Курсовая работа на тему Кенелер

Раздел Биология
Класс 7 класс
Тип Научные работы
Автор
Дата
Формат doc
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Кенелер. Ауыл шаруашылығының зиянкестері

Кенелер - өрмекшітектестерге жататын ұсақ жәндіктер. Олар топырақта, орман төсемінде, әр түрлі ұяларда, індерде, өсімдіктерде, тұщы суларда, теңіздерде тіршілік етеді. Сондай-ақ паразиттік жолмен тіршілік ететін кенелердің 20 мыңнан астам түрі бар деп есептеледі. Бұлардың тұрқы 0,05-13 мм шамасынан аспайды. Тек қанға тойған кене мөлшерінің 30 миллиметрге дейін жетуі мүмкін. Көпшілік кенелердің медициналық және малдәрігерлік салада мәні бар. Олар бірқатар қауіпті ауруларды жануарлардан адамға тасымалдауға бейімделген. Сондықтан адам мен үй хайуанаттарын ауруға шалдықтырады.Астық және ұн қорын ысырап етіп, бүлдіретін де кенелер тобы бар. Кейбір кенелердің паразиттік тіршілік ету әсерінен мәдени өсімдіктердің түсімі кемиді. Тіпті өсе алмай қалады. Дегенмен қураған өсімдік қалдықтарын шіріту арқылы топырақ құнарлылығын арттыратын да кенелер болады. Кенелердің сан алуан топтары бар: жайылым кенесі, су кенесі, астық кенесі, қамба кенесі, өрмеккене, берішкене, мамықкене, шашкене.

Кенелердің дене бөлігі - өрмекшілерден өзгеше. Тек қарапайым құрылысты кенелерде ғана болмаса, өзгелерінде үш бөлік: бас, көкірек, құрсақ тұтасып бітіскен. Сондықтан кене денесінен бұл бөліктерді ажырату қиын. Кененің дернәсілі алты аяқты. Ал ересек кенелерде сегіз аяқ болады. Тек берішкене ғана төрт аяқты. Тұтқыаяқтардың негізі біріге келіп, денеге жалғасады. Сөйтіп қимылдайтын ауыз мүшесі түзіледі. Бұл сырттай қарағанда кененің «кішкене басы» тәрізденіп байқалады. Бірақ бұл дененің бас бөлігі болып саналмайды. Кененің ауыз мүшесі қорегіне байланысты түрліше құралады. Қатты затпен қоректенетін кененің аузы - кеміруші, сұйық затпен қоректенетіндердікі шаншып-соруға бейімделеді.

Кене жабынындағы қылтанақтары арқылы сезеді. Терісі немесе демтүтіктері арқылы тыныс алады.Кенелер - дара жынысты жәндіктер, жұмыртқа арқылы, кейбіреуі тірілей туып көбейеді. Кененің дамуы басқа өрмекшітектестерден ерекше. Жұмыртқадан үш жұп аяғы бар дернәсіл пайда болады. Ол жыныс жүйесі жоқ, сегіз аяқты нимфаға айналады. Нимфадан ересек кене шала түрленіп дамиды.Нимфа гректің «нимфе» деген сөзіне негізделеді. Қуыршақ сатысынан өтпей, шала түрленіп дамитын буынаяқтылардың дернәсілі. Мысалы, кенелердің дернәсілі қуыршақсыз түрленіп, ересек кенеге біртіндеп ауысады.

Жайылым кенелері адам терісінде, жабайы жануарлар мен ауыл шаруашылық малдарында паразиттік тіршілік етеді. Кене және оның дернәсілі даму барысында әр түрлі жануарларды иеленеді. Соған байланысты бір иелі, екі иелі және үш иелі кенелер болады. Дернәсіл ересек кене болғанға дейін бір жануарды иемденсе - бір иелі; ал дернәсіл мен нимфа бір жануарда, ересек кене басқа жануарда паразиттік етсе - екі иелі; дернәсіл кезінде бір жануарда, нимфаға айналған соң екінші жануарда және ересек кенеге айналған соң үшінші жануарда паразиттік етсе - үш иелі кенелер тобына жатады. Мысалы, ит кенесі - үш иелі жәндік. Оның дернәсілі қанға тойып алып, жерге түседі, түлейді де нимфаға айналады. Нимфа қорегін басқа жануардан табады. Бұдан соң нимфа ол иесінде тіршілігін тоқтатып, жерге түседі. Жыныстық жүйесі жетіліп, ересек кенеге айналады. Ересек кене тағы бір жануарға жабысады. Сөйтіп кене даму барысында үш жануарды иемденеді.

