Абайды оқы оқырмандар конференциясы

Раздел Другое
Класс -
Тип Другие методич. материалы
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Абайды оқы, тәлім ал

/оқырмандар конференциясы/

Мақсаты: Абайдың қара сөздері мен өлеңдерінің тәрбиелік мәнін ашу; оқушыларды «жақсыдан үйреніп, жаманнан жиреніп», «толық адам» болуға ұмтылуға, ғылым-білімді игеруге өз бетімен ынталануына талап көзін ашу; өз ойларын толық жеткізе білуге дағдыландыру, сөйлеу мәдениетіне баулу, адал достыққа тәрбиелеу.

Көрнекілігі: Абайдың портреті, кітап көрмесі, нақыл сөздер.

Жоспар

1. Ұйымдастыру . Абай әндерін тыңдау.

2. Ұлы ақын Абай жөнінде білетіндерін еске түсіру. Өмірі .

3. Бес нәрсеге асық бол. Бес асыл іс .

4. Бес нәрседен қашық бол. Бес дұшпан.

5. Абай өлеңдері арқылы адал достыққа тәрбиелеу.

6. Абай афоризмдері .

7.Қорытынды













Ұлы ақын Абай. Өмірі.



Қазақтың данышпан ақыны Абай 1845 жылы Семей облысы Шыңғыс тауының жайлауында дүниеге келген.

Әкесі Құнанбай сөзге шешен, білімді, көреген, қатал адам болды. Баласының болашағынан зор үміт күткен әке Абайды ел басқару ісіне ертеден араластырған.

Абай мейірбан пананы өз шешесі Ұлжан, әжесі Зереден тапты. Бұл екеуі де парасатты, қайырымды , бауырмал ана еді. Құнанбай қойған Ибраһим деген есімді Ұлжан еркелете «Абай» деп атады. Осы есімі жаңа өмірді аңсаған сахара халқын рухани дұшпандардан қорғар Абай болып қалды. Кейін баптай, Біржан сал ол туралы «Орта жүз Абай қойған атын баптай, Үйіне ояз кірмес жауап қатпай» деді.

Немересін жүрегімен мәпелеген Зере өзі шексіз көп білетін ертегі-жырларымен Абай қиялын әлдилеуден жалыққан жоқ. Сахара өлең-жырға , ән-күйге, небір тамаша эпосқа,, ертектерге , аңыздарға толы болатын. Соның бәрі медреседе оқыған Абай қиялында шығыс поэзиясына ұласқан соң Абайдың ақындық ынтықтығы ерте ұлғаяды. Медреседе 5жыл болған Абай сол жылдардың соңғы кезінде Семейдегі орыс мектебінде оқиды. Бұл Ресей патшалығына бағынған қазақ халқы орыс мәдениетінің дәмін толық тата бастаған, орыс тілін білу үлкен өнер саналатын кез еді. Абай өз заманының жаңа оянған тілегіне ерген талпынушылардың бірі болады. Бірақ Абай орыс мектебінде үш-ақ ай оқыды. Балаларының ішіндегі алғыр, тапқыш, шалымды екенін аңғарған Құнанбай оған ерекше зер салады, өзінің төл мұрагері еткісі келеді. Оны ел билеу ісіне араластырмақ болып әкесі ауылға алып кетеді. Бірақ Абай әке жолын қумайды.

Абай он төрт жасынан өлең шығара бастағанымен сол өлеңдерін құнттамаған, жинастырып сақтамаған. Бертініректе жасы қырықтан асқан кезінде жазған өлеңдерін алты-жеті жыл бойы басқа адамның атымен таратқан. Мұның бірнеше себептері болған. Қазақтың феодал отбасында туып, сол ортада өскен Абай көпке шейін өнердің әлеуметтік маңызын терең ұғынып, жоғары бағалай білмеді. Өнердің әшекерлеуші күшінен іштей қаймығатын дала шонжарлары ақын атаулының қадірін кетіріп, беделін түсіруге бар айласын жасап бақты, өздерінің қошеметшісіне айналдырмақ болды. Олар ақынды менсінбей , бойға мін көрсетті. Мұның бәрі жас Абайға азды-көпті ықпал етпей қойған жоқ. Бірақ іштей зерек туған Абай пікірлерге күдіктене қараған еді. Халықтың көркемөнерді сүйетінін, қуанышын әнмен қарсы алып, мұңын әнмен ұзататынын ерте-ақ байқаған. Кейін «Туғанда дүниеге есігін ашады өлең» деген даналық сол байқампаздықтан туған еді.

