Педагогтарға арналған кеңес Дизайн үйірмесі

Раздел Дошкольное образование
Класс -
Тип Другие методич. материалы
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Дизайн үйірмесі

Қазіргі таңда эстетикалық тәрбие ісінде балалармен сабақтан тыс жұмыс - дизайн үйірмесін ұйымдастырудың мәні зор. Өйткені кейбір балабақшалар мен мектептердің өзіндік ұстанымы мен ерекшеліктеріне, сондай-ақ апталық оқу жүктемесіне сәйкес дизайн сабағын енгізу мүмкін емес. Сондықтан арнайы дизайн-шеберханасын ашып, үйірме жүргізген жөн.

Дизайн үйірмесін құру балалардың шығармашылық бастамшылығын кеңейтуді, креативтік ойлауды эстетикалық арнаға бағыттауды көздейді. Өйткені үйірмеде педагог әр балаға жеке көңіл бөлуге толық мүмкіндік алады.

Үйірменің өте маңызды екі ерекше міндеті бар: а) балалардың топтағы не сыныптағы бейнелеу өнері сабақтарында алған білім, білік, дағдыларын тереңдету және кеңейту; ә) балаларды бейнелеу өнері саласындағы жұмыстардың жаңа түрлерімен таныстыру. Тапсырманы орындаудың жаңа техникаларымен таныстыру балалардың ой-өрісін кеңейтеді, олардың сезімдерін байытады, ал бейнелеу сауаттылығы аясындағы алуантүрлі ептіліктер оларға суреттегі, композициядағы ең күрделі міндеттерді шешуге мүмкіндік береді.

Үйірмеге мектепалды топтарының тәрбиеленушілері және бастауыш сынып оқушылары қатыстырылады. Осы жас аралығында балалардың көркемдік ойлауы тұрақтана түседі және бала өзіне кез-келген «суретші», «мүсінші», «көркемдеуші» т.б. ролдерде көрсете алады. Ол материал таңдауды қоршаған әлемге деген эмоциялық қарым-қатынасы және көңіл-күйімен байланыстыруға қабілетті. Дербестік пен өзін-өзі ұйымдастыра білу қабілетінің артуы балаға жеке және ұжымдық жұмыстарды орындауға мүмкіндік береді. Құрбыластарымен қарым-қатынас жасауға деген тілегі жұмыстың мазмұны, шығармашылық үрдістегі әрқайсысының ролі туралы өзара келісуге көмектеседі, рухани және моральдық, сондай-ақ шығармашылық тұрғыда ой-өрісін кеңейтеді.

Балалардың қоршаған әлемді қабылдауын жетілдірмейінше олардың шығармашылық белсенділігін дамыту, түрлі жаңа тапсырмалар енгізу мүмкін емес. Үйірме сабақтары шынайылықты бақылау шеңберін кеңейтуге және осы жұмысты жан-жақты жүргізуге мүмкіндік береді.

Балалар шығармашылығын бақылай отырып, біз, ересектер, баланың өз «байлығына» (тастар, моншақтар, маталар, түймелер т.б.) қаншалықты мән беретінін көреміз. Біз үшін осының бәрі қажетсіз заттар - қоқыстар, бірақ олар балалардың қолымен нағыз «құнды бұйымдарға» - моншақтар бұл алыс көк теңіздің маржандары, құрақ маталар - ханшайымның көйлегі, жапырақтар - көбелектер т.б. айналады. Міне осындай әдеттегі қарапайым заттардан ғажайып бұйымдар дайындау қабілетілігі балалар дизайны сабақтарында іске асады.

Балалар жұмыс барысында «сызық», «түс», «пішін», «бет бедер», «көлем», «ырғақ» секілді ұғымдармен танысады. Әйтседе бұл заңдылықтар мен ережелерді білмей-ақ түйсіну арқылы жүреді. Бала өзіне сол сәтте түсінікті, таныс материалға жай әуестенеді. Біздің практикалық әрекетке бағыттаудағы міндетіміз - дұрысы, баланың не істеп, қандай нәтиже алғанын түсінуге көмектесу. Бірақ баланы «бағыттау» дегеніміз оны қатаң ережелермен шектеу, еркін ашылуына, шығармашылық ізденісіне және өз әсерлерін, сезімдерін жеткізу тәсілдеріне кедергі болу деген сөз емес.

