• Преподавателю
  • Биология
  • Статья по химии и биологии на тему: Химия және биологи пәндерін оқытуда ұлттық педагогиканы қолдану

Статья по химии и биологии на тему: Химия және биологи пәндерін оқытуда ұлттық педагогиканы қолдану

Раздел Биология
Класс -
Тип Статьи
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Химия және биология пәндерін оқытуда ұлттық педагогиканы қолдану

Темерханова Б.А.,

химия және биология пәні

оқытушысы ШҚОББ «Глубокое

техникалық колледжі» КММ

Соңғы кездері ұлттық салт -дәстүріміздің ұмыт болып бара жатқаны барлығына аян. Келе жатқан жас ұрпақты айтпағанда аға буын өкілдерінің де дәстүр мен ұлттық санадан ада екені қынжылтады. Оның себебі де бар. Жетпіс жылдық коммунизм сан ғасырлар бойы жинаған тәжірибе мен қалыптасқан санамызды жоққа шығарды. Дегенмен, өткенге өкініш жоқ, біз болашақты ойлауға тиіспіз. Елбасымыз, Н.Ә. Назарбаев айтқандай болашақ- ол жастар. Ал жастар тәрбиесі отбасынан, қала берді балабақша мен мектептен басталатыны белгілі.

Ұлттық сана- сезімді жас ұрпақтың бойына сіңіруде химия және биология пәндерінің мүмкіншілігі өте зор. Біздің қызығушылығымызды тудырып отырған химия және биология пәндерінде ұлттық педагогика элементтерін қолдану таптырмас мүмкіндік. Себебі бізді қоршаған тірі мен өлі заттардың барлығы химиялық элементтерден тұрса, онда орын алатын құбылыстар биологиялық және химиялық реакциялар мен заңдылықтардан тұрады.

Оқушының берілген тақырыпты жеңіл қабылдауына және пәнге деген сүйіспеншілігін арттыруда дәстүрлі емес оқыту жүйесінің орны ерекше. Әсіресе, төменгі сынып оқушылары үшін сабақты жадында сақтау ғылыми терминдермен жазылған оқулық тіліне қарағанда сол терминдердің қолданыстағы түсінікті әрі қарапайым тілмен жеткізілген материал түрінде болса оңайға соғатыны белгілі. Сонымен қатар сабақ түсіндірудің бұл әдісі оқушының пәнге деген қызығушылығын арттырады. Себебі, жас сана әр нәрсені тез қабылдағыш, еліктегіш және қарапайым заттың ғылыми түсінігіне құмар болып келеді. Бұл айтылғандарды жүзеге асырудың ең тиімді жолы- сыныптан тыс жұмыстар, сабақтар, қосымшалар.

Ұлттық педагогика элементтерін химия және биология пәндерімен байланыстыруда халық ауыз әдебиетінің, дәстүрлі медицинаның, ұлттық тағамдар мен қолөнер салаларының мүмкіндіктері зор. Бұл салаларды халықтың тыныс- тіршілігі мен салт- дәстүрлерінен мол мағлұмат беретін ұлттық тәрбиенің кешені деуге болады.

Ал ендеше жоғарыда айтылған деректер мен теориялық материалды практикада қолданған кейбір нақты мысалдарымызбен толықтырып, берілген кейбір мүмкіндіктердің кейбіріне тоқталып өтсек. Мәселен, химияны алғаш оқитын сынып- 8 сыныптар. «Тұздар» тақырыбын өткенде қосымша ретінде оқушылармен тұзға байланысты мақал- мәтелдер, ертегі және халық арасында сақталған аңыз- әңгімелерді қарастырдық. Сонымен қатар, тұздың халық медицинасында да алар орны ерекше екенін айқындадық. Мысалы, бала тым аурушаң болса немесе жараланғанда жарасы тез жазылмай, ұзақ жүріп алса, үлкендердің «тұзға дұрыс піспепсің» немесе «тұзға дұрыс түспепті» деген сөздерін естуге болады. Енді оның мәнін түсіндірсек, ас тұзының 1 %- дық ерітіндісін физиологиялық ерітінді деп атап, медицинада оны адам қансырағанда және дене мүшелерінің кілегейлі қабаттарындағы микроағзаларды жою үшін қолданады. Мұны ертеден білген ата- бабамыз бала тері ауруларына ұшырамас үшін және терінің төзімділігін арттыру үшін жас нәрестені «40 шелпегіне» дейін (яғни 40 күн бойы) тұзды суға шомылдырған.