Оның жас шағында жазғандары халық ақындарына, қала берді шығыс поэзиясына еліктеуден туған алғашқы шәкірттік тәжірибе ғана еді. Оның құнарлы өлеңдері жасы әбден ұлғайған кезінде туды. Бертін келген сайын өзінің ақындық қуатына көзі жете бастады. Туындыларын өз атына 1887 жылы «Дала уалаяты» газетінде «Жаз» деген өлеңі жарияланғаннан кейін барып көшіруі де кездейсоқтық емес-ті. Енді сол өнердің рөлін тереңірек түсінді. Түсінді де қолын «мезгілінен кеш» сермегенін аңдады. Абай ақындық жолға бет бұрған кездегі алғашқы сөзі білім туралы болды. Оның 1885 жылы жазған «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» өлеңі осы тақырыптағы шығармасы болды. Ол өз өтінішін білдіре отырып жастарды ғылым-білім үйренуге үндеді.

Бес нәрсеге асық бол - баяндамашы 9б сынып оқушысы Айхимбекова Әсел.

Талап. Абай 44 -ші сөзін «Адамның ең жаманы - талапсызы» деп бастайды да,талаптың да түрлері көп болатынын баяндайды.

Талаптың ішіндегі ең зоры - бір өнерді таңдап, содан нәтиже шығармай тынбаушылық.

Абайдың түсіндіруінше, талапсыздықтың түрлері - ынтасыздық, ықылассыздық, жігерсіздік.

Керек іс бозбалаға талаптылық,

Әр түрлі өнер-мінез, жақсы қылық.

Кейбір жігіт жүреді мақтанкөйлеп,

Сыртқа пысық келеді, көзге сынық... Абай талаптың дарынды, ынтаны дамытатыны, сондықтан да халықтың «Талапты ерге нұр жауар» деген сөзді бекерге айтпағаны туралы ой толғайды. Талаптың өз шарттары бар.

1.Ғылымға ең алдымен берік ынта, білмегенді біле беруге құмарлық, махаббат керек.

2. Ғылымнан ақиқат табу мақсатын қою.Өз айтқанымды болдырам деп ғылымға қол созба.

3. Ғылымда салғырттықтан, еріншектіктен сақ бол. Білгендеріңді іске асыру керек. Ол үшін еңбек етуің керек.

4. Ғылым - білімде ұстамдылық қажет, ақыл-ойдың, мінездің, беріктігі керек, ол үшін қайрат керек. Абайша айтқанда «Ақыл, қайрат,жүректі бірдей ұста», «Ғылым сол - үшеуінің жолын білмек».

Еңбек. Абайдың пікірінше, ерінбей еңбек еткен, ізденген, әр нәрсенің жөнін біліп,әрекет еткен кісінің жетпейтін арманы болмайды.

Түбінде баянды еңбек - егін салған,

Жасынан оқып, білім алған.

Би болған, болыс болған өнер емес,

Еңбектің бұдан өзге бәрі жалған ... деп өз елін отырықшылыққа, егіншілікке, ғылымға шақырады.

Еңбегіңді сат, арыңды сатпа, сонда ғана сен адамсың.

Малды не жерден сұрау керек, не аққан терден сұрау керек.

Еңбек қылмай тапқан мал дәулет болмас.

Қардың суы секілді тез суалар ...

Сақалын сатқан кәріден,

Еңбегін сатқан бала артық - деп адамның адамгершілігі тек адал еңбегімен бағаланатындығы туралы ой қозғайды.

42-сөзінде «Қазақтың жаманшылыққа үйір бола беретұғынының бір себебі - жұмысының жоқтығы» дейді.

« Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын ». Осыны оқи отыра осы жолдардың жазылғанына 100 жылдан артық уақыт өтсе де мәнін жоймағанына, қайта бүгінгі кейбір жастарды көріп отырғанындай айтқанына таң қаласың.

Терең ой. Адамды адам еткен еңбек болса, сол адамды барлық жан-жануардан ерекше айырып тұрған екі қасиетті Абай жоғары бағалады. Оның 1-ақыл-ой, 2-сөз. Адам үздіксіз ойлауы керек.

Басында ми жоқ,

Өзінде ой жоқ деп ой-пікірсіз, сылдыр сөзді адамдарды қатты сынға алады.

