 1 қатеге ( 1/0) немесе тыныс белгісінен жеңіл бір қатесі бар (0/ 1) диктанттарға қойылады.

« 4» деген баға емледен 3, тыныс белгісінен 3 қатесі бар ( 3/3), немесе емледен 2, тыныс белгісінен 4 қатесі бар ( 2/ 4), немесе емледен 1, тыныс белгісінен 5 қатесі бар (1/ 5 ) диктанттарға қойылады.

« 3» деген баға емледен 6, тыныс белгісінен 5 қатесі бар (6/5), немесе емледен 5, тыныс белгісінен 6 қатесі бар (5/6), немесе емледен 3, тыныс белгісінен 8 қатесі бар (3/8) диктанттарға қойылады.

« 2» деген баға емледен 9, тыныс белгісінен 5 қатесі бар (9/5), немесе емледен 8, тыныс белгісінен 9 қатесі бар (8/9) диктанттарға қойылады.

« 1» деген баға қате саны «2» деген баға көрсетілген мөлшерден асып кеткен диктантқа қойылады..

Ескерту: бағалау кезінде қателердің қайталануы мен біртектілігіне назар аударылады. Егер бір қате бір сөздің құрамында немесе түбірлес сөздердің түбірінде қайталанса, бір қатеге саналады. Бір ережеге жататын қателер біртекті болып есептеледі. Алғашқы бір текті үш қате біреуге саналады да, келесі осындай қателер дербес есептеледі.

Диктант мәтінінде 5 -тен артық түзету болса, 1 балға кемітіледі. 3 және одан артық түзетулер кездескен жағдайда үздік баға қойылмайды.

Сонымен бірге тасымалдауда, автор сөзін берудегі тыныс белгілерде жіберілген қателер түзетілгенімен, қатеге саналмайды.

ҚАТЕМЕН ЖҰМЫС

Оқушыларды сауатты жазуға үйрету үшін алдын алу жұмыстары жүргізіледі. Бұл жұмыс кезінде оқушыларға бәрін жайып айтып беру емес, емлелік тақырыптарды жүйелі берілуі: ережелерді оқу, оларды түсініп меңгеру, жазу барысында басшылыққа алу. Жаттығу жұмыстары қатені алдын алуға көмектеседі. Ондай жаттығуларға көру, есту диктанттары, қиын емлелі сөздерді тақтадан көшіру.

Диктантта жіберілетін қате түрлері сан алуан болуы мүмкін: графикалық, емлелік, пунктуациялық.

Графикалық қате: әріп тастап кету, әріптердің орнын ауыстыру, артық әріп жазып қою және әріпті қисық таңбалау.

Орфографиялық қате: сөзді жазуда теріс әріп жазу. Оның негізі мынада: сөздің мәнін түсінбеу, құрамын білмеу, дәл сол жағыдайда тиісті ережені пайдалана алмау, жазылуы ұқсас сөздерді шатастыру, жалпы, жалқы есімдердің жазылуын айыра алмау.

Пунктуациялық қате: үтірді дұрыс қоймау, сызықшаның қойылу ережесін білмеу, сөйлемнің түрін ажырата алмағандықтан нүкте, леп, сұрау белгілерін сөйлем соңында дұрыс қоймау. Шылаулардың емлесін білмегендіктен сөйлем ішінде үтірдің қойылу себебін білмеу.

Бақылау жұмысында жіберген қателермен жұмыс.

Бақылау жұмысында жіберген қателермен жұмыс жасау үшін арнайы 1 сағат бөлінеді. Мұғалім алдын ала дайындалады: көп оқушылар жіберген қателерді теріп алады, соларды бекітіп, түсіндіруге материал дайындайды, жинақтайды. Әуелі бүкіл сынып жіберген қателермен жұмыс жасалады, содан кейін әр оқушы жіберген қателермен жұмыс жасайды. Үнемі қатемен жұмысты бір тәртіппен, үйреншікті жүйемен орындау қажет.

