Поурочные планы по биологии на тему Экожүйе құрылымы мен қызметі

Раздел Биология
Класс -
Тип Презентации
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Ниязова Мажыра Баяносовна

Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы

«Бейнеу кешкі мектебі» КММ

Экожүйе құрылымы мен қызметі

Сабақтың мақсаты: Оқушылардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында, экологиялық мәдениетін қалыптастыру.

Біліктілігі:

1)Туған жерге, қоршаған ортаға өз Отанына деген оң көзқарас қалыптастыру;

2)Экологиялық оқу қабілетін дамыту;

3)Табиғатты аялауға баулу;

Дамытушылығы: Оқушылардың өз бетімен ізденуге, қорытынды жасауға, шапшаңдыққа үйрету

Тәрбиелік мәні: Бірін-бірі құрметтеуге, бірлесіп жұмыс жасауға тәрбиелеу

Көрнекілігі: Интерактивті тақта,постер, түрлі-түсті қарындаштар, тест, тірек-сызбалар

Сабақ түрі: Сын тұрғысынан ойлау

Сабақта қолданылатын әдіс: сұрақ-жауап, түсіндіру,топпен жұмыс, шығармашылық жұмыс, зертханалық жұмыс, тест

Ұйымдастыру бөлімі: 1.Сәлемдесу;

2.Оқушыларды түгендеу;

3.Сынып оқушыларын топқа бөлу

4.Үй тапсырмасын сұрау(1,2 слайд)

5.Жаңа сабақ түсіндіру(3-8 слайд)

6. «Ой-қозғау» бөлімі. Тапсырмалар.(9-14 слайд)

7. «Сергіту» бөлімі(15 слайд)

8. «Білгенге-маржан» бөлімі(16 слайд)

9.Экология(17-19 слайд)

10.Қорытынды тест(20 слайд)

Сабақ барысы: Оқушылармен амандасып, олардың сабаққа қатысын түгендеп болған соң,оларды топқа бөліп, әр топтың алдына постер, түрлі-түсті бояулар, клей, бірін -бірі бағалау парақшасы таратылды.Әр топта 6 оқушыдан. Таратылған оқу құралдарын сабақ үстінде пайдалану керектігі түсіндірілді және әр топтан басшысы, жақтаушысы, сурешісі, ой толғаушысы, қорғаушысы тағайындалды.

Үй тапсырмасын бүгінгі өтетін тақырыпқа сай етіп,

І топты «Продуценттер»,яғни «түзушілер»

ІІ топты «Консументтер», яғни «тұтынушылар»

ІІІ топты « Редуценттер» яғни «ыдыратушылар» деп атай отырып, сұрақ-жауап түрінде өткіздім. Жаңа тақырып пен өткен тақырыптың байланысын табу үшін мына сұрақтарды сабақтың міндеті етіп бердім:

1.Жер бетінде ең алғаш күш энергиясын пайдаланған қандай организмдер?

2.Өсімдік қалдықтары мен жануарлар өлекселерін ыдырататын қандай организмдер?3..Биогеоценоз бен биоценозды қалай ажыратуға болады? 4.Экожүйе деген не? Экожүйе құрылысы мен қызметін қалай түсінуге болады?

Оқушылардан үй тапсырмасының жауаптары алынып болған соң, жаңа сабақтың тақырыбы мен мақсатын анықтап , оқулықтан оқушыларға өз беттерімен ізденіп,сабақтың міндетін ашуға арналған сұрақтарға жауап берулерін сұраймын.(10 мин) .

Бұл сұрақтарға бірден жауап беруге қиын болар, сондықтан сабақ түсіндіруге азғантай уақыт шектеп, менің түсіндіргенім бойынша, сіздер, әр топ мүшелері, осы тақырып аясында өз ойларыңызды ортаға салып тыңдауларыңыз керек. Өздеріңе берілген атауларды ескере отырып, ол атаулардың экожүйенің құрамдас бөліктері екенін және олардың атқаратын қызметтерінің табиғат үшін маңызды екенін білулеріңіз тиіс. Сонымен, экожүйе деген не? Оған тоқталмас бұрын өткен тақырыптардағы осыған ұқсас биоценоз, биогеоценоз деген ұғымдарды есімізге түсірейік. Биоценоз деп - табиғат жағдайлары бірдей аймақты мекен ететін организмдер жиынтығы. Ал биогеоценоз - биоценоз бен биотоптың қосындысы. Ал биотоп - сыртқы орта факторлары.(4 слайд)