«Көп айтты деп көне салатын,

Жұрт айтты деп сене салатын» адамдарды Абай толық адамдардың қатарына қоспайды. Ондайлардың терең ой мен ғылым іздемей, өтірік пен өсекке үйір болып, өмірін босқа өткізетініне қатты қынжылады.

Ойға түстім, толғандым,

Өз мінімді қолға алдым.

Мінезіме көз салдым,

Тексеруге ойландым, - деп нағыз адам әрқашан өткен-кеткеніне қорытынды жасап, өмірге сын көзімен ой жүгірте, келешекке үлкен сеніммен қарауы керек деген тұжырым жасайды.

Абай « Тәрбие арқылы адамды тура жолға қоюға бола ма?»дейді де, «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім» дейді.

Қанағат. Абай адамгершілік, иман туралы толғаныстарында «қанағат» ұғымына ерекше мән береді. Қанағат - барға риза болу, місе тұту, нысаптан шықпау,нәпсіге ермеу.

Қулық, сұмдық,ұрлықпен мал жиылмас,

Сұм нәпсің үйір болса, тез тыйылмас.

Зиян шекпей қалмайсың ондай істен,

Мал кетер,мазаң кетер, ар бұйырмас.

Ал қанағатсыздық - өзі тойса да, көзі тоймайтын, тойымсыздық, нысапсыздық. Қанағат қарын тойғызса, жалғыз атын сойғызуға жеткізетін қанағатсыздықты ақын «Адам баласы қанағатсыздықпен ... хайуандардың тұқымын құртты» деп мінейді.

Өз өміріне, өз ісіне риза болмай, онымен қоймай арамдық жолға түскендерді Абай жиіркене сынайды.

Жұрт жүр ғой арамдықты еп көрем деп,

Тоқтау айтқан кісіні шет көрем деп.

Бар ма екен жай жүрген жан қанағатпен,

Құдайдың өз бергенін жеп көрем деп.

Өз заманындағы адамдардың тойымсыздығына, қанағатсыздығына ақын қатты қынжылады.

Бес асыл істің 5-сі - рахым , яғни адамның мейірім, шапағаты,адамға істеген қамқорлық, жақсылығы.

Талап, еңбек, терең оймен табылған дүние, меңгерілген білім адамның өзі үшін ғана болса,адамшылықтың орны болмайды екен. Абай адамның адам болуына адамға істеген жақсылығымен, мейір-шапағатымен бағалайды.

«Өзің үшін еңбек қылсаң,өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың. Адамшылықтың қарызына еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың» дейді 34- сөзінде.





Бес нәрседен қашық бол. Бес дұшпан - баяндамашы 9әсынып оқушысы Жұмашева Әйгерім

Адам бойындағы 5 жағымсыз қасиетті сынға алады. Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ тәрізді адамды аздыратын мінез-құлықтан сақтандырады.

Өсек. Өсек - біреуді сыртынан даттау, кіналау, жала жабу,жалған сөз айту. Әсіресе би, болыс,белсенділер, атқамінерлер арасында бірін-бірі аңду, бар болса көре алмау ең бір келеңсіз жағдай болды. Өсектің қазақ ортасында көп тараған түрі - жалақорлық , арызқойлық.

Өтірік, өсек, домалақ, арыздар Абайдың өз сыртынан да талай жауған болатын.

Қазақтың қайсысының бар санасы,

Қылт етерде дап-дайын бір жаласы.

Пысықтықтың белгісі - арыз жазу.

Жоқ тұрса да бес бересі, алты аласы ... деп өз кезіндегі өмір шындығының күңгірт жақтарын әшкерелейді.

Өтірік. Ақын өсекшілдікті опасыздықтың, екіжүзділіктің ең жексұрын көрінісі ретінде айыптайды. Өсекте болар-болмас бір негіз болуы мүмкін, ал өтірік мүлде жалған, шындыққа ешбір жанаспайды.

Ақты қара деп, қараны ақ деп ант ететұғын кісілерді Абай имансыз, азған адамдарға жатқызады.

Расы жоқ сөзінің,

Ырысы жоқ өзінің.

Өңкей жалған мақтанмен

Шынның бетін бояйды... деп өтірік пен өтірікшілердің бет пердесін аша сынайды. Ақын адам болам десеңіз өтірік айтудан, екіжүзділіктен құтылып, шындықпен, ақиқатпен өмір сүру керек деген терең тұжырым жасайды.