Тайга кенесі адамға ең қауіпті ауру - энцефалитті (ми ауруы) жұқтырады Табиғатта тайга кенесі әр түрлі жануарлардың денесінде орнығады. Сорған қаны арқылы бір жануардан екінші жануарға энцефалит қоздырғышын таратады. Бірақ бұдан жануар ауырмайды. Осылай табиғатта ауру қордасы пайда болады. Кене энцефалитінің вирусы - тасымалдаушы жәндік арқылы таралатын қоздырғыш. Кене дернәсілі, нимфасы және ересек түрі белгілі бір аумақта бір жануарлардан екінші жануарларға ұзақ уақыт айналымда болады. Жұқпа қоздырғышы сақталатын осындай аумақ қандай болса да, бір аурудың табиғи қордасы деп аталады.

Тасымалданатын аурулардың табиғи қордасы туралы теорияны академик Евгений Никанорович Павловский және оның шәкірттері жасады. Қазақстанда бұл салада академик Илларион Григорьевич Галузо (және профессор М. М. Ременцова) көп үлес қосты.

Адам үшін қышыма кене - өте қауіпті жәндік (140-сурет). Оның мөлшері 0,2-0,5 миллиметрден аспайды. Сондықтан ұлғайтқыш әйнек арқылы ғана толық көруге болады. Қышыма кене адамның терісіне еніп, денені қышытады. Бұл құбылыс оның түлеген кездегі қабыршақтары мен бөлінді заттарының денеге сіңуінен болады. Қышыма кене мал денесін де жайлап, адамға көбінесе жылқыдан жұғады. Қышыма кененің әрекетінен денеде қотыр пайда болады.Адам немесе мал қотырдан мазасызданып, арып-талып, әлсірейді.

Қотырды денеге дәрі-дәрмек жағу арқылы емдейді. Малдардың қотырын емдегенде ерекше газ камерасына ұстайды. Бұл үшін малдың басын далада қалдырып, мойнынан қатты қысып тұратындай тетік жасайды. Ал паразитті өлтіретін улы затпен ыстайды.Ауыл шаруашылық жануарлар мен өсімдіктердің зиянкестері. Кенелер азық-түлік қорын бүлдіріп, ауыл шаруашылығына үлкен зиян келтіреді. Микроскоппен ғана көруге болатын өте ұсақ кенелер (қамба, сүтсірне кенесі) азық-түлікті орынсыз ысырапқа ұшыратады. Әсіресе қамба кенесінің зияны қисапсыз. Ол қамба ылғалданған да өте тез көбейеді. Сөйтіп астық пен ұнды жеп, оны шірік иісті сұр затқа айналдырады.

Мамықкенелер құстардың денесінде мекендеп, әкаяқ (әсіресе тауыққа) ауруын туғызады. Мұндайда сирақтағы қабыршақтар қопсып, аяқта ақшыл томпақтар түзіледі де, ұлпа тіршілігін жояды. Сөйтіп, тауық саусағын қимылдата алмай, ақыры өледі. Бұл ауруды ақшыл томпақтарға қарамай немесе креолин жағып емдеуге болады.