Ендеше, бүгінгі тақырыптағы экожүйе мен биогеоценоздың құрамдас бөліктерінің арасында ұқсастық пен айырмашылықтар бар екендігіне көз жеткіземіз. Биогеоценоз - жер бетінің бір аймағындағы тірі ағзалар мен айналасындағы орта жағдайының жиынтығы. Экожүйе - бір-бірімен энергия алмасу және зат айналымы арқылы байланысқан ағзалар мен оларды қоршаған бейорганикалық денелер жүйесі. «Экожүйе» терминін 1935ж ағылшын ғалымы А.Тэнсли, ал «биогеоценоз» ұғымын 1942ж В.Н.Сукачев енгізді. «Экожүйе» және «Биогеоценоз» ұғымдары ұқсас мағынаны береді, алайда араларында айырмашылығы бар. Әр биогеоценоз - бұл экожүйе, ал экожүйе биогеоценозға жатпайды.

Сендер организмдердің қандай қоректену типтерін білесіңдер?. (автотрофты және гетеротрофты) (6 слайд) Оқушылар слайд пен оқулықты пайдалана отырып өз беттерінен мынадай жауаптарын қайтарды:1.Продуценттер (лат. «түзуші, өндіруші; түзушілер») - автотрофтар, яғни бейорганикалық заттардан органикалық заттар жасаушылар. Оларға балдырлар, жабық тұқымды және ашық тұқымды өсімдіктер жатады.

2.Консументтер(лат. «тұтынамын; тұтынушылар») - дайын органикалық затпен қоректенетіндер. Консументтер қоректі бір организмнен екіншілеріне беріп отырады. Олар өз кезегінде қоректік тізбек құрайды. 1-топтар - бірінші реттік консументтер(қоян, қой, ешкі, т.б)2-топтар - жыртқыштар

3.Редуценттер(лат. «қалпына келтіруші; ыдыратушылар») - гетеротрофты организмдер.Қызметі - органикалық заттарды бейорганикалық заттарға айналдыру. Оларға бактериялар, саңырауқұлақтар, көзге көрінбейтін ұсақ ағзалар жатады.

Қоректік тізбектер - органикалық дүниенің даму эволюциясының жемісі. Осы тізбектер арқылы организмдер мен өлі табиғат арасында үздіксіз қарым-қатынастар, тіршілік процесі жалғасып жатады. Қоректік тізбектер арқылы табиғатта зат алмасу мен энергия ағыны жүріп жатады. Бірақ қоректік тізбек жүру үшін Күн энергиясы қажет. Күн энергиясы продуценттерден консументтерге ауыса отырып, өзінің ең алғашқы мөлшерінен еселеп кеми береді. Энергия редуценттерге келгенде аяқталады. Осылайша, зат айналымы үздіксіз жүріп отырады. Егер органикалық заттар біржақты түзіле берсе, онда кері процесс - бейорганикалық заттар жоғалып, тіршілік тоқтар еді.(8 слайд)

Біздің планетамыздағы экожүйелер биосфераны құрайды. Биосфера - жоғарғы дәрежедегі экожүйе. Биосфера шегінде қалыптасқан екі жүйе де құрылымы мен атқаратын қызметі тұрғысынан алғанда бірдей сияқты. Мысал ретінде, құрлық экожүйесін алайық. Құрлық экожүйесіндегі автотрофтар кәдімгі тамыры, сабағы, гүлі бар өсімдіктер болып келсе, ал су экожүйесіндегі олардың орнын микрофлора өкілдері басады. Ал жануарлар дүниесін құрлықта омыртқасыздар, ірі сүтқоректілер, және т.б құраса, су экожүйесі балықтар мен ұсақ фитопланктоннан, зоопланктоннан тұрады. Екі жүйеде де бактериялар кездеседі.

Биоценоздағы қоректік тізбектердегі қорек түгел дерлік организмнің өсуіне немесе биомассаның жинақталуына жұмсалмайды. Оның біразы организмнің энергия қуатына: тыныс алу, қозғалу, көбею және дене температурасын ұстап тұруға жұмсалады. Сондықтан бір тізбектің биомассасы екіншісіне толық ұқсамайды. Егер ондай болған жағдайда табиғатта қор ресурсы таусылған болар еді. Осыған байланысты әрбір келесі қоректік тізбекке өткен сайын азықтық биомассасы азайып отырады. Соның нәтижесінде бір қоректік деңгейден екіншісіне өткен сайын биомасса, сандық құрамы мен энергия қоры азайып отыратыны анықталған. Бұл заңдылықты америкалық зоолог Ч.Элтон зерттеген. Сондықтан ол «Элтон пирамидасы» деп аталады.