Мақтаншақ. Абай өмір сүрген заманда ел адамдарының, әсіресе үстем тап өкілдерінің бойында жиі кездесетін жаман қылықтарының бірі - мақтаншақ , даңғойлық. Ондай әулекі адамдар - өзін дәріптеуді сүйетін, басқалардың алдында білімді, жағымды болып келетін бөспе, сөзгеқұмар адамдар. Абай сөзімен айтқанда мақтаншақтар. Ақын мақтаншақ болыс, билердің мінін бетіне басып, жас ұрпақты мақтанның құлы болмауға шақырады.

Еріншек. Адамдардың бойына біткен жаман қылықтарының ең жағымсызы - еріншектік . Надандық білімсіздіктен ,сауатсыздықтан туындаса, еріншектік - адамның талапсыздығынан, жігерсіздігінен, енжарлығынан пайда болатын қылық.

Тәуекелсіз, талапсыз мал табылмас,

Еңбек қылмас ерәншек адам болмас.

Бекер мал шашу. Қолда бар қаржысы мен мал-мүлкін дұрыс пайдалана алмайтын, өз пайдасын білмейтін, өзінше жомарт болып көрінуге тырысатын мақтаншақ адамдарды Абай өз өлеңдерінде қатты сынаған. Сараңдар малдан басқаны ойламайды, дүниеқоңыз, малқұмар жандар. Ал жомарт адамдар - кеңпейіл , қолы ашық адамдар. Абай інісі Оспанды осындай қолы ашықтығы үшін жақсы көрген.

Ақын «бекер малшашушылықты» екеуіне де қарсы қояды,еңбексіз табылған дүние малды орынсыз жұмсайтын дарақылықты сынап мінейді.

Орынды іске жүріп ой таппаған,

Не болмаса жұмыс қып мал таппаған.

Қасиеті болмайды ондай жігіт,

Әшейін құр бекерге бұлғақтаған деген тұжырымға келеді. Осыларды қорытындылай келе Абай « күллі адам баласын қор қылатын 3 нәрсе бар: содан қашпақ керек. Ол әуелі - надандық, екіншісі - еріншектік , үшіншісі - залымдық.

Надандық - білім-ғылымның жоқтығы, дүниедегі еш нәрсені оларсыз біліп болмайды. Білімсіздік хайуандық болады.

Еріншектік - дүниедегі күллі өнердің дұшпаны. Адам адам баласына дұшпан болса, адамнан бөлінеді, бір жыртқыш хайуан есебіне қосылады» деп бұл үшеуімен аяусыз күресті де, оларды жоюдың емі - ғылымды , адал еңбекті, адамгершілікті атап, өз шығармаларында осы үшеуін дәріптеп өсиет етті.



















Абай өлеңдері арқылы адал достыққа тәрбиелеу - баяндамашы 10а сынып оқушысы Орынхан Санжар.

Абай өз жасында ғылым оқи алмай қалғанын арман етіп жазған өлеңі :

Жасымда ғылым бар деп ескермедім,

Пайдасын көре тұра тексермедім.

Ер жеткен соң түспеді уысыма,

Қолымды мезгілінен кеш сермедім. Ол баласын мақтан етсін, мал тапсын деп емес,бір ғана ғылым үшін бергенін айтады.

Адамның бір қызығы бала деген,

Баланы оқытуды жек көрмедім.

Баламды медресеге біл деп бердім,

Қызмет қылсын шен алсын дер бермедім.

Абай ізгі мақсатқа жету үшін қандай әдіс-тәсіл, айла-амалдан да бас тартуға кеңес береді. Түңілмеген адам түбінде бір жететініне сенеді.

Ғалым болмай немене,

Балалықты қисаңыз.

Болмасаң да ұқсап бақ,

«Ондай болмақ қайда?» деп

Айтпа ғылым сүйсеңіз.

Ғылымның қажеттілігіне көз жеткізу үшін оның тигізер пайдасын да қалдырмай айтады.