Кез-келген нәрсе баланың қолында «жанданып», өзгеріп, түрлене түседі, демек, балалар жұмысының әрқайсысының зор мағыналы жүктемесі бар.

Дизайн үрдісінде балалардың қоршаған әлем туралы түсініктері тереңдей түседі, заттардың сапасын айырады, олардың өзіндік ерекшеліктері мен бөлшектерін еске сақтайды, бейнелеу дағдылары мен ептіліктерін меңгереді, оларды қолдану жолдарын үйренеді.

Баланың қабылдауын экран көрнекіліктер, слайдтар, фотоаппарат, бейне, үнтаспа жазбаларының көмегімен әсерлендіре түсу қажет. Мәселен, бейнетаспаға жазылған топсеруенде өткізілген табиғатты бақылау, еңбек-жапырақтарды жинау сәттерін сабақ барысында қолдануға болса, жұмыс барысында музыкалық әуендерді, яғни үнтаспаны қолдануға болады.

Үйірме сабақтарында балалардың жас ерекшелігі ескеріліп, мынандай дизайн түрлері жүргізіледі:

  • интерьер дизайны (балалар жұмысы дизайн бөлмесін, дәлізді, топты безендіреді);

  • киім дизайны (балалар сабақта түрлі кейіпкерлердің киімдерін дайындайды)

  • тұрмыстық дизайн (ыдыстарды мүсіндейді, құрақ көрпе дайындайды, сүлгіні әсемдейді т.б.)

Кейбір балабақшаларда «Балғын суретшілер» үйірмесі жұмыс жасайды. Бірақ «Балғын суретшілер» үйірмесі мен дизайн үйірмесі бағдарламасының арасында айтарлықтай айырмашылық бар.

Шеберханада балаларға арналған кітапхана және дизайн мәдениеті мен өнеріне қатысты - табиғат құбылыстарының, киім сән үлгілерінің, интерьерлер мен алаңқайлар ашық бейнеленген суреттердің болғаны абзал.

Эстетикалық бағытта мақсатты түрде жұмыс жүргізетін балабақшалар балалар дизайнына, дизайн шеберханасына аса жауаптылықпен дайындалады.

Дизайн шеберханасын ұйымдастыруға қатысты бірқатар ұсыныстар:

  • Әдемі ішкі және сыртқы өңдеу жұмысы, ортаны (ғимарат, бөлме, алаң) дұрыс жоспарлау, қазіргі заманға сай инженерлік-техникалық қамсыздандыру (жергілікті жарық, қауіпсіз жиһаз және құрал-жабдықтар);

  • Интерьерлерді бейнелеу және қолданбалы өнер туындыларымен ((өрнектер мен мозаикалар, шынышырай (витраж), шекіме (чеканка) және құйма (литьё), картиналар мен репродукциялар (көшірмелер), мүсін пластикасы, ою т.б.)) безендіру. Педагогикалық үрдіске қажетті құралдармен (үстелдер, мольберт, шымылдық, сөрелер, көрме тақта-сөрелері) және топтарға арналған балалар мен кейіпкерлер киімдерін жабдықтау.

  • Балалар дизайнына арналған ойыншықтар, ойындар мен көрнекі құралдардың, алуан түрлі, әрі сапалы көркем материалдардың, құрал-жабдықтардың жеткілікті болуы;

  • Қазіргі заманға лайықты техникалық құралдардың (теледидар, компьютер және бейне таспа т.б.) болуы;

  • Балалар студиясында дизайн бұрышын (көркем әрлеу, құрастыру,балалар шығармашылығына арналған шағын мұражай, осы мұражайдан материалдарды, құралдарды, киімдерді сақтауға арналған мұрағат-орын дайындау) ұйымдастыру;

  • Балалар мен ата-аналар, педагогтар және өнер шеберлері жұмысының жылжымалы және тұрақты, ұжымдық көрмесін ұйымдастыру. «Дизайнер балалар» не «Өнертапқыштар» шағын мұражайын ұйымдастыру.

Балалардың өзіндік және ересектермен біріккен шығармашылық жұмысы барысында, тіпті кез келген сәті келген жерде ауыз әдебиеті үлгілерін - жұмбақ, жаңылтпаш, өлең, тақпақ, ертегі, әңгіме, мақал-мәтелдерді орайлы қолдану баланың өнерге, еңбекке деген қызығушылығын арттырады.



© 2010-2022