Қате жіберген сөздерді қолданып, дәптерлеріне сөйлем құрап жазады. Қиын емленің астын сызады.

Ауызша жұмыс: Сөйлемді интонациямен оқу, одан кейін дәптерлеріне жазып, тыныс белгісін белгілеу. Сонымен бірге мұғалімнің назары каллиграфиялық қателерде де болуы керек: конфигурацияның бұзылуы, әріп элементтерінің үйлесімі, сызықтардың параллельдігі, әріптердің жазылуындағы биіктігі мен ені, олардың жазу жолында орналасуы. Бұл қателерді жою үшін жеке каллиграфиялық сабақтар жүргізілуі тиіс.







5-11 сынып оқушыларынан бағдарламаға сай талап

етілетін оқу іскерлігі мен дағдыларының жоба

көрсеткіші

І. Диктант нормалары

Сынып

Сөздер саны

Орфограмма саны

Тыныс белгілері

5

90-100 - сөз

12

2-3

6

100-110 - сөз

16

3-4

7

110-120 - сөз

20

4-5

8

120-150 - сөз

24

10

9

150-170 - сөз

24

15

10

170-180 - сөз

26

18

11

190-200 - сөз

26

18


IІ. Бағалау нормалары

Баға

Қате саны

«5»

1\0

0\1

-

«4»

3\3

2\4

1\5

«3»

6\5

5\6

3\8

«2»

9\5

8\9

9\8
















Диктант № 1

Пән: Қазақ тілі

Сынып: 5

Тақырыбы: өткенді қайталау.

Бақылау жұмысының мақсаты:

1. Ұсынылған лингвистикалық нысандарға талдау жасату арқылы меңгерген білім, білік, дағдыларын қолдана алу деңгейін анықтау.

2. Тыңдаған мәтінді орфографиялық, пунктуациялық нормаға сай сауатты жазу дағдыларын бақылау.


Бақылау диктанты.

Аққу.


Мен шыққан төбе онша биік емес. Мен төменге көз салдым. Осы төбенің етегінен әрмен қарай қалың құрақ өсіпті. Одан әрі етіктің ұлтаны тәріздес шалқар көл жатыр. Әлі күн көзі түсе қоймаған көл беті қарауытып көрінеді. Ортасында бір топ үйрек жүзіп барады. Үп еткен жел жоқ. Көл суы мөлдіреп жатыр.

Бір кезде оң жағымнан әсем әуез естілгендей болды. Шырқау аспанда ән салып келе жатқан екі аққу екен. Қуанғанымнан айқайлай жаздадым. Қос сұлу құс қанаттарының сыбысына қайран қалып тұрмын. Аққуларды бұрын жақын жерден көрген емес едім.

(92 сөз)


Сөздікпен жұмыс:

әсем әуез- ән

шырқау аспанда- биікте

етістіктің ұлтаны тәріздес- етіктің қойынышы

қарауытып- қараңғы батып келе жатқан кез.

Грамматикалық тапсырма.


1. Диктант мәтіннің қай түріне жатады?

2. Сөйлем мүшесіне талдау.

Мен төменге көз салдым.

3. Күн, көл сөздерін септе.

4. Диктанттан тек сан есімдерді теріп жаз.

5. Аққу сөзіне дыбыстық талдау жаса.


Диктант № 2

Пән: Қазақ тілі

Сынып: 5

Тақырыбы: Қазақ әліпбиі, дыбыстар, дауысты дыбыс.

Бақылау жұмысының мақсаты:

1. алған білімдерін жинақтау арқылы білімдерін тексеру.

2. диктант тақырыбын жазуда орфографиялық, пунктуациялық ережелерді сақтау, есте сақтау қабілеттерін арттыру.

3. рухани-мәдени байлықтарын қалыптастыру.


Күй.