Дүние де өзі мал да өзі,

Ғылымға көңіл бөлсеңіз ... ( осы сөздің мағынасын талдап түсіндіру )

Абай заманында уездік қалаларда мектептер ашып, соған ауыл - ауылдан шәкірттер шақырып оқыта бастаған. Соған байланысты ақын «Интернатта оқып жүр, Талай қазақ баласы. Жаңа өспірім, көк өрім, бейне қолдың саласы» деп өлең арнаған. «Саусақтың саласындай болып өсіп келе жатқан жасөспірім балалар сауат ашып алған соң халқына пайдасын тигізе ме, әлде патша әкімдерімен қосылып талай ма? Деп уайым шегеді.

Пайда ойлама, ар ойла,

Талап қыл артық білуге.

Артық білім кітапта.

Ерінбей оқып көруге.

Военный қызмет іздеме

Оқалы киім киюге.

Бос мақтанға салынып,

Бекер көкірек керуге.

Алыс та болса, іздеп тап,

Кореннойға кіруге... Бұл не деген сөз? Бұл не де болса, өмірдің бір шешуші, мәнді саласына иек арт, өзіңе де, өзгеге де, пайдасы тиетін, халыққа қызмет қыларлықтай, жалпы қауымға септігі тиетіндей орнықты да, түбегейлі қарекетке ұмтыл деген сөз.

Абай жастардың белгілі бір мамандықты игеруін уағыздады. 33-қарасөзінде «Егер мал керек болса, қолөнерін үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды» деп жастарды қолөнерге шақырады. Ғылым-білім қолөнерді үйрену үшін адамда ең бастысы сана мен ес болу керек.

Сана мен ақыл - Абайдың түсінігінде ақыл-ой әрекетінің ең жоғарғы баспалдағы, сондай-ақ адамның психикасынан ажырататын айқын белгі болып табылады. Тек сана арқылы ғана адам қас пен досты, ізгілік пен залымдықты ажыратады.

Сана адам туғанда бірге тумайды және адам тумысында саналы болып тумайды. Сана адамның практикалық іс-әрекетінде пайда болып, өсіп-дамып жетіледі. Абай ол жөнінде былай дейді. «Адам ата-анадан туғанда есті болып тумайды, естіп, көріп, ұстап, татып көрсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады».

Абай «Ырыс алды - тірлік» дейді. «Ол қай тірлік, ол осы жан кеудеден шықпағандық па?» деп сұрайды да. «Жоқ, ондай тірлік иттерде де бар» деп жауап береді.

«Жүректе қайрат болмаса» деген өлеңінде:

Малда да бар жан мен тән,

Ақыл, сезім болмаса.

Тіршіліктің несі сән,

Тереңге бет қоймаса?

Жүректе қайрат болмаса,

Ұйықтаған ойды кім түртпек?

Ақылға сәуле қонбаса,

Хайуанша жүріп күнелтпек, - деп егер ақыл, сезім болмаса, адамның хайуаннан өзгешелігі болмайтынын айтады. Абайдың аузына алған әрбір сөзінің арғы жағында терең тамырлы, күрделі мағына жатады.

Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,

Сонда толық боласың елден бөлек.

Осы сөздің мәнін ашу үшін ақыл, қайрат,жүрек үшеуін тыңдап көрелік. (Абайдың 17 қарасөзін балалар талдап шығады).

Халық қамын ойлаған Абай алдымен елін бірлікке шақырады «Біріңді қазақ, бірің дос, Көрмесең істің бәрі бос». «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» өлеңінде:

Кемді күн қызық дәурен тату өткіз,

Жетпесе, біріңдікін бірің жеткіз ...

Бір жерде бірге жүрсең басың қосып,

Біріңнің бірің сөйле сөзің тосып, - дейді . кейбір құрбылардың достығын сынайды. «Кей құрбы бүгін тату, ертең бату, Тілегі жақындығы бәрі сату» - деп жолдастықтың қадіріне жете алмай жүрген жастарды айтады да, «Аямай жанын дос берер, Жолдастықты ақтаса» - деп адал достыққа шақырады.

Осындай ойларын «Сабырсыз, арсыз,еріншек» деген өлеңінде де білдіреді. Ақын бір сөз үшін жау болып, бір күн үшін дос болып, қырық құбылып жүретін адамдарды өткір тілмен әшекерелейді. Ел қамын ойламайтын, еңбек етпейтін, «қызмет қылып мал таппай, ғылым оқып ой таппай», ел қыдырып өсек-аяң іздейтін арызшыл адамның мінез-сыйқын Абай өте әсерлі бейнелеп көрсетеді.

Өтірік, өсек, мақтанға

Ағып тұрған бейне су.