Үй хайуанаттары тері кенелерінен де зардап шегеді. Бұлар - қышыма кенеден ірірек - 1 мм шамасындағы жәндіктер. Кене теріге жабысып алады. Ол малдың қанын сорғанда, жануар тынышсызданып, оның терісі қабынады, қотырға айналады. «Қотырды қаси берсең - қаны шығар. Киімді қаға берсең - шаңы шығар» демекші, терінің жүні түседі. Содан мал азып, титықтайды. Тері кенесінен құтқару үшін қойдың жүнін қырыққаннан соң креолинді суға тоғытады. «Қансигек» ауруы еліміздегі мал шаруашылығына орасан зор зиян келтіреді. Мысалы, Алматы, Жамбыл, Шымкент облыстарында осы аурудың зардабынан малдардың 80 пайызы шығынға ұшырайды. Аурудың ғылыми атауы - пироплазмоз. Ауру белгілері: малдың дене температурасы 41-42°С-ге дейін көтеріліп, тынышсызданады; жүректің және асқазан жолы бұзылып, қан аралас зәр шығарады, мал әлсіреп, ариды. Ауруды тасымалдаушы - жайылым кенесінің нәзікбас кене деген түрі.

Алма кенесі - тұрқы бір миллиметрге жетер-жетпес ұсақ жәндік. Ол алма, алхоры, шие, кейде алмұрт ағаштарына зиян келтіреді. Ұрықтанған кененің аналығы ағаш қабығының астында қыстайды. Сәуір айында қоректенуге шығады. Бүршік жарып келе жатқан жапырақтар мен қоректеніп, соған жұмыртқалайды. Алма кенесі жаз бойы 7-9 рет ұрпақ береді. Бұларды жеміс ағашы гүлдеп болған соң және жапырақта 2-4 дара кене байқалған жағдайда дәрілеу арқылы жоюға болады.

Мәдени өсімдіктер зиянкестерінің бірі - өрмеккене. Мөлшері 0,2-1,0 миллиметрден аспайтын кішкене кенелердің тұтқы аяқтарында өрмек бездері болады. Бұлар бақ, бау, қозалы және жылыхана өсімдіктеріне орасан зор зиян келтіреді. Кенелер өсімдік жапырағынан шырын сорады. Сондықтан өсімдік өніп-өсе алмайды. Сөйтіп, әлсізденген өсімдік солады. Ұрықтанған аналық кенелер қыркүйек - қараша айларында қыстамаға жатады. Олар ағаш немесе өсімдік бүрі жапырақ жайғанда қыстаған орындарынан шығады. Алма кенелері сияқты бұларға да қарсы күрес шарасы жүргізіледі.

Ауыл шаруашылығы дақылдарының «зиянкестері», жұқпалы ауруларды тудырушылар, адам және жануарлар паразиттері. Олармен күрес жүргізудің қолайлы және қолайсыз әдістері. Ауыл шаруашылығы жануарларына бөгелек және сона паразиттік әрекет етіп, зиян келтіреді. Дернәсілдерінің даму ерекшеліктеріне қарай, бөгелектердің әр түрлі аталатынын білуге тиістіміз. Егер дернәсіл сиырдың терісінде дамитын болса, ол оқыра болып саналады. Оқыраның ересек күйінде аузы жетілмегендіктен, қоректену мүмкіндігі болмайды.Егер дернәсіл жылқының және есектің қарнында дамыса, бұл бөгелек деп аталады. Ал қойдың кеңсірігінде дамыса - осқырма деген атауға ие болады. Оқыраның дернәсілі сиыр жүніндегі жұмыртқадан дамып, теріге енеді. Одан әрі сонда паразиттік жолмен тіршілігін жалғастырады. Осқырманың дернәсілі қойдың кеңсірігінде дамиды. Дернәсілдің мазалауынан қой оттыға алмай, ауруға ұшырайды. Жылқы және есек тістелеп, қасынған кезде жүніндегі бөгелектің жұмыртқасын жұтады.

Қарын қабырғасына бекінген дернәсілдер қарынның сілемейлі қабықшасын қабындырады. Дернәсілдер одан әрі жылқы мен есектің тезегімен бірге топыраққа түседі. Дернәсілдер сонда қуыршаққа айналады.

Сона - қан сорғыш жәндік. Ол жануарларды шағып, тынышсыздандырумен бірге ірі малда қарасан ауруын таратады.

