Жалқы есімдердің фразеологизмдерде қолданылуы

Раздел Дополнительное образование
Класс -
Тип Другие методич. материалы
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:
  1. ЖАЛҚЫ ЕСІМДЕРДІҢ ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕРДЕ ҚОЛДАНЫЛУЫ


Фразеология - этнолингвистикалық зерттеулер жүргізу үшін тілдің қолайлы салаларының бірі [29: 185]. Өйткені фразеологизмдерде халықтың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, тарихы белгілі бір мөлшерде көрініс тапқан. Бұған қазақ тіліндегі фразеологизмдерде қолданылған жалқы есімдердің этнолингвистикалық сыр-сипатын сөз еткенде көз жеткіземіз.

Асан қайғыға түсу. Бұл фраза уайым жеу, күдер үзу, тарығу деген мағынада қолданылады. Осы тіркеске ұйытқы болып отырған Асан қайғы кім? Ол жөнінде М.Әуезов былай дейді: «Ерекше бір аңыз ертегінің адамы - Асан қайғы. Бұл тарихта болған адам. Бірақ тірлік еткен заманы Жәнібек ханның тұсы дегені болмаса, дәлді кім еді, қай ортадан шығып еді, дәл дерке жоқ. Асан жайындағы аңыз-ертегінің ең мағыналы, көріктісі - оның малға мекен, елге ырыс жер іздеуге желмаяға мініп, қазақ жайлап отырған орын, өрістің бәрін шарлап, тыным таппай шарқ ұрып кезетіндігі жайында. Көрген қоныс, мекеннің біріне қанағат қылмайды. Арманды бір жер барын сезеді. Оған «Жерұйық» деп ат қояды. Сонда жетсе ғана халқы бақытты болмақ. Міне, осындай жерді өзі үшін емес, елі, жұрты үшін іздеген адам Асан - ел қамқоры [25; 233]. Ал кейбір деректерде Асан қайғы XIII ғасырда жасаған, Шыңғыс хан заманындағы Майқы бидің 6-шы ұрпағы. Асан қайғының өмірі көбіне 1455-1465 жылдары билік жүргізген Мұхаммет (Ормамбет) ханның қасында өткен көрінеді [16; 16].

Сонымен, Асан қайғы қазақтың бостандыққа толы, бейбіт өмір кешуін, елдің тату-тәтті күн өткізуін, мәдениетті, өнерлі ел болуын аңсап, халықтың қамын көп ойлап, уайым жеп өткендіктен «Асан қайғы» атанған.

Қарынбайдай сараң. Халқымыз мейірімі жоқ, сараң адамдарды Қарынбайға теңейді. Бұл образ ескі діни әдебиеттердегі аңыз-әңгіме желісінде пайда болған. Аңызда былай делінеді. Бұрынғы уақыт байлық Қарынбайдан аспаған, қайыр-садақа бермегені үшін оны жер жұтыпты-мыс, алдына салған қара құрым төрт түлік малы құрт-құмырсқа, бақа-шаянға айналып кетіпті-міс. Қарынбай - арабтың харун сөзіне қазақтың бай сөзі қосылып жасалған [28; 57].

Шық бермес Шығайбай. Бұл тіркес өте сараң кісі туралы айтылады. Акад. Ә.Т.Қайдаров тұрақты тіркеске айналған бұл күрделі жалқы есімнің құрамындағы «шық» сөзін түркі - монғол тілдеріндегі 20-дан астам варианттарымен салыстыра отырып: «...шық бермес тіркесі о бастағы «дым берместің» синонимі. Ал енді шығай сөзіне келсек, ол ерте замандарда кедей, кембағал сөздерінің орнына қолданылған түркі тілдеріне ортақ сөз... Жалқы есім құрамындағы шығай > Шығайбай дәл аударсақ, Кедейбай, Шық бермес Шығайбай - «дым татырмайтын кедей; жұтаған бай «болады», - дейді [30;68-69].

Қыдыр дарыған. «Құт қонған, ырысы тасыған» деген мағынада қолданылады. Бұл фраза халықтың танымына байланысты туындаған. Кейбір адамдар өмірінде Қызыр Ілияс пайғамбарды жолықтырады. Жолыққан адам бақытқа, жақсылыққа кенеледі деген түсінік бар. Мысалы: Қойдың құты - қошқар-ды, Бәріне Қызыр дарыса (Асан қайғы). Тілімізде бұдан басқа Қызыр қонды - бақ қонды; Қыдыр келу - байлық, бақ келді тәрізді тіркестер де кездеседі.