Өтірік пен өсекке

Бәйге атындай аңқылдар. Ақынның «Сегіз аяқ» өлеңінің (1889ж) сарыны да осыған ұқсас.

Абай афоризмдері . Қорытындылау пән мұғалімі Мамилина Қарлығаш Тұрарбекқызы.

Афоризм дегеніміз - нақыл сөздер. Нақыл сөз - даналық қорытындыға құрылған, тағылым берелік мәні бар, ойды ықшамды, ұтымды түрде жеткізетін, өткір нақышты сөздерге негізделген мейлінше жинақы әрі мағыналы сөз.

Абай афоризмдеріне тоқталайық. Мысалы:

1.Кімде-кімнің әділеті жоқ болса, оның ұяты да жоқ.

2.Адал еңбекпен мал іздемек - ол арлы адамның ісі.

3.Ақыл мен ғылымды күлкі тоздырады.

4.Кімде-кім үйреніп жетпей жатап, үйренгенін қойса, оны құдай ұрды.

5.Ұят деген - адамның өз бойындағы адамшылығы , иттігіңді ішіңнен өз мойныңа салып, сөгіп қылған қысымның аты.

6.Қайтып келер есікті, Қатты серппе жарқын-ау.

Жетілсең де, жетсең де, Керек күні бір бар-ау.

Абай өзі өмір сүрген дәуірдің дерті болған әлеуметтік мәселелерді кеңінен толғайды. Сол қоғамның, сол ортаның індетіне айналған жат қылық, жаман мінез, құлықсыздық, жалқаулық, арызқойлық сияқты халыққа пайдасы жоқ әрекеттерді қатты сынға алады. Өлеңдері мақал-мәтел сияқты нақылға айналып кеткен бірнеше жолдарды айтуға болады. Мысалы: « Еңбек қылсаң ерінбей, тояды қарның тіленбей», «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын», «Баяғы жартас - бір жартас, қаңқ етер түкті байқамас», «Моласындай бақсының, жалғыз қалдым - тап шыным». Бұл өлеңнен ақынның адамзат бейнесін, өз тұлғасын, заманына көзқарасын, бойындағы қайтпас қайрат-жігерін, ақыл-парасатын, халқын сүйген ұлтжанды жүрегін сеземіз және ақындық шеберлігі мен талантын да танимыз.

Абай - қазақ әдебиетінің тарихында жаңа дәуірді бастаушы, ұлттық жаңа жазба әдебиетімізді негіздеуші ұлы классик ақын. Сондықтан Абай өз өлеңдерінде бала тәрбиесінен бастап, тұтас ұлттың, халықтың санасына ықпал ету мақсатындағы ойларын ортаға салды. Оның тәрбиелік бағытындағы ойлары кең ауқымдағы ағартушылық идеяларға ұласты. Бұл тұрғыда Абай ұлттың бір ғана белгілі тобының тілек-мүддесіне орай идеялық мақсат ұстанған жоқ, тұтас ұлттың, тұтас халықтың болашағы туралы, күнделікті мұң-мұқтажы, қажетті іс-әрекеті туралы ой қозғады. Халықтың бірде-бір тобын жекелеп қарамай, тұтас халық, тұтас ұлт туралы сөз қылды.

Ұлт болашағы үшін , өркениетті елдер қатарына жету үшін білім алу, ұрпаққа жасынан оқу оқыту, ғылымды игерту, имандылыққа , адамдыққа, өнерлі болуға тәрбиелеу, кәсіптің түрлі салаларын меңгеруге, адал еңбек етуге үндеу Абай шығармаларында кең қамтыла сипатталды.

Абай - ұлы реформатор. Ол өзінің өлеңдері арқылы қазақ поэзиясына бұрын-соңды болмаған өзгерістер әкелді. Ол өзгерістер өлең ұйқасына, өлең тармақтарына, өлең бунақтары мен буын санына қатысты болды. Сондай-ақ тақырыптық , мазмұндық жағынан да, табиғат көріністерін бейнелеуді көрсететін табиғат лирикасы,түрлі көңіл-күй ішкі сезімді жетізуге арналған махаббат т.б. лирикалар болып бөлінетін жанр түрі Абай шығармашылығы арқылы келіп, қазақ поэзиясын сапасы биік сатыға көтерді.

Абай шығармалары ұлттық сөз өнеріміздің көркемдік үлгісі ретінде орнықты.









































© 2010-2022