Бөртпе сүзекті адамға таратушы нағыз паразит - бит. Бүрге бөртпе сүзекті де, оба ауруын да таратады. Бұлардан сақтандыру шараларын ұйымдастыру - медицинаның басты міндеті.Зиянды бунақденелілерге қарсы күрес шаралары дұрыс ұйымдастырылса, астықтан мол түсім алуды, адам денсаулығын сақтап қалуды тәртіпке келтіруге болады. Паразит және ауру тарататын, сондай-ақ басқа да зиянды бунақденелілердің әрқайсысының биологиясын жете білу керек. Сонда ғана қолданылатын шараның нәтижелі болады. Оларға қарсы қолданылатын күрес әдістері әр түрлі болады. Ауыл шаруашылығы зиянкестеріне қарсы күрес шараларына қатысты іс жүзінде қолданылып жүрген әдістерді былай топтастыруға болады.

Диқаншылық мәдениетін көтеру арқылы жүргізілетін шаралар. Зиянкестердің таралуына және қауырт көбеюіне мүмкіндік бермей, олардың алдын алу - негізгі әдістердің бірі. Зиянкес жәндіктер арамшөптерде орнығып, өте тез көбейеді де соңынан мәдени өсімдіктерге ауысады. Демек арамшөптерді отау - зиянкестердің жолын кесудің тиімді әдісі. Көлемі шағын жерлерде арамшөпті қолмен жұлуға болады. Бірақ өте көлемді жерлерде бұлай жасау қолайсыз. Сондықтан зиянды бунақденелілерден құтылудың негізгі әдісі - жерді өңдеу. Топырақ агротехникалық талаптарға сай өңделсе, арамшөптер өспейтін болады. Соның нәтижесінде топырақты қопсытып, оның астында қыстайтын бунақденелілерді жер бетіне шығаруға да мүмкіндік туады. Зиянды бунақденелілер қопсытылған топырақпен жер бетіне шығып қалғанда, оларды құстар жеп құртады. Олар күн сәулесінің әсерінен де қырылады. Қандалалар отрядына жататын қасақы жалпайма (вредная черепашка) бидайға зақым келтіреді. Толық пісіп жетілмеген дәнді қорегіне жаратады. Ересек қасақы жалпайма ормандағы түскен жапырақтардың астында қыстап шығады. Көктемде егістікке ұшып келіп, бидай жапырақтарына жұмыртқа салады. Жұмыртқадан шыққан дернәсілдер де, ересектері тәрізді бидай дәнін қорек етеді. Қант қызылшасының бізтұмсығы, пияз және орамжапырақ шыбындары жұмыртқаларын топыраққа салады.

Кейде егін егу мерзімін өзгерту де әсерлі болып табылады. Ең тиімдісі - зиянды бунақденелілерге төтеп беретін мәдени өсімдіктердің жаңа іріктемелерін шығару.Жеміс бағында және орман ағаштарында тіршілік ететін бунақденелілер де бар. Олар - зиянкес (бітелер, алма гүлжегісі мен жемісжегілері) жәндіктер.

Адамға ауру жұқтыратын паразиттерден (бит, қандала, бүрге) құтылу жолы - жеке басты және тұрғынжайды таза ұстау.Зиянкестерге қарсы күрес шараларының биологиялық әдістері. Ауыл шаруашылығына зиян келтіретін бунақденелілердің табиғи жау түрлері де (трихограмма, теленомус) бар. Соларды зиянкестерге қарсы пайдалану биологиялық әдіс деп аталады. Трихограмма және теленомус жұмыртқаларын басқа бунақденелі жұмыртқасына салады. Олардың ұрпағы сонда дамиды. Трихограмма - көбелектердің 80 түрінің жұмыртқасына, ал теленомус қасақы жалпаймасының жұмыртқасына жұмыртқалайды. Сөйтіп зиянды бунақденелілердің дамуына кедергі

Зиянкестерге қарсы күрес шараларының химиялық әдістері. Зиянды бунақденелілерді химиялық дәрі-дәрмектермен де жоюға болады. Ондай улы заттар инсектицид деп аталады. Мұндай улы заттар бунақденелілер денесіне сырттай да, іштей де әсер етеді.


© 2010-2022