Эссе Мен - мұғалім

Раздел Другое
Класс -
Тип Конспекты
Автор
Дата
Формат doc
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Шығыс Қазақстан облысы

Семей қаласы

Прииртыш ауылы


Прииртышский жалпы орта білім беретін мектептің жоғарғы санатты физика пәнінің мұғалімі Сембинова Гульшат Толеухановна


Эссе

«Мен - мұғалім»

Мұғалім мектепте басты тұлға. Ол өз ісімен өзгеге үлгі болып, жетекшілік етеді. Білімі терең, әдістемелік шеберлігі мол, мақсаты айқын, үнемі ізденіс үстінде болады.

Мұғалім оқу материалының мазмұнын дайын күйінде жеткізу, түсіндіру емес, оқушылармен бірлесе іс-әрекетті ұйымдастыра отырып, алға қойған мақсатына жетеді. Білікті ұстаз жеке тұлғалардың жан-жақты дамуына, оқушылардың сана-сезімін, ақыл ойын дамытуға пән аралық байланысты кеңінен қолданады.

Ұрпақ тәрбиесі қашанда қоғамның өзекті мәселелерінің бірі болып табылады. Жақсы ұстаз жас өрендерге үлгі-өнеге болып оны сөзімен де, ісімен де дәлелдей білуі тиіс. Ол шәкірттерімен ашық, адал сөйлесіп, оқушының не қалайтының, не көксейтінің жиі сұрап, біліп отыруға міндетті. Осы жағдайда ғана шәкіртпен мұғалім арасындағы кедергі жойылып, өзара сенім беки түседі. Менің түсінігімше әр бала қабілетті тек оқуға деген «түрткісін» (мотивін) дөп басып таба білу керек.

Ұстаз болу - жүректің батырлығы,

Ұстаз болу - сезімнің ақылдығы.

Ұстаз болу - мінездің күн шуағы,

Ұстаз болу - адамның асылдығы,-

деген Ғафу Кайырбековтың өлең жолдарын оқығанда, мен өзімді бақытты сезінемін. Ұстаз болғаныма мақтанамын. Өйткені ұстаз - мақтан тұтар мамандық. Киелі әрі өте көне мамандық. Адам Ата Хауа Анадан бері жұмыр басты пендені ойландырып,толғандырып келе жатқан, қоғам өзгерсе де қажеттігін жоймайтын үлкен мәселе - шыр етіп дүниеге келген нәрестені өмір сүруге дайындау. Бұл - қиынның қиыны. Себебі әр адам - қайталанбас тұлға. Оның жан дүниесі - өзінше бір әлем. Ал ұстаз сол әлемді шар-тарапқа жетелеуші. Ұстаз - бала болмысына өзгеріс енгізуші, бағыт-бағдар беруші, ата-ананың сенімді көмекшісі.

Өмірдегі көп мамандықтардың ішінде жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, ерекше шәкіртжандылықты, мейірімділікті қажет ететін мамандық та - ұстаздық мамандық. Олай дейтінім, мұғалім еңбегі біріншіден, адамзат қоғамы тарихында жинақталған ғылым негіздерінен білім беруге тиіс болса, екіншіден, үнемі шәкірттерімен қарым-қатынаста болып, білсем, үйренсем деген бала арманы мен оның сырлы тағдырына басшылық етуді мойнына алған маман.

Осындай қызығы да, қиындығы мол мамандықты мен де таңдадым. Ұстаз болу - бала кезімнен арманым еді. Анам 40 жыл Орыс тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі қызметін атқарып жұмыс істеді. Ата анамның тәрбиелеп өсірген бес баласының үшеуі бүгінгі күнде мұғалімдік қызмет атқарудамыз. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы»демекші, шәкірт бойындағы ұстамдылық пен тәрбиелілік көбіне ұстазға келіп тіреледі. Ескендір Зұлқарнайын: «Даңқ пен абыройға кенелуімде мен бір адамға қарыздармын, ол - ұстазым Аристотель»,- десе, Абылайхан Төле биді, Шәкәрім ұлы ақын Абайды ұстазым деп, шексіз құрметтеп кеткен екен. Ендеше, менің табынатын ұстазым - әрине анам Зура Қалиасқарқызы . Бүгінгі ұстаз шәкіртіне ғылым негіздерінен мәлімет беріп қана қоймай, оны дүниежүзілік білім, ақпарат, зкономика кеңістігіне шығуға, яғни қатаң бәсеке жағдайында өмір сүруге тәрбиелеуі керек. Ол нағыз ұстаздың ғана қолынан келеді.

Ал ХХІ ғасырдың нағыз ұстазы қандай болмақ керек? Әрине, ол өз кәсібінің майталманы, осы мақсатқа рухани күш-жігерін, парасат-қуатын салу керектігі айтпаса да түсінікті. Бұл - әркімнің қолынан келе бермейтін, ерекше талантты қажет ететін, бай қиялды адамға тән қасиет.