Күй- қазақ халқының тұрмыс харекетімен, күнкөріс кәсібімен, арман- мұңымен, күрес- тартысымен, әдет-ғұрпымен астасып, ғасырлар бойы онымен бірге жасасып келе жатқан өнер. Күйді домбырада ғана тартпаған, қобызда да, сыбызғыда да ойнаған. Күй сюжетті музыка жанрына жатады. Әрбір күй белгілі бір оқиғаға, күрес- тартысқа құрылады. Күй- өміршең жанр. Қарағай қақпақ қос ішекті домбырамен сыр шерту- атадан балаға мирас болған өнер.

(59 сөз) (Ол кім? Бұл не?)

Сөздікпен жұмыс:

мирас- мұра

сыбызғы- ұлттық аспап

Грамматикалық тапсырма.

1. Қазақ әліпбиі туралы не білесің?

2. Дауысты дыбыстардың жасалу жолы.

3. Күй- өміршең жанр. (ашық бір сызықпен, қысаң екі сызықпен сызу)

4. Қобыз сөзіне дыбыстық талдау.

5. Қазақтың күй өнері (ой -толғау жазу)









Диктант № 3

Пән: Қазақ тілі

Сынып: 5

Тақырыбы: Буын, тасымал.

Бақылау жұмысының мақсаты:

1. буын, тасымал тақырыбында алған білімдерін тиянақтау, жинақтаутексеру.

2. сауатты жазуға дағдыландыру, орфографиялық, пунктуациялық ережелерді сақтау, есте сақтау қабілеттерін арттыру.

3. құстарды сақтауға, оларға қамқорлық жасауға тәрбиелеу.



Жаз.

Жаз думаны басталды. Құс атаулының ұясы түгел сары ауыз балапанға толды. Олар ауыздарын ашып, ұяға тынымсыз жем тасыған енелеріне тентелейді. Ұядан шығып кете алмайды.

Өз балаларын әр құс өз дағдысынша тәрбиелей бастайды. Қатерден жасырынуға, тамақтану әдісіне баулиды. Қаз бен аққудың балапаны суық күз түскенше енелерінен бөлінбейді. Әсіресе аққудың көгілдірі енесінен бір елі қалмай жылы жаққа ұшып кетеді. Ол көктемде қайта оралғанда ғана өз бетімен күн көруге көшеді. Ал қарлығаш балапаны ұшқаннан кейін оған өз жемін қалай табу әдісін төбесінен тастап жіберіп, соны қуып ұстату арқылы үйретеді. Осылайша әр құстың балапан баулудағы әдістері әр түрлі.

(94 сөз) (С.Махмутов)

Сөзікпен жұмыс:

ентелейді-алға қарай ұмтылады

дағдысынша- өз әдетінше

баулудағы- тәрбиедегі

баулиды- үйретеді.

Грамматикалық тапсырма:

1. Буын деген не, оның қандай түрлері бар? Диктанттан мысал келтір.

2. Ұя сөзіне дыбыстық талдау жаса.

3. дағдысынша сөзінде неше масымал бар, тасымалдап көрсет.

4. Осылайша әр құстың балапан баулудағы әдістері әр түрлі. (сөйлем мүшесіне талда)

5. Құстар әлемінде (әңгіме жаз).



Диктант № 4

Пән: Қазақ тілі

Сынып: 5

Тақырыбы: Эвфемизм, дисфемизм.

Бақылау жұмысының мақсаты:

1. оқушыларға тұмау, ЖРВИ туралы түсінік беру, оның алдын -алу жолдарын түсіндіру.

2. сөздік қорларын жетілдіру, орфографиялық, пунктуациялық ережелерді сақтау.

3. салауатты өмір салтына тәрбиелеу.

Тұмау және ЖРВИ дегеніміз не?


Тұмау- бұл тыныс жолдарының жұқпалы вирустық ауруы, ол осы топтың өзге ауруларынан бөлек қаралады.