Экологиялық пирамиданың негізгі 3 типі бар(8 слайд)

1)сандық пирамидасы - организмдердің жеке сандық көрсеткіштерін айқындайды;

2)биомасса пирамидасы - белгілі бір көлем мен уақыттағы жалпы құрғақ салмақты анықтайды;

3)энергиялық пирамида - энергия ағынының қуатын немесе «өнімділікті» анықтайды «Ой қозғау»бөлімі.(3мин)

Оқушылар тақырыпты терең түсіну үшін кестемен жұмыс жасау, 3- зертханалық жұмысты орындау тапсырмалары берілді.(Дайын парақшалар таратылып, жауаптары соған жазылды).12,13,14-ші слайдтарда берілген суреттерді пайдалана отырып, организмдердің тіршілік әрекеттерін түсіну.

«Сергіту» бөлімі.(6мин) Әр топқа «табиғатпен тілдесу»үндеуіне ат салысуға шақырдым. Онда І-топқа «Тасбақа дауылы» ұғымын, ІІ- топқа «Құралайдың салқыны»ұғымын, ІІІ- топқа «Қырық күн шілде» ұғымын түсіндіруге тапсырма берілді.Суреттерін салуға да болатыны ескертілді.

«Білгенге маржан» бөлімі.( Оқушылар бұл бөлімде слайдтан экологиялық кеңестер туралы мәлімет алды.)

Экологиялық кеңестер:

1.Егер судың құрамында алюминий тұздары кездессе судың дәмі - тәтті, ал магний тұздары - ащы, кальций сульфаты мен магний суға кермек дәмін береді.

2.Ауа құрамында сарымсақ иісі сезілсе - нитробензол, тәтті иіс - ментол, күйген иіс - метилбензоат, қышқыл иіс - сірке қышқылы

3.Таңқурай мен алманы қатар ексе, таңқурай шірімейді, алма құрт түспейді

4.Бұршақ тұқымдас өсімдіктерінің орнына астық тұқымдастарын ексе, мол өнім береді. Себебі, бұршақ тұқымдас өсімдік топырағында түйнек бактериялары мол

5.Ауа ластанса, қына өсімдіктері қурайды

6.Адам организмінде 2 кг-ға жуық микроағзалар тіршілік етеді.

Табиғи зат айналымның негізгі көзі фотосинтез процесінен бастау алады. Күн энергиясы биогеоценозда үнемі әрекет етеді. Күн энергиясының зат айналымынан ерекшелігі - ол үнемі жұмсалып отырады. Ал зат айналымы тек бір деңгейден екінші деңгейге ауысатыны белгілі.

Биоценоздағы тәуліктік, маусымдық ауытқулар бірте-бірте бірлестіктерді толық өзгертуі мүмкін. Осылайша биоценоздардың ауысуын экологиялық сукцессия процесі дейді. Әрине, сукцессия процесі көптеген факторларға байланысты ұзақ мерзімде немесе қысқа уақыт ішінде жүзеге асуы мүмкін. Соның нәтижесінде жер бетіндегі биоценоздар жойылып, орнына жаңалары пайда болады. Мысалы, Қазақстандағы Арал өңірінің биоценоз саласының өзгеруін атап өтуге болады. Қазір бұрынғы ылғалды мезобиоценоздардың орнына құрғақсүйгіш өсімдіктерден тұратын биоценоздар түзіледі. Ал кейбір теңізге жақын жерлер таза құмдар мен шөлдерге, тақыр жерлерге айналды.Сондықтан сукцессия процесі белгілі бір шарттарға байланысты болады. Ол заңдылықты көрнекті эколог Ю.Одум зерттей келе, оның 4 түрін көрсетті: 1)сукцессия кезінде өсімдіктер мен жануарлардың түрлік құрамы үздіксіз өзгереді; 2)сукцессия барысында органикалық заттардың биомассасы ұлғайып отырады; 3)сукцессия кезінде организмнің алуан түрлілігі көбейе түседі. Оған себеп - биоценоздардың жіктеліп, ұсақтанып кетуінің нәтижесінде организмдерге қолайлы экологиялық ортаның тууы; 4)сукцессия кезінде таза биологиялық өнімділік күрт азая бастайды.