Сонымен қатар, тағам әзірлеуде етті, майды, құртты ұзақ мерзімге сақтау үшін тұздап сақтау әдістерін қолданған. Оқушылар үшін бұл мәліметтерді жинау, үлкендерден сұрап білу әрі қызық, әрі пайдалы болды. Осы типтес сабақтарды 9- сыныпта күкірттер, қышқылдар және металдар тақырыптарына арнауға болады. «Металдар» тақырыбында қолөнершілердің және шеберлердің металл өңдеу, бұйымдар жасауда қолданған технологиялары оқушылар арасында үлкен қызығушылыққа ие болды. Оның бір себебі ретінде тарих пәнімен байланыстылығын да айтса болады. Тарихтан белгілі археологиялық ескерткіштер негізінде өткен бұл сабақ әрі танымды, әрі пайдалы болды. Қазіргідей жоғары технологиялар болмаса да аса шеберлікпен жасалған бұл экспонаттар (мәселен, «Алтын адам», диадема, мыстан, темірден жасалған еңбек құралдары т.б.) халқымыздың металл игеруде құпияларды ерте кезден білгендігінің дәлелі.

Биология пәні бойынша микроағзаларды оқу барысында халқымыздың ертеден- ақ олар білгендігін байқадық және соның дәлелдерін іздестірдік. Мысалы, ата- бабаларымыз ертеден мал шаруашылығымен айналысқандықтан ең ауқымды талқылауға ие болған сүт қышқылы бактериялары болды. Қазіргі таңда сүтқышқылы бактерияларының адам ағзасына пайдалы екендігі және имунитетті көтеретін қасиеті бар екені ғылыми дәлелденген. Ал біздің бабаларымыз бұны ертеден- ақ білгендігін байқауға болады. Оның дәлелі ретінде халық қолданысындағы қымыз, айран, құрт, іркіт сияқты ұлттық тағамдардың көптен қолданылғандығын айтуға болады. Сонымен қатар қымыздың мың да бір ем екенін білген халқымыз оны ем ретінде де, профилактика ретінде де кеңінен қолданған. Оны біз атақты ғұлама Шоқан Уәлиханов құрт ауруына (туберкулез) шалдыққанда еліне қайтып келіп қымызбен емделгендігін де байқасақ болады. Сонымен қатар ұлттық бұйымдардың көбі қайыстан және иленген теріден жасалғандығын ескере отырып, оның жасалу технологиясына да осы сүтқышқылы бактерияларының қатысы бар екенін анықтадық (теріні илеу барысы). Осылайша оқушылар бұл тақырыпты тек теориялық тұрғыдан ғане емес практикада қолданылуын да аса бір қызығушылықпен меңгеріп шықты.

«Өсімдіктер» тақырыбы бойынша халықтық медицинада қолданылатын дәрілік шөптердің қасиеттері мен құрылысына, қолданылуына жеке тоқталып өттік. Ал, адам генетикасын өткенде халқымыздың атадан- балаға беріліп келе жатқан ертегі- аңыздары мен мақал- мәтелдерінің рөлі ерекше болды. Себебі ген арқылы ұрпаққа тұқым қуалау ауруларының, тектілік қасиеттерінің және мінез- құлықтың да берілетіндігін халқымыз ертеден байқап, білген. Жеті атаға жетпей жастардың бас қосуына тыйым салғандығы бабаларымыздың генеологияны жетік білгендігінің дәлелі. Сонымен қатар ел аузына «тұқымына тартты», «баланың жақсы болмағы нағашыдан», «алтынның сынығы» тәрізді тіркестердің де тегін айтылмағандағы анық.

Ұлттық педагогиканың элементтерін пайдалана отырып сабақ жүргізудің әдістері мен тақырыптары сан алуан. Біз тек жалпылама кейбір мысалдарды сіздерге жеткізуге тырыстық. Әрине, бұл типтес сабақ өткізу көп ізденушілік пен еңбекті талап етеді, бірақ бұл ұлттық тәрбиені ұрпақ санасына жеткізудегі тиімді жол. Біздің байқағанымыз, осы типті дәстүрлі емес сабақ жүргізу оқушы бойындағы ізденішілік, еңбекқорлық, отансүйгіштік және шығармашылық ойлау сияқты қасиеттерін жетілдірудегі «катализатор» іспетті әрекет етеді.

Қиыны мен қызығы мол ұстаз мамандығында тек теорияның құрсауында болмай, оны халық арасындағы кең қолданысқа ие практикамен ұштастыра білейік әріптестер! Себебі «Ұстаздық еткен жалықпас , үйретуден балаға»



© 2010-2022