Баяндама Дені сау бала - жарқын болашақ

Раздел Дошкольное образование
Класс -
Тип Конспекты
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Дені сау бала - жарқын болашақ

Соңғы жылдары ата-аналардың қамқорлығынсыз қалған балалар санының өсуі байқалады. Жыл сайын олардың саны өсуде, және де бұл балалардың аз бөлігі ата-аналарының қайтыс болуына байланысты олардың қамқорлығынсыз қалғандар. Қалғандары «әлеуметтік жетімдік» дейтін құбылысқа жатады, яғни ата-аналары бар тірі жетімдер.

Балалардың қорғаныс дәрежесі - кез келген өркениетті қоғамның, мемлекеттік саясаттың әлеуметтік бағыттылығының басты көрсеткіші. Балалар - әлеуметтік-экономикалық тұрақсыздықтан ең көп дәрежеде зардап шегетін азаматтардың санаты. Отбасы дағдарысы, көп отбасылардың ауыр материалдық жағдайы, дәстүрлі отбасылық қатынастардың күйреуі, ажырасулар санының артуы балалардың жағдайының нашарлауына елеулі әсер етеді.

Ата-аналары бар тірі жетім балалардың санының артуының негізгі себептері отбасының әлеуметтік беделінің түсуі, оның материалдық және тұрғын үйге байланысты қиындықтары, некесіз туудың өсуі, өмір салтын қоғамда қалыптасқан имандылық принципін басқаша ұстайтын ата-аналар пайызының жоғарылығы болып табылады. Осыған орай ата-аналардың қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау Қазақстанда өте жоғары маңызға ие болуда, ал мұндай қорғаныс әдістерінің бірі тиісті нормативтік құқықтық база құру болып табылады.

Мемлекет алдындағы басты міндет қоғамның аз қамтамасыз етілген тобын қорғауға алу. Жалпы алғанда қоғамның әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген тобын қорғауға алу дегеніміз әлеуметтік көмек берумен ғана шектелмейді. Оған дәрігерлік, әлеуметтік-гигиеналық, санитарлық-ағарту және т.б. шараларды ұдайы жүргізу барысында ғана жетістікке қол жеткізуге болады. Қоғамда жүргізілген әлеуметтік зерттеулер осыны көрсетіп отыр. Отбасында, адамның жеке өмірінде болып жатқан әлеуметтік олқылықтарды жою дегеніміз оның пайда болу себебімен түбегейлі күрес жүргізуді көрсетеді.

Әдістемелік негіздемелерге назар аударсақ, ауруды, сонымен қатар сәбилердің шетінеуі, аналардың жаңа туған баласынан бас тартуы сияқты қоғамдағы келеңсіз жағдайлармен күресуде әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларымен, жетім, қараусыз және де қадағалаусыз қалған балалармен жұмыс жүргізуге көңіл бөлінуі тиіс. Яғни, бұдан түсінетін түйін адамдардың адами қасиетке жат істерге баруы, соның ішінде тәрбиеден алыс қалуы себеп болады. Мұның соңы адамды азғындық жолға түсіреді.

Толық немесе толық емес, отбасындағы ата-аналарының екеуі немесе біреуі алкогольды ішімдіктерді немесе есірткі қолданатын немесе жүйке ауруларымен ауыратын болса, сондай-ақ материалдық тұрмыс жағдайы нашар жалғызбасты аналар, жайсыз әлеуметтік-психологиялық ортадан зардап шегетін, ерте неке құрған және т.б. отбасылар әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар қатарына жатады. Әрине, бұған келіспейтін адамдар да болуы мүмкін. Себебі өмірден небір қиыншылық көрсе де азғындық жолға түспей балаларына қамқор болған жалғыз басты аналар мен абзал әкелер аз болмаған.

Әлеуметтік жағдайы төмен отбасында тәрбиеленген балалар көп жағдайларда әлеуметтік-гигиеналық тұрғыдан зардап шегеді, әрі олардың арасынан шыққан баланың денсаулығы да нашар болады. Мұндай отбасындағы баланың құқы да бұзылып жатады. Аурушаңдық, қайтыс болу, отбасында балаларды қатаң ұстау, әлеуметтік жетімдік, қараусыз және қадағалаусыз қалған балалар көп жағдайларда әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларында көбірек орын алады. Осыған орай әлеуметтік тұрғыдан қолайсыз жағдайға тап болған отбасыларды анықтау үшін учаскелік қызмет, аурухана мен емхана, ішкі істер органдары, халықты әлеуметтік қорғау мен білім беру мекемелері өз ара тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізуі қажет. Осындай жағдайда ғана жетістікке қол жеткізе аламыз. Яғни мәселені асқындырмай әлеуметтік мұқтаждықтың алдын алу үшін санитарлық, профилактикалық - емдеу шаралары бірден қолға алынғаны жөн. Біз дәрігерлер қауымы көп жағдайларда аурудың салдарымен күресуге негізгі күшті жұмсаймыз. Яғни аурудың себебі назардан тыс қалады да келеңсіз жағдайлар қайталана береді.