Тұмау вирусы өте тез тарайды. Тұмау асқынған жағдайда өте қауіпті. Сондықтан да, тұмаумен ауырған кезде балалар, кәрі адамдар, сондай-ақ жүрек және өкпе созылмалы ауруларымен ауыратын науқастардың сақ болғаны жөн.

Тұмау және ТЖВЖ барлық әлемде болу жағдайы мен жиілігі бойынша бірінші орын алады және барлық жұқпалы аурулардың 90% құрайды.

ЖРВИ-дың алдын алу - таза ауада сырғанақтар, шаңғылармен сырғанау, жүзу, бағалы азық, бай дәрумендерді қолдану, денені шынықтыру, сауықтыру жұмыстарымен айналысу, организмнің және иммунитеттің стимуляциясын күшейтуден тұрады. Балалар ұзақ уақыт таза ауада демалып қыдырған жөн, себебі таза ауада тұмау жұқпайды.

(102 сөз)(арнайы басылым кітаптан)


Сөздікпен жұмыс:

Организм- ағза

Иммунитет-қорғаныш қасиеті

Стимуляция-қорғаныш қасиетінің белсенділігін күшейту.

Грамматикалық тапсырма:


  1. Ауру сөзін эвфемизмге ауыстыр.

  2. Дисфемизм деген ? Мысалмен дәлелде.

  3. Тақырыпқа сай 2-3 мақал-мәтел жаз.




Диктант № 5

Пән: Қазақ тілі

Сынып: 5

Тақырыбы: І тоқсанда өтілген тақырыптарға арналған бақылау.

Бақылау жұмысының мақсаты:

  1. тақырыптарды талдау жасату арқылы меңгерген білім, білік, дағдыларын қолдана алу деңгейін анықтау.

2. тыңдаған мәтінді орфографиялық, пунктуациялық нормаға сай сауатты жазу дағдыларын бақылау.

3. ұқыптылыққа, көркем, сауатты жазуға тәрбиелеу.

Тау басы.

Тау басына қар түсіпті. Тау басынан аса алмаған жырым-жырым ақша бұлттың бауырын өрт шалғандай, аспандағы жалынның алауы нарттай қызыл перде боп әр үйдің әйнегінде жүр.

Қарағайлы қолаттың жықпыл-жықпылында қара киімге жапсырған ақ жамаудай іркіліп тұман жатыр. Апта бойы толастамаған нөсер тайганы да есеңсіретіп тастапты; тым бұйығы, самалы таусылып сызы ғана қалғандай, бұрынғысынан да аспандап, керме иық мінез көрсетеді. Көк жүзіне сіңбей, кемер-кемерге іркіліп қалған ақша бұлттардың сүт реңі мұздай суық, шытынаған көк шағыр аспан әлі де ызғарым бар дегендей. Еркімен өріп, өз аяғымен қайтатын мал да бақайының сықырын байқатпай бүрісіп, ауылға ұрланып кіріп жатыр.

(98 сөз) (Қ.Ысқақов «Ақсу-жер жаннаты»)

Сөздікпен жұмыс:

нарттай- қып-қызыл, албыраған

іркіліп-бөгелу

тым бұйығы- өте жуас

Грамматикалық тапсырма:

І деңгей.

Берілген сөздердің антонимін табыңдар.

І нұсқа. ІІ нұсқа.

Алыс- кәрі-

Үлкен- ерте-

Оңай- қас-

Кір- жұқа-

Қараңғы- ащы-

Сөз, оның мағынасы(тура, ауыспалы, көп мағыналы сөздер)

А) Берілген сөздерді жақша ішіндегі сөздермен тіркестір. Қандай мағынада қолданылып тұрғанын ажыратып жаз.

І нұсқа. ІІ нұсқа.

Терең ( өзен, білім, ой), Қара (көйлек, жұмыс, су, өлең, құрт)

қатты (сөз, құрт) жұмсақ (адам, мінез, орындық)

Тура мағыналы сөз

Ауыспалы мағыналы сөз



ІІ деңгей.