Атымтайдай жомарт. Мырза, қолы ашық кісі туралы айтылады. «Тай» - араб елінің руы; «һатым»- сол рудан шыққан (ертегі бойынша) жомарт кісінің есімі [14; 62].

Нұқ пайғамбар кемесі. Бұл фраза құрандағы бүкіл әлемді топан су қаптаған кезде, құдайдың алдын ала кеме жасауды үйреткенінің арқасында өз әулеті мен жануарларды аман алып қалған Нұқ пайғамбарға қатысты аңыздан туындаған. Бұл ұғым көп адамның басы біріккен мекенжай, құтқару құралы дегенді білдіреді.

Қозы Көрпеш - Баяндай. Мұнда бірін-бірі өте жақсы көретін адамдар, сертке берік ғашықтар туралы айтылады.

Халық арасына ең мол тараған ғашықтық жыр - «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» дастанының негізгі кейіпкерлері Қозы Көрпеш пен Баянның махаббаты осы жырда тамаша жырланады. Ата-ана ықтиярымен олар тумай жатып, бір-бірімен қосылып қояды. Баянның әкесі - Қарабай мен Қозы Көрпештің әкесі - Сарыбай аң аулап жүріп достасады, құда болысады. Сарыбай аяқ астынан ажал табады да, мұны жаманатқа жорыған Қарабай қызымды жетім балаға бермеймін деп басқа жаққа көшіп кетеді. Жылдар өтіп, Баян асқан сұлу қыз болып өседі. Бірақ Баянның сараң да малқұмар әкесі Қарабай қызын қара күш иесі Қодарға бермекші болады. Қозы Көрпешті ешқашан көрмесе де, құлай сүйген Баян оның келуін асыға күтеді. Қозы Көрпеш те қалыңдығын іздеп, жолға шығады. Аңсаған ғашықтар бірін-бірі тауып қауышқан кезде Қарабай мен Қодар опасыздықпен Қозыны өлтіреді. Бұл қайғыны көтере алмаған Баян Қодарды өлтіріп, өзіне де қанжар салады. Бұл жырдан сараң да қараң Қарабайдың, өз күшіне сенген, қара жүрек Қодардың, махаббаттан айнымас, адал Баян мен Қозының образдарын көреміз.

Албасты басқыр. Албасты - парсы сөзі, жын-перінің бір түрі, қорқынышты да зиянкесті мифологиялық кейіпкерлердің бірі. Мысалы: ертедегі халықтар әйел бала туғанда әлсіреп қалса, оны албасты басты деп түсінетін (Ы.Алтынсарин). Халық санасында албасты - ұсқынсыз, ұзын шаштары жалбыраған, емшектері шектен тыс салбыраған немесе иықтарына асылған құбыжық әйел кейпіндегі аса қорқынышты мифологиялық кейіпкер ретінде бейнеленеді.

Албасты сөзі кейін жексұрын, оңбаған адам деген ауыспалы мағынаға ие болған [31; 12]. «Албасты басқыр» фразасы адам ашуланғанда, біреуге кейігенде "жамандық келсін" деген мағынада айтылатын қарғыстың түрі.

Ай қарап жүр ме? Бұл фразеологизмнің фразеологиялық сөздікте: «Ай қарады. Құр бекерге, тектен - тек қарап отырды, ештеңе бітірмеді, күні босқа өтті» [18; 18] деп мағынасын ашады. Сонымен осы фразеологизммен мәндес ай күзетті, ай күзеттің бе? деген фразеологизмдердің тілімізде барлығы белгілі. Біздің ойымызша, аталмыш фразеологизмдердің Айға қатысты наным - сеніммен белгілі мөлшерде байланысы бар. Халқымыз Айға , әсіресе оның жаңа ай фазасына табынған. Айға табынған бабаларымыз жаңа айдың тууын ерекше күткен. Сондықтан жаңа ай туар қарсаңында далада болып, ай туысымен оған иіліп тәжім етіп, жақсылықтар жасауын өтінген. Бір кездегі осы салтты сипаттайтын сөз тіркестері бірте - бірте тура мағыналарынан ажырап, фразеологизмдерге айналып, тілімізде жоғарыда көрсеткендей, ауыспалы мағыналарға ауысқан.