Енді мына деректерге назар аударып көрейік. Әлем бойынша 5-9 жас аралығындағы балалар арасында жарақат алу, улану, өлім, өзін-өзі өлтіру және өзге де себептер 69 пайызды құрайды екен. Әр 100000 балаға шаққанда 3331-баладан келеді. Ал, жасөспірім жасындағы балалар өлімінің себептері 84 пайыз, әр 100000 балаға 122,4 баладан келеді. Әлеуметтік сауалнама көрсеткендей, көбінесе осындай жағдай 100% қолайсыз отбасыларының кінәсінен болады. Өкінішке орай, осыдай отбасындағы ата-аналардың балалары алдындағы жауапкершілігі әлі де болса төмен. Олар өз жауапкершіліктеріне селқос қарайды.

Отбасы (анасы әсіресе жалғызбасты болса) өзінің заңды құқығы мен әлеуметтік кепілдемесі жөнінен толық хабардар болуы тиіс. Бала туған сәттен бастап педиатрлар мен медбикелер патронажды мақсаттағы жұмыстарды бірінші болып қолға алуға міндетті.

Адамның өмір сүру ортасы денсаулыққа әсер ететіні белгілі, ал оның ішінде отбасының әлеуметтік және психологиялық жағдайы болып саналады. Медицина ұжымының сауатты әрі білікті әлеуметтік - ағарту жөніндегі жұмысы отбасының салауатты өмір салтын қалыптастыру жөніндегі біліктілігін арттырады, бала мен ананың өзара қарым-қатынасын жақсартуға әсер етеді. Педиатрлық учаске жұмысын жоспарлаған кезде әлеуметтік жайсыз отбасыларындағы жас туған балаларға жиі барып тұруды ескерген жөн. Дәрігер тек қана өз міндеті шегінде көмек көрсетумен ғана шұғылданбай ауруға соқтыратын әрбір оқиғаның алдын алу мақсатында жұмыс істеуі тиіс. Соның ішінде балалар поликлиникасында медициналық-әлеуметтік көмек көрсету қызметін құру бағытында төмендегідей шараларды колға алған жөн:

- жайсыз отбасыларында үйде дәрігерлік көмек көрсетуді іске асыруға және де медициналық-психологиялық, медициналық-әлеуметтік шараларды ұйымдастырып, отбасының әрбір мүшесі мен әсіресе балаларды есепке алуға;

-кәмелетке толмағандарға тікелей жеке көмек көрсетуге, әлеуметтік-құқықтық жағынан қорғауға, қолданыстағы заңға сәйкес отбасының заңды мүддесін қорғауға, отбасында балалар мен әйелдерге қысымшылық жасау оқиғаларын анықтап, қажетті шаралар қолдануға:

-«қауіпті» және девианттық мінез-құлқы бар балаларды анықтауға, алкогольды ішімдіктер, есірткі және токсикомания, шылым шегу, өзіне-өзі қол жұмсау, бос жүруге бейімделген балаларды айқындауды іске асыруға:

-әлеуметтік белсенділікті түзетуді жүзеге асыруға, ауыр тұрмыс жағдайында қалған әйелдер мен балаларды сауықтыруды жүзеге асыруға мүмкіндік туғызуды жан-жақты қарастыруы қажет.

Жалпы алғанда, халыққа ақпарат беруді жақсарту, салауатты өмір салтын қалыптастырудың жаңа технологияларын енгізу, балалар поликлиникасының рөлін арттыру, әлеуметтік тұрғыдан қамқорлықсыз қалған балалардың санын кемітуге оң әсер етеді.

Елімізде денсаулық сақтау саласының жұмысын реттейтін құқықтық база бір жүйеге түсті. Таяуда ғана Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне қол қойды. Осы құжатта да ана мен баланың денсаулығын қорғау, аурудың алдын алу және жан-жақты дәрігерлік көмек көрсету жағы толығымен көзделген.

Қазақстанның басты байлығы - адам. Еліміздің Конституциясында осылай жазылған. Ал, жас өспірімдер елдің болашағы. Сондықтан әлеуметтік жағынан қамқорлыққа мұқтаж отбасылар мен адамдарға көмек көрсету, осы бағыттағы шараларды бірлесе жүргізу жалпыға ортақ міндет. Бұл туралы жоғарыда баяндадым. Жалпы алғанда, біз бай, бақуатты, салауатты өмір сүру үшін қоғам алдындағы өз міндетімізді білуіміз қажет. Ол үшін бірінші кезекте өзіміздің конституциялық құқығымызды, міндетімізді білген жөн. Конституцияның 27-ші бабында «Неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады» деп жазылған. Осы бапты ары қарай жалғастырсақ, «балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу ата-ананың етене құқы әрі міндеті, кәмелетке толған еңбекке қабілетті балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға міндетті» деп жазылған. Яғни, мемлекет өзінің азаматын қамқорлыққа алумен қатар отбасының әрбір мүшесінің міндетін де айқындап көрсеткен. Түйінін айтқанда бала алдында ата-анадан бастап барлығымыз жауаптымыз. Дені сау бала - елдің жарқын болашағы.

Орумбаева Ажар Назарбайқызы



© 2010-2022