Балалармен жұмыста мақалдарды пайдалану

Раздел Дошкольное образование
Класс -
Тип Конспекты
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

ҒИБРАТ ҚАҒИДАЛАРЫ

Қазақ халқы ежелден ұрпақ тәрбиесіне баса назар аударған. Ұлын қонысым, қызын өрісім деп ойлайтын ата-бабамыз балаларының тәрбиелі де өнегелі болып өсуін мұқият қадағалап отырған, «Үйінде ұл-қызы бардың, көгінде жұлдызы бар» деп түсінген. Халық балаға жасында берілетін тәрбиенің маңызын ерекше ұғынған: «Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілерсің», «Ұлың өссе ұлықтымен ауылдас бол, қызың өссе қылықтымен ауылдас бол», «Ата баласының ат меңіндей белгісі болады».

Жақсы бала мен жаман баланың айырмашылығын айқын ашып көрсеткен: «Атадан жақсы ұл туса елінің қамын жейді, Атадан жаман ұл туса елінің малын жейді». Қазақ халқы қыз баланы ерекше қадірлеген: «Тұзды төкпе, қызды сөкпе!», «Тасқын суды құз бөгейді, дау-дамайды қыз бөгейді», «Гүл өссе жердің көркі, қыз өссе елдің көркі », «Бір жақсы қыз екі жаман ұлға татиды». Cөйтіп ата-бабаларымыз жас ұрпаққа үлкен үміт артқан. «Асыл тастан, ақыл жастан», «Жүйрік тай құнаннан, ақыл жас ұланнан». Берілуге тиіс тәрбиеге орай ата-ана өз баласының дені сау мейірімді, батыр, сүйікті, шаруақор, қайырымды, таза, әдепті болып өсуі үшін ауызекі ережелер жасаған. Бұлар қатаң тәртіп есебінде шығарылған да, халық жадында қалып қойған .Халық даналығы туғызған талаптардың ішіндегі күрделілері негізгі өсиет есебінде сақталынып қалған.

«Жаман ауруға жақсы ас», «Ұлыңды басқа үйден тойдырма, қызыңды басқа үйге қондырма», «Ішің ауырса аузыңды тый, көзің ауырса қолыңды тый», «Біреудің ала жібін аттама», «Суын ішкен құдығыңа түкірме», «Ең үлкен қонақ - құдайы қонақ», «Қайта кірер есікті қатты жаппа».

Сондай-ақ халқымыздың мынадай талап ету, тиым салу сөздері бар: «Жаман сөз айтпа», «Өсек тасыма», «Босаға керме», «Нанды баспа», «Күлді шашпа», «Табалдырықта тұрма», «Малды теппе». Бұлардың кейбірі сенім-нанымға орай шықса да бәрінің де бала тәрбиесіндегі мәні өте зор. Сондай-ақ қазақ халқының әдет салтында сақталған осы күндері ұмытыла басталған ұрпақ тәрбиесіне қатысты талап, рұқсат ету, тиым салу ғибрат ережелерінің маңызы өз бағасын жоймайды. «Қолыңды төбеге қойма», «Үйге жүгіріп кірме», «Есікті қатты жаппа», «Түнде от шығарма», «Оттың басын сызба», «Үйді айнала жүгірме», «Табаныңды тартпа», «Таңдайыңды қақпа», «Жер тіреме», «Күлді баспа», «Ерніңді шығарма» «Күлме досыңа, келер басыңа», «Ішегіңді тартпа». «Кісіге қарап түшкірме», «Жүреңнен отырма», «Оттан аттама», «Пышақ оқтама (оқталған пышақ үш есе ұзарып кетеді)». «Тамақты сылпылдатып, сораптап ішпе», «Аузыңды ашып есінеме», «Кісі алдынан өтпе», «Піскен тағамның үстіне отырма», «Кірдің суын төккен жерді баспа», «Еңбек етсең ерінбей,Тояды қарның тіленбей». «Біреуге ор қазба,өзің түсерсің». «Отан үшін отқа түс,күймейсің», «Атаңа не қылсаң,алдыңа сол келер». «Досыңды мақтағаның , Өзіңді де жақтағаның», «Күшіңе сенбе, ісіңе сен», «Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол», «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен».

Осы ғибрат сөздің бәрі халықтан шыққан. Мұны елдің ертеңгі азаматтарының әрқайсысы жадына тұтқаны жөн. Өйткені азамат болу үшін әуелі әдепті де тәрбиелі болу керек.

Жалпы тәрбие мектебінің көп түрлері бар дейміз. Барлық тәрбиелеу мектебіне негіз болатын-адамгершілік тәрбиесі. Өмірдің адам баласына берер әр алуан тәрбиесін бағалауда адамгершілік тұрғысынан келіп бағалау бірінші кезекте тұрмақ, жетекші болмақ. Өмірде адам баласы тәрбие мектебінің әр түріне қарай не мансап иесі болуы, ғалым я бір істе маман болуы, ақын я жазушы болуы мүмкін, бірақ оның адамдық қалпын, адамгершілік рухын, ішкі дүниесін бұл мансаптармен өлшеуге болмайды.Адамгершілік сапа-сол адамға баға беруде оның өз бойындағы көрсеткіш-маятнигі болмақ. Қоғамда өз ісінің жақсы шебері ғана болу - сол адамның өз ортасына борышқорлығын түгел ақтай алмақ емес. Өзің мүшесі болып отырған қоғамның негізгі түпкі талабынан өзіңді бөліп алғысыз ету, онымен біртума жағдайда болу үшін, іс - әрекетіңді ғана емес, ең бастысы ішкі рухани дүниеңді бірінші кезекке қой.

Қоғам талабына қажетті қасиетіңді осы ішкі рухани азығыңнан ізде. Егер ол қасиет бойыңда бар болса, іс - әрекетіңнің қос тізгінін соған ұстат. Өйтпейінше, қоғамға көп пайда келтіруге мүмкіндігі бар іс - әрекеттеріңнің сол дәрежеде зияны да бірге туады. Жалаң күйінде білім, еңбек, қызмет т.б. адамның күнделікті тіршілігі үшін тапқан тәсілі - тіршілік құралы, тек қана тіршілік құралы. Өйткені күнделікті өмірде кездесер қиындық, ауыртпалық, өмірдің сан түрлі кездейсоқ кедергілері, керісінше, көкке көтерер мадақтауы, рақат жұмағы т.б. қарсаңында адам баласы жоғарғы күйде болса, шайқалмай қалмақ емес. Бұл сан алуан кездейсоқтар (мұның өзі өмірде болып отыратын заңды кездейсоқ) тұсында адамды бұзбай, адам күйінде ұстап қалар қуат-құдіреті - ішкі рухани азығыңның молдығы. Адамды ұят келтіретін барша жөнсіз істерден сырт ұстайтын, оған жібермейтін күш - адамның өз бойындағы ұстамдылық. Бұл болмаса, ақыл қанша сезіліп тұрғанмен, адам баласы ұят келтіретін қылықтан құр болмайды. Әрине, ұятты сезінуге ақыл керек, егер ақылдың көзін қайратсыздықжігерсіздік, әділетсіздік , жігерсіздік, байлаусыздық бүркесе, ақылды кісінің адамшылығы бұзылады. Осының бәріне көз жеткізер түйін сөз халқымыздың ғибрат сөздері, мақал-мәтелдерде.


© 2010-2022