Сондай-ақ ұстаз күнбе күнгі өзінің көп қырлы еңбегінде мазмұны әр түрлі кездейсоқ жайттардың туындап отыратынын алдын ала сезіп, болжап және оның оң шешімін табуға дайын болуға тиіс.Сондықтан да ұстазды әр баланың жан-дүниесін танып-білуші әрі оны жеке тұлға етіп қалыптастырушы, ел болашағының мүсіншісі деуге болады.

«Ұстаз» сөзінің 2 түрлі сипаты бар. Бірі - белгілі пәннен сабақ беретін оқытушы да, екіншісі - жоғары беделді адамдарға ықпал етуші дана адам. Мектептегі ұстаз - баланың екінші ата-анасы, болашаққа айқын жол сілтер ақылшысы. Оның мейірімге толы жүрегі шәкірт бойндағы талай ағаттықты кешіре біледі. Оның бойындағы білім мен ақыл, ойының қуаты талай тентекті жуасытып, небір еркені сабасына түсіреді, тәртіпке баулып, есейтіп, ержеткізеді. Сондықтан әрбір шәкірт өзіне үлгі-өнеге болған сүйікті мұғалімін ұстазым деп атайды. Осы тұста Абайдың:

Ақырын жүріп, анық бас,

Еңбегің кетпес далаға.

Ұстаздық еткен жалықпас,

Үйретуден балаға,- деген өлең жолдары еріксіз ойға оралады. Егер әр шәкірт өмірде бір кірпіш болып қаланып, ұстаздан шәкірт озып жатса, төккен тер мен адал еңбектің ақталғаны емес пе ?!

Ұстаз атана білу, оны қадір тұту, қастерлеу, арындай таза ұстау - әр мұғалімнің борышы. Ол - өз кәсібін, өз пәнін, барлық шәкіртін, мектебін шексіз сүйетін адам.Осы іске деген қызығушылық пен сүйіспеншілік қана оны небір қиын әрекеттерге жетелейді, іске батыл кірісуге себін тигізеді. Нәтижесінде бір емес, бірнеше жас жүрекке мәңгі ұстаз болып қалады.

Ұстаздың осыншама қадір-қасиет, құрметке бөленуі өзін қоршаған орта мен әрбір шәкіртіне асқан сезімталдықпен, жауапкершілікпен қарым-қатынас жасауында.Өйткені оның қарапайым да сыпайы киім киісі, мәдениетті сөзі, әдепті жүріс-тұрысы, жинақы іс-әрекеті, білімі шәкіртке де, ата-анаға да, жұртшылыққа да өнеге.

Ұлы ағылшын ағартушысы Уильям Уорд:

Жай мұғалім хабарлайды,

Жақсы мұғалім түсіндіреді,

Керемет мұғалім көрсетеді,

Ұлы мұғалім шабыттандырады,- дейді. Білім беру жүйесі мамандардан кәсіби икемділік пен ұтқырлықты, сан қырлы шығармашылық қызмет пен өзін-өзі басқару, өзін-өзі ұйымдастыру жағдайындағы біліктілікті қажет етеді. Өйткені қазіргі жас буын - еліміздің келер күнгі келбеті. Бұл жөнінде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Ғасырлар мақсаты - саяси-экономикалық және рухани дағдарыстарды жеңіп шыға алатын, ізгіленген ХХІ ғасырды құрушы іскер, өмірге икемделген, жан-жақты жеке тұлғаны тәрбиелеп қалыптастыру»,- деген тұжырым жасады. Біздер, мұғалімдер, күнделікті өмірдің жай ғана адамы емес, болашақты құрушыларды, адамзаттың сәулетті болашағын жасаушыларды тәрбиелеп отырғанымызды ойласақ, мұғалім мұратының қандай болатыны өзінен-өзі айқын. Осыған байланысты ұстазға тән мынадай сипаттарды даралап көрсетуге болады:

  • Дүниетанымдық көзқарасы, сенімі

  • Қызметке бейімділігі

  • Кәсіптік білімі мен біліктілігі

  • Қамқорлық көзқарас, сүйіспеншілік сезім

  • Ұйымдастырушылық қабілет

  • Заманға сай жаңашылдық

Осындай даралық қасиеттер ұстаздық бақытқа жеткізеді. Бақыттың үлкені - өзіңді-өзің тану. Ұстаз өзін-өзі қай уақытта таниды? Ол алдындағы шәкіртінің қияға қанат қағып, елінің азаматы болған сәтінен таниды. Ендеше, бүгінгі білім мен білік бәсекелес заманда ұландарымыздың биіктен көрінуіне күнделікті ісіміздегі жаңашылдығымыз арқылы, жан-жақты берген тәрбиеміз арқылы қол жеткіземіз.











© 2010-2022