Бетін айдай қылу. Кінәлі, жазықты адамды жұрт алдында кінәсін бетіне басып, масқараласа, мұны қазақ «бетін айдай қылды» дейді. Бұл фразеологизм тіліміздегі қара бет қылу фразеологизмімен мәндес, синонимдес болып келеді. Өйткені халқымыз бұрын кінәлі, опасыз адамды жазалағанда бетіне күйе жағып, атқа немесе есекке теріс қаратып отырғызып, ел аралатып масқарасын шығарған. Ай бетінде де дақтың бар екендігі белгілі. Осы дақты кінәлі адамның бетіне жағылған күйеге ұқсатқаны да сондықтан «бетін айдай қылды» деп те айтқан [18; 135].

Күн теңелу. Желтоқсанның соңғы аптасында күн ұзара бастайды. Ол табиғи процестің нәтижесінде наурыздың 21-інде күн мен түн дәл бірдей уақытқа, яғни әрқайсысы 12 сағатқа ие келеді. Мұны «күн мен түннің теңелуі» немесе «күннің теңелуі» дейді.

Шығыс халықтары, соның ішінде қазақ халқы да көктемгі күн теңелуді ерекше құрметтеп, жаңа жылды осы күннен бастап есептеген. Бұрын қазақ көктегі күн теңелген күнді «ұлыстың ұлы күні» деп атаған. Бұрынғы кезде қазақтар ұлыстың ұлы күні жақсы бір киерін киіп, бір-бірін ұзақ жылдар көрмегендей құшақтасып, көрісіп, «ұлыс оң болсын, ақ мол болсын» деп жақсы тілек еткен.

Шолпан жұлдыздай. Аспан шырақтарының ішінде жай көзге Ай мен Күннен кейінгі ең жарығы - Шолпан планетасы. Әсіресе таң алдындағы Шолпан көзге ерекше жарқырап көрінеді. Сондықтан халқымыз Шолпан жұлдызын әдеміліктің, сұлулықтың символы ретінде таниды. Қазақ сымбатты сұлу қыздарын шолпан жұлдыздай деп, осы аспан шырағына теңейді. Мысалы: Шолпан жұлдыздай хан қызының нөкерлері жиылып, шатырлардың іші - тысы әсемдене түседі.(Қазақ ертегілері).

Шолпанды сұлулық символы ретінде танығандықтан қазақ ұл-қыздарына Таңшолпан, Ақшолпан, Шолпан, Шолпанай т.б. деген есімдер берген.

Темірқазық жастану. Темірқазық жұлдызы халықтық санада ерекше орынға ие. Мұны осы жұлдыз туралы халқымыздағы аңыз, миф, наным-сенім т.б. көруімізге болады. «Қазақ арасында өлген адамды жерлегенде, басын темірқазыққа қаратып қою салты бар». Бұл жөнінде Х.Әбішев: «Өлген кісінің басын Темірқазыққа қаратып қою - ескіден келе жатқан салт. Күллі жұлдыздардың тұтқасы сияқты , көрер көзге тапжылмай тұратын Темірқазық жұлдызы адамның сәбилік сатыдағы сана - сезіміне мықты әсер етті. Ендеше өліктің бетін , малдың бауыздардағы басын «оңға» - құбылаға (Мекке, Мединеге) қарату кейінірек мұсылман дінінің ықпалымен енген әдет», - дейді [17; 70-71].

Сонымен, біздің ойымызша, бұл фразеологизм жоғарыда тоқталған Темірқазық жұлдызына қаратып адамды жерлеу салтымен байланысты шықса керек. Сондықтан Темірқазық жастану - өлу, қайтыс болу, Темірқазық жастанбай - өлмейінше, көз жұмбайынша деген мағыналарды білдірсе керек. Дауылпаз ақын Махамбеттің:

Тебінгі теріс тағынбай,

Темірқазық жастанбай,

Қу толағай бастанбай

Ерлердің ісі бітер ме?!- деген толғауындағы Темірқазық жастанбай фразеологизмінде терең сыр жатқанын көреміз.


© 2010-2022