Антоним сыңарын жаз.

І нұсқа. ІІ нұсқа.

Шықты- бар-

Ақ- кішкене-

Әдемі- батыл-

Берілген сөздермен 2-3 сөйлем құрастыр.

І нұсқа. ІІ нұсқа.

Бота, бұзау, сүйкімді, қозы. Төлі, қонжық, күшік.

ІІІ деңгей.

«Менің сүйікті үй жануарым» тақырыбында мәтін құрастыр немесе бір төлді сипатта.








Диктант № 6

Пән: Қазақ тілі

Сынып: 5

Тақырыбы: Лексика саласы.

Бақылау жұмысының мақсаты:

  1. сөздердің лексикалық ерекшеліктерін түсініп, мағынасына қарай ажырату, білім- біліктерін тексеру.

  2. шығармашылық қабілеттерін дамыту, ойлау қабілеттерін жетілдіру.

  3. жақсы мен жаманды ажырата білуге, адамдыққа тәрбиелеу.

Шығармашылық диктант.


  1. Асты сызылған сөздерді синонимдермен ауыстыр.

Ұлан бүгін құлан сәріден оянды. мәз болды

Оны атасы бірден ұқты. ерте

Апыл-ғұпыл шайларын ішіп жолға шықты. түсінді

Бұған бүкіл сынып қуанды. тез

Жомарт біразға дейін тіл қатқан жоқ. үндемеді

Ертайдың зәресі ұшты. қорықты

Нұргүлсім бұларды әрең тыйды. тоқтатты

Балалар жиналыс туралы кеңесті. ақылдасты

  1. Мақал- мәтелдердегі айтылмай тұрған сөзді тап, антонимдардің астын сыз.

А) Ашу- ..., ақыл- ....

Ә) Көп сөз- күміс,

... сөз- алтын.

Б) ... азығын ... жина.

В) ... ішкен- жегенін айтады,

... көрген- білгенін айтады.


  1. Берілген тұрақты сөз тіркестерінің мағынасын ашып, сөйлем құра.

Сөзге келу, бетінен оты шығу, құлақ асқан жоқ, көңілі ақ, көзді ашып жұмғанша.

  1. Эвфемизм, дисфемизм, табу сөздерді пайдаланып «Үлкеге құрмет» тақырыбында әңгіме құра.




Диктант № 7

Пән: Қазақ тілі

Сынып: 5

Тақырыбы: Жалпылама лексика.

Бақылау жұмысының мақсаты:

1.алған теориялық ұғымдарын тәжірибеде қолдану, тапсырмаларды орындау арқылы оқушы білімін бақылау.

2. сауатты жазуға дағдыландыру, орфографиялық, пунктуациялық ережелерді сақтау, есте сақтау қабілеттерін арттыру.

3. өнердің құдіретін оқушы бойына сіңіру.

Татьяна әні.

Әйгерімнің кең үйінде Базаралыны үлкен ықыласпен күткен ажар бар. Кілемдер тұтылып, әсем оюлы сырмақтар жазылыпты. Абай айналасындағы жастардың бәрі Базаралының қабағына қарайды. Сағынған достар пейілін танытады. Күндізгі түстік үстінде Базаралы үздік- үздік әңгімелер айтып отырды. Өзі көрген жерлерді, елдерді сөйледі.

Кешкі отырыста Абай мәжілістің бетін өзгертті. Жастарға ән-сауық жөнінен тілек білдірді. Жастар кезегімен өнерлерін көрсетіп, сүйсіндіруде. Базаралыға сезімтал Абай қауымы ем тауып, сынығын сылап тұрғандай.

Аздан соң Әйгерім «Татьяна әнін» айта жөнелді. Үй іші ұйып тыңдады. Базаралы Абайдың бұл айтылған өлеңінің барын да білмеуші еді. Ол шетке кеткен соң туған ән екен.