Табиғат - адамға қажет, баға жетпес байлық.Ол - ырыс пен мол қазынаның қайнар көзі. Сондықтан, халқымыз «Табиғат - адамзаттың өмір нәрі, қажеттінің табылар содан бәрі», деп дәріптеген. Табиғат - адам бойына адамгершілік абзал қасиеттерді қалыптастыратын ұлағатты ұстаз, тәлімі мол тәрбиеші.(17-20 слайд)

Сабақты бекіту мақсатында тест сұрақтары берілді.

1.Екінші реттік консументтерді көрсетіңіз

А)автотрофты; ә)өсімдікқоректі жануарлар; б)етқоректі жануарлар

2.Биогеоценоздың агроценоздан айырмашылығы:

А)қосымша энергия көздерінсіз күн энергиясын пайдалануы;

Ә)жасанды сұрыптау әрекеті; б)қоректік элементтердің бір бөлігін жоғалтуында

3.Көмірқышқыл газы сіңіріліп, көмірсуға ненің көмегімен айналады?

А)редуценттермен; ә)консументтермен; б)продуценттермен

4.Ағзалардың ұқсас тағамдарды пайдалана отырып, бір-бірін жоюы:

А)арамтамақтық; ә)жыртқыштық; б)бәсекелестік

5.Жер шарында тек бір жерде ғана тіршілік ететін ағзалар қалай аталады?

А)сапрофиттер; ә)эндемиктер; б)автотрофтар

6.Бірінші реттік консументтер -

А)өсімдіктер; ә)етқоректі жануарлар; б)өсімдікқоректі жануарлар

7.Өнімділігі төмен экожүйе -

А)дала жайылымы; ә)қайыңды орман; б)тайга

8.Барлық биогеоценоздардың жиынтығы:

А)жасуша; ә)биосфера; б)экожүйе

9.Биотикалық факторға жатады -

А)жыртқыштық; ә)қысым; б)жарық, температура

10.Ағза өлгеннен кейін ақуыздар бактериялардың әсерінен айналады:

А)аммиакка; ә)өсімдіктердің ақуызына; б)ауадағы азотқа

11.Органикалық қалдықтарды ыдыратушылар:

А)екінші реттік консументтер; ә)редуценттер; б)продуценттер

12.Түрдің төзімділік шекарасынан шығып кететін фактор -

А)мутагендік фактор; ә)шектеуші фактор; б)температуралық фактор

13.Шөлдегі шектеуші фактор:

А)атмосфералық қысымның жоғарылауы; ә)оттегі еонцентрациясы; б)ылғалдың жеткіліксіздігі

14.Неғұрлым өнімді жүйе -

А)тропикалық орман; ә)қайыңды орман б)дала жайылымы

15.Ағзалардың өлігін ыдыратып, неорганикалық заттарға ыдыратындар:

А)продуценттер; ә)редуценттер; б)консументтер

Сабақ барысында әр топ өздеріне таратылған « бағалау» парақтарына баға қойып отырды. сабақ соңында оқушылар жаңа тақырып бойынша өз ойларын ортаға салды.Бағалау парақшасын топ басшылары жинап мұғалімге тапсырады. Мұғалім оқушылардың берген бағасымен санаса отырып, өз бағасын қояды. Сабақ берудің бұл әдісі оқушыларды ұйымшылдыққа, сыни тұрғыдан ойлап, өз пікірлерін ортаға ашық сала білуге ,бірін-бірі сыйлауға, өзгенің пікірімен санасуға, шығармашылықпен айналысуға тәрбиелейді.

Пайдаланылған әдебиеттер:

Биология, 9-сынып.авт Ж.Шілдебаев, Ж.Қожантаева, Л.Аманжолова

Биология,11-сынып.авт Р.Сәтімбеков, Р.Әлімқұлова, Ж.Шілдебаев

Тіршіліктану,10-11 сынып.авт Т.Қасымбаева, Л.Аманжолова, Ж.Әкімов, Р.Сәтімбекұлы

Биология және салауаттық негізі,2008ж.

Биология және салауаттық негізі,2011ж

Биология,2011ж

Шың «Биология»,2010ж

Экология негіздері, 2011ж




© 2010-2022