(93 сөз)(М.Әуезов)

Сөздікпен жұмыс:

Тұтылып- төселіп

Сынығын сылап- көңілін көтеру

Грамматикалық тапсырма:

1.Диктант мәтіні қай салаға байланысты беріліп отыр?

2.Жалпылама лексика ұғымының мағынасын ашыңыз.

3.Әсем сөзінің синонимін жазып, оны тұрақты сөз тіркесімен ауыстырып жаз.

4. «Мен сүйетін өнер» ойыңды білдір.



Диктант № 8

Пән: Қазақ тілі

Сынып: 5

Тақырыбы: Өткенді қайталау.

Бақылау жұмысының мақсаты:

  1. шығармашылық қабілеттерін дамыту, ойлау қабілеттерін жетілдіру.

  2. жазу мәдениетін қалыптастыру, орфографиялық, пунктуациялық ережелерді сақтау

  3. аңшылықтың қыр-сырын білуге тәрбиелеу.

Шығармашылық диктант.


Құсбегілік.

Берілген сөздер мен сөз тіркестірін пайдаланып, мәтін құрастыру.

Аңшылық өнер, таңсәріден, ата-бабамыздан қалған мұра, әскери жаттығу, қыран, көңіл-күй, көңілді кездер, жайма шуақ, қыс мезгілінде, бәріміз.







Диктант № 9

Пән: Қазақ тілі

Сынып: 5

Тақырыбы: Үндестік заңы.

Бақылау жұмысының мақсаты:

1. үндестік заңы тақырыбынан меңгерген білімдерін жинақтау.

2. диктант тақырыбын жазуда орфографиялық, пунктуациялық ережелерді сақтау, есте сақтау қабілеттерін арттыру.

3. ауылға деген сезімдерін кеңейту.

Жайлауда.


Бұлар кеше жайлауға көшіп келген. Қойды тауға қарай үшеулеп айдады. Атасы, өзі және Есен. Туыстарының баласы Есен бір класс жоғары оқиды. Екеуі сырлас. Осы қонысқа жеткенше есеннің аузы бір босамады. Қалың шалғынға малтығып, қой- қозылар жүриецйді. Қоныс қарасы көрінген кезде, атасы алға озған.

Есен атасы кеткен соң, аттан қарғып түсті. Көк шалғынға аунады. Аузы жайлау қызығын суреттеуден тынбады. Арқар, елігін айтты. Осыдан кейін ол көзін күннен қалқалады. Таудың шұбар басына таңырқай карап қалыпты. Айнала долана, шетен, ұшқат, тобылғы. Сонау бір құжыр таста найза бас рауғаш сораяды. Оны көрген Есеннің көзі жайнап сала берді.

(100 сөз) (О.Әділбаев)

Сөздікпен жұмыс:

Шалғын- қалың өскен көгарай, майса

Рауғаш- көбінесе тау күнгейлерінде өсетін көпжылдық қышқыл дәмді өсімдік.

Грамматикалық тапсырма:

1.Соңғы сөйлемді көшіріп жазып, буын түріне ажырат.

2. Үндестік заңы деген не, оның қандай түрлері бар? Диктанттан мысал келтір.

3. Берілген сөздерді орфоэпияға аударып жаз.

орфография орфоэпия

жайлау

тауға қарай

түсті

қой-қозылар

тынбады

4. «Ауылда» тақырыбында өз ауылыңды суреттеп жаз.

Пайдаланылған әдебиеттер


1.Қ.Р. жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттары.

2.Қ.Р. жалпы орта білім беру мекемелерінде ғылым негіздерін оқыту ерекшеліктері туралы әдістемелік нұсқау хат.

Астана

3. Қосымова Г., Дәулетбекова Ж. «Қазақ тілі» 5- сыныпқа арналған оқулық.

Алматы «Атамұра» 2010

4.Ж. Дәулетбекова «Қазақ тілін оқытудың әдіснамасы»

Алматы «Атамұра» 2010

5. Диктанттар жинағы 1998ж


© 2010-2022